Көпірден секірген өскемендік тірі қалды

563
0
Бөлісу:

Оқиға санаулы секундтар ішінде, көзді ашып-жұмғанша болған. Әуелде бір ер адамның көпірге шығып алып, құлайын деп тұрған сәтін жанынан көлікпен өтіп бара жатқандар байқап қалады. Әсіресе «Казавиаспас» мекемесінің өкілі Александр Кузовниковтың айтуынша, бұл оқиғаны бірнеше адам байқаған. Соның бір куәгері өзі екен.

– Көпірден көлікпен ақырын ғана өтіп бара жатқанда байқағаным, белгісіз бір ер адамның қылықтары шынымен де біртүрлі болып көрінді, – деді Александр Кузовников. – Ол ең алдымен үстіндегі сырт киімдерін шешті. Көпірдің аласа бекінісінен асып сыртқа шықты да, Ертіске қарай секірді. Көпірден көлігіммен жағаға шыға тоқтай қалып, құлаған адамға қарай жүгірдім. Менімен бірге тағы бір жеңіл көлік тоқтап, одан шыққан адамдар да көмек беру үшін менімен қоса жанталаса жүгірді. Бір минут та ойланбастан «112» қызметіне телефон шалдым. Басқа амал қалмады.

Сонымен не керек, 18 метр биіктіктен секірген ер адам құдайдың құдіретімен аман қалыпты. Ертіс өзенінің ағысы сол күні аласапыран болып, желмен күшейген толқын ер адамды жағаға қарай лақтырып тастаған. Жағаға соғылған оны Александр Кузовников тағы бір кісінің көмегімен сүйреп, судан шығарады. Құтқару қызметі келгенге дейін, оған жылы киім беріп, жанын сақтап қалыпты. Суға кетіп, өлгісі келген адам қатты мас екен. Бұны дереу жеткен «Медициналық катастрофа орталығының» қызметкерлері анықтап, оған тыныштандыратын дәрі берген. Оқиға полиция қызметкерлерінің назарына ұсынылды. Олар оның бұндай қадамға не үшін барғанын, кім кінәлі екенін анықтау үстінде.

Раушан Нұғманбекова,
Шығыс Қазақстан облысы.

Бөлісу: