Америка Қазақстанның көшбасшылығын таниды

418
0
Бөлісу:

АҚШ Елбасын дана әрі көреген лидер санайды. Бұл туралы Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт державаның елшісі мәлімдеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде алғаш болып, Америка Құрама Штаттарының еліміздегі жаңа Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерден сенім грамотасын қабылдады.

Сенім грамотасын қабылдау рәсімі барысында Қ.Тоқаев Америка елшісін еліміздегі дип­ломатиялық қызметінің ресми түрде басталуымен құттықтады. Сондай-ақ екі жақты қарым-қатынасты нығайту үшін осы оқиғаның маңызын атап өтті.
–Біз Қазақстан мен Америка арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін жоғары бағалай­мыз. Мемлекеттің жаңа басшысы ретінде маған білдірген жылы лебізі үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа ризашылы­ғымды айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Уильям Мозер Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, Елбасы Н.Назарбаевтың былтыр Құрама Штаттарға жасаған сапары тұрғысынан, екі жақты ынтымақтастықтың перспек­ти­валарына ерекше назар аудартты. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Уильям Мозерді Қазақстандағы дип­ломатиялық миссиясының басталуымен тағы да құттықтап, оның жұмысы елдер арасындағы достық пен өзара сенімді одан ары нығайтуға септігін тигізеріне сенім білдірді.
Жеке жүздесуден кейін АҚШ елшісі отандық және шетелдік журналистер алдына шығып, мәлімдеме жасады.
– Жиырма жылдан астам уа­қыт бұрын Американың Қа­зақ­стандағы елшілігінде жұмыс істе­ген болатынмын, бірақ ол ке­з­­­де елшілігіміз Алматыда орна­­ласты. Қазір осы ізгі елге орал­­­ғаныма қуаныштымын. Жиырма жылдан астам уақыт ішін­де Қазақстанның зор жетіс­тіктерге жеткеніне көзім жетіп, көңілім қуанып тұр, – деді ол.
Америка елшісі Нұр-Сұлтан қаласына қатысты да ой-пікірін білдірді.
«Бүгін республиканың жаңа астанасын аралап, көргенімнен ләззат алдым. Бұл шынында да Ел­басыларыңыздың атына лайық қала екен. Ол тамаша ғи­мараттарға толы, заманауи сәулет өнерімен айшықталған бірегей әрі көркем қала ретінде қатты сүйсінтті», – деді У.Мозер.
Елші мырза Елбасының таяу­­да жасаған тарихи қадамына қа­тыс­ты өз елінің ұстанымын жеткізді.
– Біз Қазақстанмен арамыз­дағы кеңейтілген стратегиялық серіктестігімізді қадір тұтамыз. Біз сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы мен батыл қадамын жоғары баға­лаймыз. Н.Назарбаев басшы­лығымен Қазақстан Орталық Азиядағы және халықаралық аренадағы көшбасшыға айналды. Бұл ел әлемдегі шиеленістерді бейбіт шешудің жақтаушысы болып келеді. Оның іс-қимылы Қазақстанды ядролық қарусыз әлем құрудағы жаһандық лидерге айналдыруға бағытталған. Қа­зақстанның бұл міндет­те­мелері біздің әріптестігіміздің негізі болып қала береді. Біз қа­зақ елін тәуелсіздік пен өркендеу жолына түсірген, дана әрі көреген лидер бола білген Елбасыға өз құр­ме­тімізді және ризашылы­ғы­мызды білді­ре­міз, – деп түйді АҚШ елшісі Уильям Мозер.
Осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР елшісі Чжан Сяомен кездесті. Жүздесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасын­дағы қарым-қатынастың қар­қынды дамып келе жатқанына тоқталып, екі ел халқының игі­лігі жолындағы байланыстың одан ары нығая түсеріне сенім білдірді.
Елші Чжан Сяо Қасым-Жомарт Кемелұлын Қазақстан Президенті лауа­зымына кірісуіне байланысты ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтауын жет­кізіп, достық пен страте­гия­лық серіктестік рухындағы екі жақ­ты ынты­мақтастықты да­мыта түсуге күш салатынын айтты.
Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу: