Грузия футболшысы Швейцарияға қарсы матчта қарсылас ойыншыны өлімнен аман алып қалды (видео)

1342
0
Бөлісу:

23 наурыз күні ЕУРО-2020 іріктеу кампаниясы аясында Тбилисиде Грузия мен Швейцария құрамалары кездесіп, қонақтар 2:0 есебімен басым түсті.

Екі гол да екінші таймда соғылды. Алдымен Стивен Цубер есеп ашса, кейін Денис Закария есепті еселей түскен. Бірақ кездесудің басты оқиғасы үзіліске дейін болды.

Грузия құрамасының жартылай қорғаушысы Джано Ананидзе Швейцария құрамасының ойыншысы Фабиан Шерді өлімнен құтқарып қалды. Бұрыштамадан асырылған допқа таласу кезінде Шер грузин қорғаушысы Джемал Табидземен қақтығысып қалып, алаңға құлап, бірден есінен танып қалады. Қатты соққыдан есеңгіреген Шер тілін жұтып қоюға шақ қалған. Алайда 26 жастағы Джано Ананидзе қарсылас ойыншының қасына бірден жетіп, оның тілін саусағымен өңешінен алып шығып, жұтылудан сақтап қалады. Сөйтіп, алаңға медициналық бригада жетемін дегенше Шердің тыныс алуына жағдай жасайды.

Шермен соқтығысып қалған Табидзе де біраз уақыт қимылсыз жатады. Оның ақ жейдесі қанға малынған. Алайда осындай ауыр жарақатқа қарамастан екі футболшы да ойынды жалғастырады. Табидзе 60 минутта алаңнан кетсе, Шер 90 минутты түгел ойнап шықты. 23 жастағы Табидзе «Гент» клубынан 2017 жылы ақпанда «Уфаға» ауысып келген. Осы маусымда ол 12 матчқа қатысып, екі рет нәтижелі пас берді.

«Бұл өте ауыр болды. Менің есімде ештеңе жоқ. Бірнеше секундқа есеңгіреп жатып қалдым. Бас сүйегім әлі қақсап ауырып тұр» депті «Ньюкасл» қорғаушысы.

Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсстың айтуынша, «Уфа» сапында ойнайтын Табидзе 26 наурыз күні Ирландияға қарсы болатын матчқа қатыса алмайды.

«Ирландияға қарсы кездесуде мәжбүрлі түрде құрамға өзгеріс енгіземіз. Табидзенің миы шайқалған. Ол бізбен бірге Дублинге бара алмайды. Осы есептен құрама ойынына тактикалық та өзгеріс енеді» дейді словакиялық маман.

Матч қаһарманына айналған Джано Ананидзе Ресей чемпионатындағы «Крылья Советов» клубында ойнайды. Бұған дейін ресейлік «Спартак», «Ростов» командаларының намысын қорғаған.

Ұлттық құрама сапында осыған дейін 36 ойын өткізіп, 6 гол соққан.

Әзірге D тобында Швейцария 3 ұпаймен көш бастап келе жатыр. Одан кейін еншісінде бір жеңіс бар Ирландия құрамасы. Дания, Гибралтар және Грузия құрамалары әлі ұпай еншілей алмады.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: