Конор Магрегор UFC-ден кетуге бел буды

434
0
Бөлісу:

Конор Макгрегор спорттан кететінін мәлімдеді. Бұл туралы UFC экс-чемпионы өзінің твиттер парақшасында жазды. 2016 жылы ұқсас мәлімдеме жасап, спорттық карьерасын жалғастырған Макгрегордың бүгінгі жазбасы көпшілікті екіге жарып, желідегі ақпаратты «жалған» деп қабылдағандар табылды. Бұл туралы CNN ақпараттық агенттігі жазды.

Конор Макгрегордың твиттер парақшасына: «Шұғыл мәлімдеме! Мен ресми «аралас жекпе-жек түрлері» деп аталатын спорттан кетуге шешім қабылдадым. Барлық ескі әріптестеріме жарыстарда жеңіс тілеймін. Мен зейнетке шыққан өзге қатарластарымның жанына қосыламын» деп жазды. Твиттер жазбасы Конор Макгрегордың Джимми Фэллонның «The Tonight Show» шоуында берген сұхбатының көрсетілімінен кейін бірер сағаттан соң жарияланды. Сұхбатта Макгрегор «Менің келесі жекпе-жегім шілдеге белгіленуі мүмкін. Не боларын көреміз. Өте көп саясат жүріп жатыр. Бұрын айтқанымдай, жекпе-жек – ақылға сыймайтын ойын, бірақ жанкүйерлеріме «мен дайынмын және бабымдамын» деп айтқым келеді» деген.

UFC Президенті Дэйна Уайт «Макгрегордың орнында болсам, мен де зейнетке шығар едім. Ол жекпе-жектен кеткенімен, жұмысын тастамайды. Ол виски өндірісіне (Конор Макгрегордың Proper No. Twelve. атты ирландиялық виски брэнды бар – ред.) көңіл бөліп, басқа қызықты салаларға назар аударады деп ойлаймын» деді.

2016 жылы Конор Макгрегор «Жастай зейнетке шығамын деп шешім қабылдадым» деп твиттерде жазба қалдырған. Одан кейін жекпе-жекке тағы 3 жылға жуық уақытын арнаған Макгрегордың сөзіне MMA жанкүйерлерінің көбі сенген жоқ. Олар твиттерде «Макгрегордың шаршы алаңға оралмау мүмкіндігі – 0 %», «Макгрегордың кететініне ешкім сенген жоқ. Мен де солардың қатарындамын» деп жазды.

Динара Тілеубек

Бөлісу: