Қазақ баласы Илон Маскқа капсула әзірледі (видео)

621
0
Бөлісу:

 SpaceХ, Hyperloop секілді мега жобалар америкалық кәсіпкер Илон Маскқа тиесілі. Ол Forbes тізіміндегі 54-орында тұр. 2015 жылы SpaceX Калифорнияда арнайы полигон салып, Hyperloop Pod Competition жобасына студенттік команда жинау үшін турнир жариялаған. Міне, Илон Масктың Hyperloop жобасына 21 жастағы қазақ баласы транспорттық капсула әзірлеген. Бұл капсула – құбырлық желі жоғары жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді. Санжар Тайжанның бұл жобасы 1600-ден астам өтініштен 50 үздікке енгенін Forbes журналы жариялаған. Жас ғалымның өзімен хабарласып, осы жайында жазуды жөн көрдік.

Санжардың тегі кім?

Hyperloop Pod Competition жобасының ендігі аралық қорытындысы биыл жарияланады. Бұл кезеңде ең үздік деп танылған 20 жоба іріктеледі. Қызығы, жас ғалым қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның ұлы екен. Тіпті осы жобасы жайында Мұхтар Тайжан Facebook парақшасында бөліскен.

Санжардың айтуынша, 2013 жылы Эшли Вэнстың «Илон Маск: Tesla, SpaceX және таңғажайып болашақ» атты кітабын оқып, инженерияға ықыласы оянған. Содан бастап Илон Маск үлгі тұтар тұлғасына айналған. «Илон Масктың: «Әрқайсымыз өз саламыз бойынша мына әлемге ешкім ойлап таппаған жаңа дүниелерді беруіміз керек» деген сөзі қатты әсер етті», – дейді ол.

Санжар бала күнінен сандарға әуес, есепке епті болып өскен. Сол кездің өзінде-ақ, көшедегі көліктердің нөмірін жаттап алады екен. Мектеп барғаннан бастап, математика мен физикаға ыңғайланады. Тіпті 9-сыныпта Республикалық физика-математика мектебіне оқуға түседі. «Мектеп мақтанышы» деген атпен бітірген соң, Кембридждегі Bellerbys колледжінің A-level бөліміне оқуға түседі. 2016-2017 жылы «Үздік студент» атанады. Сөйтіп, 2017 жылы Ұлыбританияның ең үздің 10 білім ордасының қатарына кіретін Warwick университетіне түседі.

Санжардың арманы

«Бұл оқу орны дәл осы машина құрастыру саласы бойынша әлемнің ең үздік университеті болып есептеледі», – дейді Санжар. Шынымен де, бұл білім ордасы QS рейтингі бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы 60 университетінің сапына енеді. 2015 жылы Калифорнияда SpaceX арнайы полигон салып, Hyperloop Pod Competition жобасына студенттік команда жинау үшін турнир жариялаған. Ал Санжардың арманы – Илон Масктың Hyperloop жобасына арналған транспорттық капсула әзірлеу жарысына қатысу. Бұл транспорттық капсула – құбырлық желі жоғары жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді.

Сөйтіп, Санжар өзі оқитын Warwick университетінен команда жасақтай бастайды.         Әуелгі келіп түскен  200 өтініштің ішінен 60 адамды іріктеп алып, Warwick Hyperloop Team деген команда құрады. 2018 жылдың ақпан айынан бастап, капсула құрастыру ісіне бел шеше кіріседі. Жоспар бойынша қарай капсула күзге әзір болуы керек. «Бұл жоба үшін көп дүниеден, тіпті, достарыммен араласудан да бас тартуға тура келді», – деген Санжар ақырында мақсат тұтқан капсуланы құрастырып шығады. 3D нұсқасын дайындап біткен соң, оны сынақтан өткізбекші. Содан симмулятор бағдарламасында тестілік сынақ жасайды. Бұдан бөлек, жігіттердің қолында бір жарым метрлік прототипті университеттегі аэродинамикалық құбырда сынақтан өткізеді. Артынан Санжар командасымен өз капсуласының виртуалды нұсқасын Hyperloop Pod Competition жобасына жіберген.

– Біздің капсула 11-12 секундта 500 км/сағат жылдамдық  алды. Бұл капсуламыз  Bugatti, «Tesl»a тіпті, Boeing ұшағынан да жылдам екенін көрсетеді, – дейді Санжар Тайжан.

 Жас ғалымның жетістігі

Қараша айында оларға ресми жауап келіп, олардың жобасы 52-орында тұрғаны және үздіктер қатарына енгені айтылған. Негізі, бұл жобаға әлемнің түкпір-түкпірінен 1600-ден астам өтініш келіп түскен екен. Hyperloop Pod Competition  жобасының ендігі аралық қорытындысы биыл жарияланады. Бұл кезеңде ең үздік деп танылған 20 жоба іріктеледі екен. Демек, бұл 20 жобаның авторлары Илон Маскпен жеке кездесуі мүмкін. Warwick Hyperloop Team деп аталатын Санжардың командасы бұған енбей қалса да команданың тарқамайтынын жеткізді. «Біз Англияда алғаш болып Hyperloop құрастырмақпыз . Жобамыз Ұлыбританияның Үкіметтік құрылымының да қызығушылығын тудырған. Тіпті команданы компания ретінде тіркеп, Үкіметтік гранттарға қатысу туралы ұсыныс айтылған», – деді Санжар. Оның айтуынша, Масктың жарысына қолдау көрсеткен Warwick Manufacturing Group пен Advanced Propulsion Centre арасында тестілік трек құрылысын бастау жөніндегі келісім бар екен. Міне, қазақ баласының жобасы әлемнің назарында десек те болады.

 

Анар ҚОНЫС

Бөлісу: