ЕУРО-2020: Қазақстан Ресейді де жеңіп үш ұпай олжалай ала ма? (фото)

223
0
Бөлісу:

2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирі аясында ертең «Астана-Аренада» Қазақстан мен Ресей құрамалары кездеседі.

Бүгін Ресей құрамасы Қазақстанға келіп, алғашқы жаттығуларын да өткізіп үлгерді. Қарсыластар тарапынан ең үздік ойыншыларының бірі Александр Головин мен Далер Кузяев бұл матчқа қатыса алмайды.

Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов алдағы ойын жайлы пікірін білдірген.

«Қазақстанның Молдоваға қарсы ойынын көргенбіз. Содан кейін қарсыластың қарымын түсінгендей болдық. Қазақстан – мобилді команда. Футболшылары әдемі ойын көрсетуді қалайды» дейді ол.

Сондай-ақ Черчесов қақпашы мәселесіне қатысты да ойын айтты. Бұл ретте бас бапкердің қақпа кілтін Андрей Лунев («Зенит») пен шыққан тегі бразилиялық Маринато Гильермеге («Локомотив») сеніп тапсырып отырғанын айта кету керек.

«Егер футболшының заңдық тұрғыдан құқығы болса, онда неге мүмкіндік бермеске. Ондайда біз футболшының қайда туып, қайда өскеніне мән бермейміз. Ол өте жақсы ойнап жүр. Былтыр екі ойында да қақпасын аман сақтады. Орысша да жақсы сөйлейді. XXI ғасырда мұндай ұсақ-түйекті талқылап отырғанның өзі ұят. Сіздердің ұжымда да Меркель ойнап жүр ғой. Неміс қазағы. Немесе қазақ немісі. Әлем қазір бұл мәселеге назар аудармайды» дейді Ресей құрамасының бас бапкері.

Еске салсақ, матч 24 наурыз күні Астана уақытымен 20:00-де басталады.

Матчтағы бас төреші міндетін словениялық Славко Винчич атқарса, оған отандастары Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич көмектеседі. Ал қосалқы төреші – Раде Обренович.

Қазақстан бұған дейін өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, 3 ұпай иеленсе, Ресей сырт алаңда Бельгиядан 1:3 есебімен жеңілді.

Фото: Vesti.kz

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: