Халық антына адал ұлымен қоштасты

811
0
Бөлісу:

Атырау халқы антына берік, адамзаттың қауіпсіздігін қырағы қадағалап, өзге жан үшін өз өмірін қиып, қаза болған полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевті соңғы сапарға шығарып салды.

 

Бейбіт күннің батыры, адамгершілікті қазасымен ұғындырып дүние салған Шалқар Көшкінбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға облыс басшысы Нұрлан Ноғаев, жергілікті атқарушы билік өкілдері,  Сенат депутаты,  ішкі істер органдарының ардагерлері, аймақтағы барлық күштік құрылымдардың және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының ресми өкілі бастаған атыраулық имамдар, мәслихат депутаттары қатысты.

Ақтық сапарға шығарып салғанда Сенат төрағасы Дариға Назарбаева, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың көңіл айту жедел хаты оқылды.

 

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев марқұмның отбасына көңіл айтып, бұл бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің қайғысы екендігін атап өтті.

– Бүгін – ауыр күн. Бұл – ағайын-туыстың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ қайғысы. Сондықтан, біз сіздермен бірге қайғырып отырмыз. Марқұмның есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. Осындай мақтаулы ұлды тәрбиелеген Сіздердің алдыңызда бас иеміз, – деді Нұрлан Ноғаев.

Жиырма беске толар шағында қызмет бабында қаза болған жол-патрульдік полиция батальонының полицейі Шалқар Ақымғалиев – отбасының тұңғышы. Отбасының жалғыз асыраушысы еді. Департамент басшылығы Ішкі істер министрлігіне Шалқар Ақымғалиевті «ІІІ дәрежелі Айбын» орденімен марапаттауға ұсыныс жолдаған.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Атырау облысы

Бөлісу: