АЗАМАТТЫҚ АЛМАҒАН ОРАЛМАНДАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ ҰЗАРТЫЛДЫ

438
0
Бөлісу:

Қазақстанда тұратын, бірақ әлі азаматтық алмаған оралмандарға «Оралман» мәртебесі ұзартылды. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда этникалық репатрианттардың бейімделуі үшін барлық жағдай жасалған. Оралман мәртебесін алғандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар. ал қалған шетелдіктерге Қазақстанда кемінде 5 жыл тұру талап етіледі.
Сонымен қатар, оралман мәртебесі оны алған күннен бастап бір жыл өткен соң тоқтатылады. Оралман мәртебесін ұзарту оралман мәртебесі тоқтатылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімге өтініш берген кезде жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу мақсаттары үшін ғана көзделеді.
Бірақ, бүгінгі таңда қарастырылған уақыт ішінде жеңілдетілген тәртіппен азаматтығын алмаған оралмандар, қай жағдайдың туындау себептеріне қарамастан, мұндай мүмкіндіктен айырылады. Осы мәселені шешуді сұраған өтініштер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне көптеп келіп жатыр. Осыған байланысты, осы жылдың 16 наурызында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алу үшін оралмандар мәртебесін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған-ды. Енді мәртебесі аяқталған оралмандар оны ұзарту үшін жергілікті атқарушы органдарға және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына жүгіне алады.
Министрлік дерегі бойынша, тәуелсіздік алған сәттен бастап 303 мың отбасы немесе 1 млн 40 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралды және оралман мәртебесін алды, бұл ел халқының 6 пайызын құрайды. Осының арқасында көші-қонның теріс сальдосының деңгейін төмендетіп, демографиялық өсімге қол жеткізілді. Олардың көпшілігі азаматтықты алып, басқа қазақстандықтармен теңдей еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді.

Тұмар МЫРЗА

Бөлісу: