Жақсының жарығы

Қазақ баспасөзінің жанашыры, ақын, белгілі қаламгер Итен Қарымсақұлының «Жақсының жарығы» кітабы жарыққа шықты.
Тоқсаныншы жылдардан бері баспасөзбен біте қайнасып келе жатқан қаламгердің жаңа туындысында өлеңдері мен сұхбаттары, мақалалары топтастырылған. Автор жазбалары арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтереді. Әлеуметтік, аймақтық проблемалардың оң шешімін табудың тиімді жолдарын нұсқайды. Туған жердің топырағының қадір-қасиетін, туған өлкені түлетудің сан тарауын қамтиды. Мерзімді баспасөзде жарық көрген өлеңдерінде қоғамдағы күрмеуі қиын мәселелерді сынайды. Сынай отырып, мінді түзеуге үн қосады.
Ел үшін еңбек етіп жүрген тұлғалардың жан сарайына терең үңілетін автордың әр сұхбаты ерекше. Қырандар биікке самғайды деп халық үшін тер төгіп жүрген атпал азаматтардың өмірінен сыр шертеді. Сыр елінің дамуына айрықша үлес қосқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен сұхбатында аймақтағы әлеуметтік мәселелермен шектелмейді. Елдік, ерлік мәселесін, ел ертеңі жастардың болашағын тілге тиек етеді.
Өмірге жолдаманы Жүргеновтен алған аймақтағы тарихи басылым «Сыр бойының» бас редакторы болған Зейнолла Жарқынбаевтың өнегелі өмірі көпке үлгі. Автордың айтуынша, жарты ғасырдан астам уақыт еліне қызмет еткен Зейнолла Көштайұлы саналы ғұмырын баспасөзге арнаған.
Бар өмірін халқына арнаған қазыналы қарт Сейілбек Шаухамановтың еселі еңбегін елі аңыз қылып айтады. «Қоғамда «Қазыналы қарттар қайдасың?» деген тосын сауал туындар болса, біз соларды таба алмай жүрген жоқпыз, іздеуге мойнымыз жар бермей келе жатқанын ұмытпағанымыз жөн деген ой туады. Шынтуайтына келсек, Абайдың қара сөздерінен, ақын-жыраулардың өсиетінен, аңыз-әңгімелер мен бүгінгінің саясатына дейін сан түрлі сөз қозғай алатын, терең қазып, ұлағатты ой айтудан жалықпайтын, бір жаңылмайтын Сейілбек мырзаның мықтылығы осында жатса керек» деп абыз ақсақалдың даналығын дәріптейді. Парасатты тұлғаның әрбір ісі келер ұрпаққа өнеге. Жазушының айтуынша, өнегелі қарттың әрбір даналық сөзін жадымыздан шығармаған абзал. «Секең: «Біреулер баяндаманы оқып келе жатып, өз ойын қосып, толықтырамын деп далаға кетіп, ойды шашыратып алып жатады. Баяндаманы өзің жазып, соны әдемілеп, оқып берсең әлгіндей кемшіліктерге жол бермес едің әрі сөзің таза, нық, өтімді шығады» деген өсиеті ат үстіндегі әрбір шенеунік ескере жүрер жайт.
Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Итен Қарымсақұлының еселі еңбегі болашақта да жалғасын табады. Автордың бұған дейін «Тегін білген тексіз болмайды», «Қоңыр қалам», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Жүрек жазбалары» жарық көрген болатын.
Жазушы Нұрдәулет Ақыштың «Кітаптың құндылығын таңдап алған кейіпкерлерінің «сегіз қырлы, бір сырлылығы» да арттырып тұр. Автордың өзі де өмір ортасынан ойып алған таңдаулы кейіпкерлерін қоғамдық, мемлекеттік, ұлттық деңгейде ой толғайтын рухани биікке көтере отырып сомдайды» дегені шындық.
Майра ЖАНЫСБАЙ