Украинадағы сайлау: Кандидаттар дауыс бере бастады (фото, видео)

425
0
Бөлісу:

Таңғы 8-ден бастап Украинадағы барлық сайлау участкелері ашылып, жұмыстарын бастады. Алғашқылардың бірі болып дауыс бергендердің қатарында – Киев мэрі Виталий Кличко да бар.

Ол таңғы сағат 8:15-те спорттық костюмді киіп келіп дауыс берген.

Президенттікке кандидаттардың бірі Юрий Бойко да таңғы 8:34-те Иванковичи ауылындағы сайлау участкесіне келіп дауыс берген.

Сағат 9:22-де радикалды партияның лидері, президенттікке үміткер Олег Ляшко зайыбымен бірге дауыс беруге келді.

Сағат 10:16-да №100 лицейде (Киев) орналасқан сайлау участкесіне президенттікке кандидат, «Батькивщина» партиясының лидері Юлия Тимошенко күйеуімен бірге келіп дауыс берді. Оны көптеген журналистер күтіп алды.

«Қадірлі достар! Бүгін мен өз командаммен бірге Украина үшін дауыс беруге келдім. Мен біздің мықты, дамыған, еуропалық Украинаға айналарымызға сенемін. Бүгіннен бастап біздің еліміздің табыс пен өркендеуге толы жаңа тарихи кезеңі басталады. Жасасын Украина!» деді Тимошенко дауыс беру рәсімінен кейін өз жақтастарының алдында.

Сондай-ақ президенттікке кандидаттардың бірі Александр Вилкул да дауыс беруге келді.

Ұлттық полиция қызметінің мәліметінше, сайлауға қатысты 25 түрлі заң бұзушылық болғаны жайлы ақпар келіп түскен. Олардың ішінде – заңсыз үгіт жүргізу, бюллетенді суретке түсіріп алу, сайлаушыларды сатып алу және бюллетендерді сайлау участкесінен тысқары алып шығу әрекеттері бар.

Елдегі сайлау участкелері таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Биыл Ресей территориясында дауыс беру мүмкін емес. Сондай-ақ осы жолы Ресей елінен бақылаушылар да қатыстырылмайды. Себебі, агрессор мемлекеттің өкілдері елдегі сайлауға әсерін тигізбеуі тиіс деп есептейді Украина. Ал жалпы, Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ел бойынша 199 сайлау округін құрып, 29 888 сайлау участкесін жабдықтаған. Шетелдердегі сайлау бекеттерінің саны – 101.

Оқи отырыңыз – УКРАИНАДАҒЫ САЙЛАУ: КАНДИДАТТАР АРАСЫНДАҒЫ ДАУ

ОСК 2 мың 344 шетелдік және халықаралық ұйымдардан келген өкілдерді тіркеген. Сайлау күні қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 135 мыңнан астам құқық қорғаушы жұмыс істейді.

Жалпы, Украина президентін таңдауға әлемнің 72 еліндегі украиндықтар қатыса алады. Бірақ әр мемлекеттегі мүмкіндік әртүрлі. Мәселен, Австралияда бір елге бір ғана сайлау участкесі қарастырылса, АҚШ-та төрт сайлау бекеті белгіленген.

Соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтарда әскерилер 79 арнайы сайлау участкесін құрған. Олар сол жерде дауыс бере алады (егер мүмкіндік болса).

Оқи отырыңыз – ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ: ЕГЕР БІЗ ЖЕҢЕТІН БОЛСАҚ – БҰЛ ҚЫРЫМДЫ ҚАЙТАРЫП АЛУҒА ДЕГЕН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ БОЛМАҚ

Осы жолғы бюллетен көлемі тәуелсіз Украина тарихындағы рекордтық өлшемге ие. Оның ұзындығы – 80 сантиметр.

Сайлаудың алғашқы нәтижелері Орталық сайлау комиссиясының сайтында 1 сәуірге қараған түні пайда бола бастайды. Бірақ бұл толыққанды емес, небәрі алдын ала мәліметтер ғана. Дауыс берудің толық нәтижесі 10 сәуірге дейін жариялануы тиіс.

Ұлттық экзитпол 19:45-те баспасөз мәслихатын өткізеді. Тура 18:00-дегі дауыс беру нәтижелерін кешкі сағат 20:00-ден кейін хабарлайды. Ал 20:00-дегі жағдайды халық 23:00-ден кейін біле алады.

Егер кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыз +1 дауыс схемасына қол жеткізе алмаса, онда екінші тур болады. Екінші турға ең көп дауыс жинаған екі кандидат өтеді. Екінші тур 21 сәуір күні өтуі тиіс. Ал жаңа президенттің есімі 1 мамыр күні анықталады. Жаңа мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі 31 мамырға дейін өтуі тиіс.

Фото: Reuters © Vasily Fedosenko

Фото: Unian.net Reuters

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: