Мәулен Әшімбаев: Ұлы тұлға ретінде тарихта мәңгі қалады

197
0
Бөлісу:

Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға ретінде тарихта мәңгі қалады.

Демократиялық күштердің «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының еңбегін ерекше айтты.

«Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының бүгінгі отырысы ел тарихындағы аса маңызды кезеңде өтіп отыр. Өздеріңізге белгілі, 19 наурыз күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа үндеуін жариялап, өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Мұндай шешімнің бір сәтте қабылданбағаны баршамызға түсінікті. Ол үшін Нұрсұлтан Әбішұлының ұзақ ойланып, барлық мәселелерді әбден саралап, салмақтағаны анық. Елбасымыз қашанда ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдайтыны белгілі», — деді Мәулен Әшімбаев.

Қазақ елі үшін Елбасының есімі қашанда құрметке лайық.

«Қазірдің өзінде еліміздің Тұңғыш Президентінің есімі тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы, барлық реформалардың авторы, әлемдік деңгейдегі саясаткер тарихымызға алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Елбасы Қазақстанды Кеңес Одағының артта қалған республикаларының бірінен заманауи, дамыған, бүкіл әлем білетін алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдырды. Елбасымыздың экономикалық және саяси реформалары мен ауқымды жаңғыру бағдарламасы еліміздің жан-жақты дамуын қамтамасыз етті», — деді Мәулен Әшімбаев.

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары халықтың әл-ауқатының еселеп өсуі де Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі екенін атап өтті.

«Қазіргі таңда бүкіл әлем біздің елімізді бітімгершілік бастамалары арқылы да өте жақсы таниды. Қазақстанның астанасы ең өзекті жаһандық мәселелерді талқылап, оң шешім шығаратын халықаралық орталыққа да айналды. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан тарихында тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған, қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға ретінде мәңгі қалады. Сол себепті, қазіргідей тарихи кезеңде қазақстандық қоғам бірлікті ту етіп, Елбасының стратегиялық саясатының аясында әрі қарай бірігуі тиіс деп есептейміз. Сондай-ақ қоғамымыз Тұңғыш Президентіміз анықтап берген жолмен жүріп, өзінің біртұтастығын және жетілгенін көрсетуі қажет», — деді Мәулен Әшімбаев.

«Айқын» ақпарат

 

Бөлісу: