«ТҰРАН» АНСАМБЛІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

629
0
Бөлісу:

Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Тұран» этно-фолькорлық ансамблінің  жылдық мерейтойына арналған кездесу өтті. Кешті ұйымдастыруға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры қолдау білдірген.

Биыл шығармашылығы әлемдік деңгейде танылған «Тұран» ансамбліне  10 жыл. Аталған ерекше топтың тарихы 2008 жылы бастау алды. Топ құрамы Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбет, Мақсат Медеубек, Абзал Арықбаев және Ержігіт Алиев сайдың тасындай іріктелген өнерлі жігіттерден жасақталған. Өнерпаздар ансамбль шығармашылығынан бөлек, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында ұстаздық етіп жүр. Қазақ өнерінде топ та, түрлі өнер ұжымдары да көп. Алайда «Тұранды» өзгелерден ерекшелеп тұратын стилі – сыбызғы, сазсырнай, домбыра, қобыз, жетіген, шіңкілдек сияқты саз аспаптарын және көмеймен ән айту мәнерін өзара үндестіре білуінде. Осылайша, ансамбль қазақтың көне заманнан келе жатқан ескі де сазды сарынын заманауи өнер әлеміне бейімдей білді. Ансамбль мүшесі Бауыржан сонау 2008 жылы құрылған шығармашылық ұжымның өткені мен бүгіні һәм келешегі жайлы пікір білдірді.

– Өз өнеріміз арқылы қазағымыздың аспаптарын дәріптеп келеміз. Қазіргі таңда өз отандастарымызбен қатар шетелдік тыңдармандар буыны да қалыптасты. 10 жылдық мерейтойымыз Астана мен Алматы қалаларында үлкен концерт деңгейінде тойланады. Әрине, бұл деңгейге ә дегеннен оңай жетпегеніміз анық. Он жыл ішінде қаншама бел-белестерді басып өттік. Алғаш құрылған кезімізде әрі консерваторияда оқимыз әрі «Сазген сазы» ансамблінде жұмыс істейтін едік. Бас қосып, стилімізді айқындап, ат қойғаннан кейін тұңғыш рет 1 наурыз күні ҚазҰУ-да филология факультетінде тұсауымыз кесілген еді. Жетелеп сахнаға шығарған алғашқы ұстазымыз – Зәмзәгүл Ізмұратова болды. Осыдан кейін біртіндеп жұмысымыз жүріп, өнер әлеміндегі жорығымыз басталып кетті, – дейді Бауыржан Бекмұханбет.

Ансамбль осы уақытқа дейін әлемнің 70-тен астам мемлекетіне сапарлап барып, өз өнерлерін паш еткен. Атап айтар болсақ, «Карнеги холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди центр» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт хаус» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Мәскеу, Ресей), «Конгресс және фестиваль сарайы» (Канн, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) залдарында 600-ге жуық жеке концерттерін беріп, еуропалық тыңдармандарды тәнті етті. Ал биылғы 10 жылдық мерейтой қарсаңында ансамбль Беларусь, Норвегия, Ресей, Әзірбайжан, Венгрия, Татарстан, Түркия елдеріне әлемдік турне жасады.

Музейде өткен шығармашылық кездесу барысында ансамбль мүшелері жеке өмірлері, өнері, концерттік сапардан алған әсерлері жайында кеңінен әңгімелеп берді. Алдағы уақытта олар Наурыз мерекесіне орай арнайы концерттік бағдарламаларын дайындап жатыр.

 

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу: