АССАМБЛЕЯ КЕЛЕШЕГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

597
0
Бөлісу:

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығы ғалымдарымен және Алматы қаласының ҚХА ғылыми-сарапшылар тобының мүшелерімен кездесті. Шараға ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов та қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев Ұлттық университеттің ассамблеяға қатысты маңызды шараларды лайықты жүзеге асырып жатқаны үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, елдегі үдерістерге сәйкес ҚХА ғылыми-сараптамалық құрамын тарту және оларды күшейте түсу маңызды болмақ. Бұл ретте ол ҚХА қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің негізгі міндеттері туралы айтып берді. Осы орайда ғалымдар алдында екі міндет тұр. Бірі – ғылыми қауымдастық оқиғалардың даму үрдісін болжап, шұғыл жұмыс істеуге, кемшіліктерді байқап, келеңсіз жайлардың  алдын алуға тиіс болса, екіншісі – ҚХА жұмысын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету. Бұл үшін әрине, әлеуметтік ғылымға негізделген зерттеулер, талдаулар қажет. Жиын барысында университеттегі кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығының директоры Гүлнар Насимова орталық қызметі туралы баян етті. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі және қаладағы корей мәдени орталығы басшысының орынбасары Г.В.Хван негізгі бағыттар мен жобалар туралы әңгімеледі.

Атап өтер болсақ, ҚХА кафедрааралық ғылыми-білім беру орталығы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен 2016 жылдың 2 қыркүйегінде құрылған. Осындай орталық құру арқылы университет кафедраларының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған ғылыми-білім беру және тәрбие қызметі дамыту көзделеді. Қазір ғылыми-сараптамалық кеңес құрамында 52 ғалым жұмыс істейді.

 Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу: