ЕУРО-2020: Қазақстан құрамасы Шотландияны ойсырата жеңді (видео)

171
0
Бөлісу:

«Астана-Аренада» 2020 жылы өтетін футболдан Еуропа чемпионатына іріктеу ойындары аясында Қазақстан мен Шотландия құрамалары кездесіп, біздің команда 3:0 есебімен еуропалық қарсыластарын айқын жеңді. 

Ойынның алғашқы бес минутында Шотландия футболшылары допты жиі ұстап, Қазақстан құрамасын өз жарты алаңында тықсырып ұстауға тырысты. Алайда алтыншы минутта Александр Меркельдің асырған пасын сәтті қабыл алған Юрий Перцух қарсыластар қақпасына гол соқты.

Осыдан соң-ақ ойын қарқыны өзгеріп сала берді. Яғни, Қазақстан құрамасының сәтті комбинациялары, мығым прессингі, сапалы қорғана білгені байқалды.

Ал 10 минутта құрама капитаны Исламбек Қуат оң қанаттан ашылған Ян Вороговскийді дәл байқап, қиып пас шығарды. «Қайрат» ойыншысы мүмкіндікті қалт жібермей, Скотт Бейнді қапы қалдырып кетті.

Бұдан кейін де Роман Муртазаевтың, Исламбек Қуаттың гол соғатын мүмкіндіктері болған. Алайда бірде қарсыластар әбжіл қимылдаса, бірде Скотт Бейн керемет сейв жасай білді.

51 минутта біздің құрама есепті 3:0-ге жеткізді. «Қайрат» қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаевтың әуелете асырған пасына бірінші жеткен «Ростов» жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов баспен керемет гол соқты.

Матчтың 54 минутында Шотландия шабуылшылары Қазақстан құрамасының айып алаңындағы қарбаласқан сәтті пайдаланып, соққы бағыттаған. Алайда Дмитрий Непогодов ғажайып сейв жасау арқылы, өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.

78 минутта алаң ортасында Исламбек Қуат пен Темірлан Ерланов қақтығысып қалып, екеуі де бастарынан жарақат алды. Өкінішке қарай, Темірлан Ерлановтың жарақаты ауырлау болып, чех маманы оның орнына Елдос Ахметовты алаңға шығарды. Бұған дейін Бауыржан Тұрысбек шабуылшы Роман Муртазаевты алмастырған болатын.

Негізгі уақыттың аяқталуына алты минут уақыт қалғанда Бақтиер Зайнутдиновтың орнына жартылай қорғаушы Серікжан Мужиков алаңға шықты.

Енді Михал Билек шәкірттері 24 наурызда Астанада Ресей құрамасын қабылдайды.

Фото: Reuters

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: