Александр Меркель: Ресей туралы ойланбаймын да, менің отаным – Қазақстан

978
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасының және голландиялық «Хераклес» клубының жартылай қорғаушысы Александр Меркель өзінің кәсіби мансап жолы, азаматтығы, кәсіби деңгейі жайлы кең көлемді сұхбат беріпті.

Сұхбат sport-express.ru сайтында жарияланған.

Сіздің ұлттық құрамаға оралуыңыз сәтті болды. Қазақстан Шотландияны ірі есеппен жеңеді деп ешкім күтпесе керек?

Біріншіден, мені құрамаға қайтадан шақырғаны үшін қуаныштымын. Қанша дегенмен арада біраз жыл үзіліс болды. Құрама үшін ойнау – мен үшін маңызды. Бұл менің отаным. Осы жерде өмірге келдім. Екіншіден, Шотландия сияқты ірі команданы ойсырата жеңеміз деп кім ойлаған. Жәй ғана ірі есеппен жеңу емес, барлық жағынан үстем түстік. Қарсыластарда қауіпті сәттер аз болды: қақпаға екі-үш рет ғана қауіпті соққы жасады. Болғаны сол.

Бұл қалай болды? Ал Ресейге қарсы неге солай ойнамадыңыздар?

Сол күні біздің жолымыз болды. Барлық жағынан сауатты ойнадық. Меніңше, бұл жеңіс Қазақстанға аздық етті. Сөйтіп, Ресеймен ойынға жанкүйерлер тіпті көп жиналды. Ал бұл кеште бәрі керісінше жүрді: егер Шотландиямен болған ойында барлық ісіміз жүзеге асса, Ресеймен болған матчта түк те істей алмадық. Жасыратын несі бар, жеңілдік.

Іріктеу кезеңіндегі Қазақстан құрамасының мақсаты қандай? Шотландияны жеңгеннен кейін тіпті топта екінші орын алу туралы әңгімелер айтылған дейді?

Дәл олай ойлауға болмайды. Бар-жоғы ойыннан ойынға тыңғылықты дайындықпен барып, барынша ұпай жинауға тырысу керек. Мұнда сапалы футболшылар жиналған деп айта аламын. Тұрақты нәтиже көрсету үшін бізге тағы да аздаған уақыт керек деп ойлаймын. Есіңізде болар, Әлем чемпионатында жетістікке жету үшін Ресейге де уақыт керек болды. Бір уақыттары Қазақстан да сондай биік деңгейге жете алады.

Неліктен төрт жыл үзіліс жасап қалдыңыз? Әйтпесе құрамаға шақырмайтындай ешқандай кәсіби себеп болған жоқ қой?

Бұл маған да түсініксіз. Жәй ғана шақырмады. Бұған түсінік те берілген жоқ. Бұл сұраққа федерация жауап бере алатын шығар деп ойлаймын. Ал шақырған кезде қуана-қуана келдім. Қазақстан үшін ойнау мен үшін үлкен қуаныш. Мүмкін Еуропада ойнағаным көңілдерінен шықпаған болар, мүмкін басқа пландағы ойыншы қажет болды ма. Бірақ мұның бәрі артта қалды. Қазір құрама үшін ойнап жүрмін.

Сонда сізде екі азаматтық бар ма? Әлде неміс азаматтығынан бас тарттыңыз ба?

Иә, неміс азаматтығынан бас тарттым. Енді менде бір ғана азаматтық бар – қазақстандық.

  • Меркель Германия жастар құрамасы сапында

Бұрынғы бапкер Станимир Стойловпен сөйлесіп көріп пе едіңіз? Ол бір кездері: «Бізде Месси ойнауы үшін ақы төлеуге дайынмын, бірақ Меркелдің ойнауы үшін ақы төлеуге дайын емеспін» деген еді. Ол сонда нені меңзеді?

Жоқ, бұрын мүлде сөйлескен емеспіз. Мына сөзді де бірінші рет естіп тұрмын. Маған ешкім қоңырау шалған жоқ. Ешқандай келіссөз де болмады. Бары осы. Ештеңені болжап, қиялға ерік бергім келмейді.

Демек сіздің Қазақстанда ойнауыңыз үшін агенттер сізден ақша сұрады деген өтірік ақпарат қой?

Тыңдаңыз, мен Қазақстанда тудым. Сосын азаматтық алғым келді. Себебі, бұл менің отаным. Бұл үшін біреудің ақша төлегені еш қажет болған да жоқ. Мен мұнда ойнауға ақша үшін келмеймін. Өзім туып-өскен отанымның намысын қорғау үшін келемін.

Онда тағы бір жағымсыздау сауал. 2009 жылы менің әріптесіме берген сұхбатыңызда сіз Ресей үшін ойнағым келеді дегенді айтыпсыз. Бірақ бүгін Ресейге қарсы ойнадыңыз.

Ол кезде жасым 17-де едім. Тым жаспын. Иә, солай айттым, бірақ мұным қате болды. Өйткені Ресей құрамасында ойнауға менің ешқашан нақты мүмкіндігім болған емес. Алматыда туып, Германияда өмір сүргендіктен ресейлік паспортты алу мүмкін емес еді. Сондықтан Ресейге қандай да бір қатысым бар ма? Мен өзім туған мемлекет үшін ойнауым керек. Ал ол – Қазақстан.

  • Меркель «Милан» командасында

Қәне, шынына келейікші. Сізде Ресей құрамасына қабылдану мүмкіндігі болды. Алайда сіз бас тарттыңыз. Солай ма?

Ешкім менен бұл туралы сұраған жоқ. Егер сенен ешкім сұрамаса ол туралы біреуге айту мүмкін бе? Әлдекімнің мені Ресей құрамасына шақырғаны туралы сізден алғаш рет естіп отырмын. Футбол әлемінде әңгіме өте көп айтылады. Алайда олардың көбісі шындықтан алшақ.

Дик Адвокатпен сөйлестіңіз бе? «Милан» сапында гол соғып жүрген кезіңізде ол сіздің кандидатураңызға қызықпады ма?

Жоқ, ешқашан. Дик Адвокатпен де, Ресей тарапынан да ешкіммен сөйлеспедім. Оның не мәні бар? Менде ресейлік паспортты алуға ешқандай негіз болған жоқ. Отбасымның бәрі – Қазақстаннан.

Ресейде болдыңыз ба? Құрамадағы кімдермен таныссыз?

Шынымды айтсам, жоқ. Бірақ сіздердің лигаңызды тұрақты бақылаймын. Соңғы жылдары РПЛ топ-лигаға айналды. Керемет стадиондар, күшті клубтар. Жанкүйерлердің де қызығушылығы артқан. Соңғы уақытта футбол саласында жасаған істері үшін Ресейді тек мақтауға болады.

Әр уақыттары сізге «Спартак», «Зенит», «Томь» сияқты ресейлік клубтар қызығушылық танытты деген жаңалықтар да шықты. Бұл рас па?

«Спартак» жайлы білемін. «Дженоада» ойнап жүргенімді агенттер осы нұсқа жайлы айтқан. Қызығушылық болды, бірақ себептермен екі тарап келісе алмады. Неге жүзеге аспай қалғанының себебін мен білмеймін. «Спартак» – үлкен клуб. Чемпиондар лигасында тұрақты ойнайды. Ондай командада ойнауға мен қарсы болмас едім.

Ал «Зенит» пен «Томь» ше?

Бұл екі клуб туралы нақты ештеңе естімедім. Егер әңгіме маған дейін жетпей қалса онда келіссөздер болмаған деген сөз. Тек агенттер деңгейінде ғана талқыланған. Маған ешқандай клубтан хабарласқан емес. Тек «Спартак» жайлы ғана білемін.

Ал Леонид Слуцкимен таныссыз ба? Жақында «Витесспен» ғажайып матч болып, сіздер жеңіске жетіп едіңіздер ғой?

О, иә! Шынында ғажайып! Еуропа лигасына шығу үшін «Витесспен» таласып жатырмыз. Сондықтан бұл жеңістің маңызы зор болды. Ал Слуцкимен «сәлем», «қал қалай» деп сөйлестік. Негізі Слуцкий «Витессте» көп жұмыс істеп жатыр. Команда жақсы ойнайды.

Неліктен сіз бәрібір топ-деңгейге жете алмадыңыз? Тоғыз жыл бұрын «Миланда» сізге сенім артылып еді.

Иә… көп фактор әсер етті. Мүмкін мен сондай жақсы болмадым, бас бапкер мүмкіндік бермеді. Мұның бәрін сараптадым. Бірақ түптің түбінде кінәні өзіңнен іздеу керек. Өтер нәрсе өтті. Оған ештеңе жасай алмайсың. Өзімді кәрі санамаймын. Келешегім алда. Әлі біраз жыл ойнай аламын. Әлі де топ-клубтарға оралғым келеді. Алдыма сондай мақсат қойғанмын.

«Жұлдыз» ауруымен ауырмадыңыз ба?

Ондайға жол бермедім. «Миланда» Марк Ван Боммелмен жақсы араластым. Екеуміз бір үйде тұрдық. Ол маған көп жағынан көмектесті.

Бірде Марко Трабукки сіз туралы: «Меркелдің таза жалақысы айына 800 мың еуро. Ол өте бай болды. Бірақ бұл ақша оның ойнауына кедергі келтірді» депті. Екі сұрақ туады. 18 жасында расымен сондай жалақы алдыңыз ба және ол ақша сізге кедергі келтірді ме?

Мен ақша туралы ешқашан айтпаймын. Футболды да ақша үшін ойнамаймын. Алғаш әкем мені балалармен бірге алаңға әкеп, алдыма доп бергеннен бастап ойнадым. Бұл менің өмірім, махаббатым. Сондықтан бұған тек жұмыс деп қарамаймын. Иә, футболшылардың жақсы жалақы алатынын бәрі біледі. Бірақ мен қаржылық тұрғыға мән берген емеспін.

  • Меркель «Хераклес» командасы (қазіргі клубы) жейдесінде

Дегенмен сол сәттен бастап карьераңыздың шайқалғанын мойындайсыз ғой?

Әрине. Бірақ менің өткеніме емес, қазіргі сәтіме қараңыз. Қазір жақсы деңгейде ойнап жүрмін. 27 жастамын. Әлі біраз жыл доп тебемін және топ-деңгейге ораламын. Бәрі өзіме байланысты. Мақсатыма жету үшін тынбай жаттығамын.

Сұхбаттасқан Александр Руголев

Аударған Абай Қазбекұлы

Бөлісу: