Украина президенттігіне басты үміткерлер өз таңдауларын жасады. Олар не айтты? (видео)

735
0
Бөлісу:

Киевте президенттікке басты кандидаттар Владимир Зеленский мен қазіргі президент Петр Порошенко сайлау участкелеріне келіп, өз дауыстарын берді.

Зеленский жергілікті уақыт бойынша сағат 11:05-те келіп, дауыс берген. Оны күтіп алуға жиналған журналистердің көптігі сонша Зелинскийдің дауыс беру процесі әрең жүзеге асқан. Сыртқа шыққаннан кейін де оны қаумалаған көпшілік бірден жібере қоймай пікірін сұраған. Тіпті айнала қоршаған күйі кандидаттың көлігіне дейін барған. Бірақ ол көлік Зеленскийдікі болмай шығыпты. Ал актердің өзі «президент болуға өте лайық адамға дауыс бердім» деп пікір білдірген.

Журналистерге сұхбат берген Зеленский президент болып сайлана қалса не істейтініне дейін айтты.

«Сіздерге шынымды айтайын, мені көбірек толғандыратыны елдегі жағдайлар. Бұған өзге мемлекеттердегі әріптестерім ренжімесін. Алғашқы сапарымды облыстардан бастап, Украинадағы шынайы проблемаларды шешуге кірісер едім. Әрине, жаһандық проблемаларды бәріміз жақсы білеміз. Бірақ түйінді сауалдар өзімізде де көп. Халықаралық іссапарларды кейін көре жатармыз» деді ол.

Ол сондай-ақ президенттік лауазымға қол жеткізер болса Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвилиді елге қайтаратынын да жария етті. Зеленскийдің айтуынша, ондай маман қай президентке болмасын пайдалы.

Сондай-ақ Жоғарғы раданың төрағасы Андрей Парубий де өз таңдауын жасады.

«Президент – елдің бас қолбасшысы. Сол себепті, бүгін сайлауға келу, дауыс беруге қатысу өте маңызды. Бұл – ресейлік агрессорларға қарсы күн сайын үлкен қажыр-қайратпен төтеп беріп жатқан біздің жауынгерлердің күресі секілді оқиға. Біз Ресейдің Украинадағы сайлауға қалай әсер еткісі келетінін білеміз. Сондықтан бүгін Украина үшін, Украинаның жеңісі үшін дауыс беру қажет. Бүгін біздің әрбір бюллетеніміз – бұл біздің оқ, біздің қорғаныш, бұл – агрессорға берілген соққы» деді Парубий.

Сағат 12:18-д Петр Порошенко да Офицерлер үйінде орналасқан сайлау участкесіне келіп дауыс берді. Порошенко өзімен бірге әйелін, балаларын, немерелерін ертіп келген. «Украинаның жеңісін күтемін. Және өзімнің» деген ол журналистерге берген сұхбатында.

Жалпы, ел астанасында 13 округтік және 1105 участкелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр. 6000-ға жуық полиция қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысуда. 8 участке кешігіп ашылған. Киевтің әрбір аумағында кемі екі полицей қауіпсіздікті қадағалауда.

Украинаның екінші президенті Леонид Кучма да сайлауға қатысты. Ол әйелімен бірге келіп дауыс берді.  Еске салсақ, ол 1992-1993 премьер-министр қызметін атқарса, 1994-2005 жылдар аралығында, яғни 10 жыл мемлекет басшысы болды.

Сағат 12:06 шамасында Киевте сайлау участкесіне келген жүкті әйел босанып қалды.

Ал президенттікке кандидат Анатолий Гриценконың әйелі өз таңдауын жасай алмады. Оның аты-жөні сайлаушылардың тізімінде жоқ болып шыққан.

Еске салсақ, осыған дейін кандидат Юлия Тимошенконың дауыс бергенін жазып, оның сұхбатын да жария еткен болатынбыз.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: