Бес мыңжылдық мерекенің берекесі

436
0
Бөлісу:

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен Мемлекет басшысы Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев астанадағы EXPO кешені жанында, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументінің алдында орналасқан этноауылға барды.

Елбасы мен ел Президенті елорда­лықтар мен қала қонақтарын, сондай-ақ барша қазақстандықты ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше, ұлық ұлттық мереке – әз Наурызбен құт­тықтап, бақ-береке тіледі.
Этноауыл аумағында таңнан бері театрландырылған көріністер, ұлттық спорт түрлері бойынша сайыстар, қол­ө­нершілер көрмесі және ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін сан алуан шаралар ұйымдастырылуда. Этноауылда 17 киіз үй тігілген, онда елорда тұрғындары мен қонақтары мереке күндері бауыр­сақтан, палау және басқа да ұлттық тағамдардан дәм тата алады. Сондай-ақ зергерлер, киіз басу және сәндік-қол­данбалы өнер шеберлері туын­дыларын ұсынады.
Мәртебелі меймандар мұнда Нау­рызға қатысты ұлттық салт-дәстүр­лердің театрландырылған қойылым­дарын, қазақстандық эстрада жұлдыз­дарының және қаланың жетекші шы­ғармашылық ұжымдарының концертін тамашалады.
Берік әрі үлкен отбасы, жасы үлкенге құрмет, ұлттық салт-сана – Қазақстан халқының айнымас асыл дәстүрлері әрі төл құндылықтары екені мәлім. Ұлыстың ұлы күні тойсыз өткен бе?! Қазақстан көшбасшысының өзі­нен болашаққа жол ашар, шежіреге шуақ шашар ізгі тілек есту үшін эт­­ноауыл­­ға бір топ жас отау иелері жиылған екен. Іс-шара аяқталған соң, Елбасы жас жұбайлардың осы тоғыз жұбына ақ батасын берді.
Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы. Қа­зақстанда оны тек қазақтар ғана емес, еліміздің барлық этнос өкілі атап өтеді. Өйткені бұл – күн мен түн теңе­сетін, достық пен бірліктің мере­кесі.
Айта кету керек, қаламызда Наурыз алғаш рет осыдан тура отыз жыл бұрын, ол кездегі Целиноградта, 60 жылдан аса үзілістен кейін қайтадан тойлана бастаған екен. Тарихтан белгілі, 1926 жылдан бастап, кеңестер «өткеннің қалдығы» деген сылтаумен Қазақстанда Наурыз мерекесін кең ауқымда тойлауға тыйым салды. Ресми тұжырымдамасы сақталмағанымен, кеңестік билік Наурызды «діни, мұсыл­ман мерекесі» деп айыптапты. Бірақ қазақ ұлтын жойып, толық отарлауды мақсат тұтқан тоталитарлық режим «Ұлыстың ұлы күні» деген атауынан-ақ бұл мейрамның ұлтымыздың ұстын­дарының бірі болып табылатынын білсе керек. Өйткені ол қазіргі кез кел­ген әлемдік және дәстүрлі діндерден бұрын пайда болған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, Наурыздың шамамен 5 мың жылдай тарихы бар. Сондықтан жетпіс жылдай үстемдік еткен кеңес өкіметі де оны мәңгілікке жоя алмады.
Содан, 1988 жылы Наурыз құрметіне арналған мереке жұртшылықтың бастамасымен Алматы мен Алматы облыстарында тойланады. Ал келесі жылы мереке ұлт жанашырларының қолдауымен Қазақстанның барлық облысында атап өтілді. Архивке жүгінсек, сол кездегі кеңестік ресми баспасөз ұлттық сипаттан айыру үшін 22 наурызды «көктем мен еңбектің халықтық мерекесі» деп суреттеген.
Қазақы ұстындарынан түпкілікті айырыла бастаған Целиноград және оның аудандары Наурызды ұзақ жылғы үзілістен кейін бірінші рет 1989 жыл­дың 19 наурызында тойлапты. Хал­қымыздың төл бастауларынан сусын­дауға ұмтылған жергілікті қазақ­тардың және оларға ерген өзге ұлт өкілдерінің көп жиналғаны сонша, бұл мерекені қалай атап өткеніне сол кездегі «Целиноградская правда» газеті А2 форматындағы 4-бетін тұтастай беріп, арнайы репортаж арнаған екен. Оған жүгінсек, бұл қаладағы алғашқы Наурыз мейрамы таңғы сағат 9:00-дан басталған. Сол күні Целиноградтың басты көшесімен мерекелік шеру өтеді. Онда ұлтымыздың құндылықтары мен ел жадындағы кейіпкерлер паш етіледі, батырлар қол бастап, қыздар мың бұрала билеген. Қазіргі Сейфуллин көшесіне алтыбақан мен сахна орнатылады. Ақсақалдар келушілерге әз Наурыздың сәні мен мәнін түсін­дірген.
Ал 1991 жылғы 15 наурызда Қазақ КСР-інің Президенті Н.Назарбаев өз Жарлығымен «22 наурыз – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» деп жа­риялады. Жарлықта «Халық депутат­тарының жергілікті советтеріне кли­маттық жағдайларды ескере оты­рып, халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен бел­гілеу ұсынылсын. Республика жұрт­шылығының 1991 жылы 16 наурыз бен 16 сәуір аралығында «Табиғат жара­сымы» айлығын өткізу жөніндегі инициативасы қолдау тапсын» деп бекітті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы Жарлығы шыққан соң, Наурыз мерекесі бүкіл республика көлемінде тұрақты түрде атап өтілетін ұлы мерекеге айналды. Осылайша, тәуелсіз мемлекет бол­ғаннан кейінгі қазақ елінің ең алғашқы қадамының бірі діліміз бен тілімізді, дәстүріміз бен тарихымызды түген­деудің қарлығашы – Наурыз мерекесін тұғырына қондыру болды.
Атап өтер жайт, ұлтық құндылық­тарды жас ұрпақтың бойға дарытуының көрінісі ретінде биыл әз Наурызды астаналық жастар кең атап өтуде. Дарынды жастар өкілдері бас қаланың әр жеріндегі түрлі сахнада өнер­лерін ортаға салып жатса, еріктілер қоз­ғалысындағы жасөскіндер қала тұр­ғындары мен қонақтарын ұлық мерекемен құттықтап, наурызкөже, ыстық бауырсақ таратты.
Наурыз мейрамын атап өту үшін қала әкімдігі қызықты мәдени бағдар­лама бекіткен болатын. Оған сәйкес, «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда да киіз үйлер орнатылған. Мұн­да келушілерге мемлекеттік филармо­нияның жеке орындаушылары және эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылуда.
Бұдан бөлек, әр алаңда қазақша күрес, кір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс, асық ату, тоғызқұмалақ және басқалары бойынша спорттық жарыстар өткізілуде. Жеңімпаздар үшін сыйлық пен жүлде қарастырылған.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: