Владимир Зеленский: Егер біз жеңетін болсақ – бұл Қырымды қайтарып алуға деген алғашқы қадам болмақ

674
0
Бөлісу:

31 наурыз күні Украинада президент сайлауы өтеді. Негізгі үміткер – үшеу. Қазіргі президент Петр Порошенко, экс-премьер Юлия Тимошенко және актер Владимир Зеленский. «СОЦИС» социологиялық сауалнамасының соңғы дерегі бойынша Зеленский бірінші және екінші турдың нәтижесі бойынша өзінің екі басты қарсыласын артта қалдыруға дайын.

Еске салсақ, Зеленский осыған дейін де жүргізілген бірнеше әлеуметтік сауалнамалардың қорытындысы бойынша рейтингтің бірінші сатысына шыққан болатын. Актер және қазіргі президенттікке кандидат азамат туралы халықтың ойы екіге жарылған. Десе де оны қолдаушылардың қарасы қалың. Кандидат кешегі күнге дейін журналистер алдына шығып, ағынан жарылмаған еді. Жақында ғана ол ТСН телеарнасына сұхбат берген.

Зеленскийдің эфирде айтқан ойларының ең өзектілерін бөліп алып, жариялауды жөн деп санадық.

Минск келісімі жайында

Минск келісімі бар. Бәрі аталған келісімді жұмыс істемей тұр деп айтады. Бірақ Минск процесі жалғасуы керек. Оның аясын кеңейтіп, АҚШ пен Ұлыбританиядан өкілдер қосқым келеді. Ал меніңше ең бірінші орындалуы керек нәрсе – ақпараттық соғыс. Донецк пен Луганскідегі оккупацияланған территорияда тұрып жатқан адамдар бізбен байланысты жоғалтуы мүмкін.

Қырым жайында

Егер біз жеңетін болсақ – бұл Қырымды қайтарып алуға деген алғашқы қадам болмақ. Қырымды қайтару мүмкін нәрсе деп есептеймін. Бірақ тек Ресейде билік ауысқаннан кейін ғана.

Инвестициялар жайында

Елдің қазынасын толтыруға жағдай жасайтын бірнеше жол бар. Біріншіден, коррупциямен күресті шынайы жүргізу керек. Біз Линкольн заңын ұсындық. Уақытында бұл заңды Рейган да, Маккейн де қолданған. Біз нөлдік декларация ұсынамыз. Ақша тауып оны жәй ғана жасырып тастаған адамдарға салықтық амнистия жариялауды ұсынамыз. Менің айтып отырғаным – қылмысқа қатысы бар, есірткі саудасымен айналысатын адамдар емес. Кәдімгі қарапайым адамдар. Ол мүмкін – гастербайтерлер, шағын бизнесмендер. Олар құқық қорғау органдарынан қысым көрген. Бұл адамдар кәсібін кеңейтіп, Украина экономикасына ақша құюы керек. Елді инвестициялау қажет. Сонда жұмыс орындары пайда болады. Ақшаңды мемлекеттік банкке сал да, сосын сол жерден бизнесті инвестицияла. Ашыл. 5 пайызын мемлекетке бер.

Сайлау алды кампаниясының құны жайында

Біздің кампанияның құны қазір 70 млн гривен тұрады. Бұл менің, менің компанияластарымның, «Студия квартал 95» ұжымының негізін салушылардың және менің достарымның ақшасы.

«Слуги народа» жайында

«Слуги народа» біздің өміріміздегі барлық саяси жағдайларға дейін жарық көрді. Бұл миллиондаған адамдар сүйіп тамашалайтын әйгілі сериал. Мен мұны насихаттау деп айта алмаймын. Біз өз арманымызда елімізді қалай көргіміз келетінін паш еттік.

Еске салсақ, Украинадағы сайлау кампаниясы 2018 жылы 31 желтоқсанда басталған. Жалпы, сайлауға осы жолы 39 адам қатыспақ. Бұл ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: