Михал Билек: Дәл мұндай есеп тіркеледі деп күтпедім

568
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек бүгінгі жеңіске байланысты баспасөз жиынында пікір білдірді.

Еске салсақ, бүгін Қазақстан құрамасы ЕУРО-2020 іріктеу кампаниясы аясында «Астана-Аренада» Шотландия құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, өз тарихында тұңғыш рет іріктеу турнирін ірі жеңіспен бастап отыр.

«Осындай ойында жеңіске жеткеніміз үшін қуаныштымыз. Іріктеу кезеңін жеңіспен бастағанымыз қуантады. Біз жылдам екі гол соға алдық. Мұндайды жаттығуда жиі қайталағанбыз. Сондықтан жеңіске лайықты болдық. Әрине, дәл мұндай есеп күтпедім. Үш гол соққан кезімізде қатты таңырқадым. Бұдан кейін де гол соғатын сәттер болды. Біз қарсыласты әбден зерттеп, олардың күшті жақтарын мейлінше екшедік» дейді Михал Билек.

Чех маманы неліктен жастарға сенім артқанын да түсіндіріп берді.

«Юрий Логвиненконың жарақаты болғандықтан Темірлан Ерланов алаңға шықты. Юрий Перцух пен Ян Вороговский өз клубтарында тұрақты ойын практикасына ие» дейді ол.

Сондай-ақ 24 наурыз күні болатын Ресейге қарсы кездесуге байланысты да ойын айтты.

«Шотландияға қарсы бес қорғаушы қойып, ал доп өзімізде болған кезде үш қорғаушы тактикасына ауыстық. Бұл ойналған схема. Ресеймен қалай болатынын көреміз. Басқа тактикаға көшетін шығармыз. Бізде оған дейін екі күн бар. Жаттығудан кейін көреміз. Барынша жағымды нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Олардың Бельгиямен қалай ойнайтынын көріп, тиісті шешімдер қабылдаймыз» дейді Михал Билек.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: