Украинадағы сайлау: Экзит-полдың алғашқы нәтижесі жарияланды (фото)

573
0
Бөлісу:

Украинада президенттік сайлауға дауыс беру толықтай аяқталды. Қазір елдегі барлық сайлау участкелері жабылған.

Ұлттық экзит-пол дауыс берудің алғашқы нәтижелерін де жариялады. Оның қорытындысы бойынша, Владимир Зеленский 30,4 пайызбен көш бастап келе жатыр. Екінші орында 17,8 пайызбен Петр Порошенко. Ал Юлия Тимошенкода 14,2 пайыз.

Өзге кандидаттардың нәтижесі мынадай:

Юрий Бойко – 9,8%

Анатолий Гриценко – 7,1%

Игорь Смешко – 6,4%

Олег Ляшко – 4,8%

Александр Вилкул – 4%

Руслан Кошулинский -1,8%.

«Социс» экзит-пол мәліметі бойынша Зеленский – 29,25 пайыз, Петр Порошенко 19,19 пайыз, ал Юлия Тимошенко 13,75 пайыз.

Владимир Зеленский экзит-пол нәтижесіне қатысты пікір білдірді.

«Бұл үлкен жеңіске жасалған қадам. Шынайы дауыс берген барша украиндықтарға алғыс айтамын. Экзит-пол көп, жеңімпаз – біреу» деді ол.

«Батькивщина» партиясының лидері Юлия Тимошенко болса, экзит-пол нәтижелерімен келіспейтінін мәлімдеді.

«Экзит-полда Петр Порошенконың екінші орында тұрғанына аң-таңбыз. Біздің бағалауымыз мына нәтижелерге сәйкес келмейді. Біздің команда да жалпы қамтылған экзит-пол жүргізді» дейді Тимошенко.

Олардың бағалауынша нәтижелер былай түзілуі тиіс:

Владимир Зеленский – 27%

Юлия Тимошенко – 20,9%

Петр Порошенко -17,5%.

Брифинг жасаған Петр Порошенко сайлаудың алғашқы нәтижелеріне байланысты пікір білдірді.

«39 кандидатты ажырата біліп, екінші турды күтпей-ақ қазірдің өзінде Украинаның Еуропалық одақ пен НАТО-ға мүше болуын қолдаған және РФ-дан біржола тәуелсіздік алуымызға ниеттес сайлаушыларға алғыс айтамын. Екінші турда ондай адамдардың саны арта түседі деп үміттенемін.

Бұл әлі жеңіс емес, бірақ жеңіске жасалған үлкен қадам.

Ешқандай эйфорияны сезінбеймін. Қоғамның билікке білдіріп отырған сигналын түсінемін. Бұл қатемен жұмыс істеуге берілген мүмкіндік. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Мен өз жұмысымда рейтингке артықшылық берген емеспін.

Ертеңгі күннен бастап екінші турда жеңіске жету үшін күресті бастаймын» деді Порошенко.

Фото: Reuters

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: