Қазақстан құрамасының бас бапкері тағы бір тосын сый дайындап отырғанын айтты

585
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек ЕУРО-2020 іріктеу кампаниясы аясында ертең Ресейге қарсы өткізетін матч қарсаңында журналистермен кездесіп, алдағы кездесу туралы пікір білдірді.

Бас бапкердің айтуынша Шотландияға қарсы кездесуде ауыр жарақат алған қорғаушы Темірлан Ерланов қазір жеке бағдарламамен жаттығу жүргізуде екен.

«Бельгияға қарсы ойнау қай кезде де қиын. Олар біздің топтың лидері. Тіпті Ресей сияқты мықты ұжымның өзі олармен бәсекелесе алмады. Ресей біз үшін қарымды қарсылас. Әлем чемпионатында олар қалай ойнай алатындарын көрсетті. Біз жанкүйерлеріміз үшін тағы бір тосын сый дайындағымыз келеді. Ол үшін тағы да жақсы ойнап, бірлік таныта алуымыз керек. Қарсыласты құрметтейміз. Шотландияға қарсы жақсы ойнағаннан кейін көңіл-күйіміз тамаша» дейді Билек.

Оқи отырыңыз – МИХАЛ БИЛЕК: ДӘЛ МҰНДАЙ ЕСЕП ТІРКЕЛЕДІ ДЕП КҮТПЕДІМ

«Екі ойында қатарынан жеңіске жету оңай емес. Ресей – фаворит. Дегенмен жақсы қолдау болса, біз жеңіске жете аламыз. Жігіттерге жігер беруге тырысамыз. Олардың қандай клубтан келгені мен үшін маңызды емес» деп атап өтті чех маманы.

Сонымен қатар оның айтуынша, негізгі құрамда өзгеріс болуы мүмкін.

«ҚПЛ екінші турынан кейін жарақат алған Юрий Логвиненко жалпы командамен жаттығып жүр. Оның мүмкіндігін саралап көреміз. Ерланов ауруханаға түсіп, басын тіктіріп келді. Ол жеке жаттықты. Шомконың да мүмкіндігін білеміз. Оның ойындарын көрдім. Дегенмен өткен жолы Сүйімбаевқа мүмкіндік бердік. Негізгі құрамды атай алмаймын. Кейбір ойыншылар Шотландиямен болған ойыннан кейін жаттыққан жоқ. Кім мықты, сол алаңға шығады» дейді Михал Билек.

Еске салсақ, матч 24 наурыз күні Астана уақытымен 20:00-де басталады.

Матчтағы бас төреші міндетін словениялық Славко Винчич атқарса, оған отандастары Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич көмектеседі. Ал қосалқы төреші – Раде Обренович.

Қазақстан бұған дейін өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, 3 ұпай иеленсе, Ресей сырт алаңда Бельгиядан 1:3 есебімен жеңілді.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: