Өзіңді туберкулезден сақта!

1235
0
Бөлісу:

Құрт ауруы құртып бара жатқан елдер аз емес. Өзге ұлттарды айтпағанда қазақтың Шоқан, Сұлтанмахмұт секілді ұлылары осы құрт ауруының құрбаны болғаны белгілі. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанда туберкулез дертінен қалай сақтануға болады немесе қалай емделу керек? Біз осы сауалдарға жауап ретінде Алматы қаласы «№27 қалалық емханасының» бас дәрігерінің емдеу ісі бөлімі орынбасары Кохленко Зоя Александровнаға сұрақ қойдық.

 

Туберкулез дегеніміз не?

– Туберкулез – ауа арқылы таралатын жұқпалы ауры. Оның қоздырғышы – туберкулез таяқшалары.

Туберкулездің ашық және жабық түрлері бар. Туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқастар сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде немесе қақырық тастағанда ауаны тірі бактеряларымен ластайды, яғни мұндай науқастар айналасына өте қауіпті деген сөз.

Туберкулез – тек өкпе ғана емес, сонымен қатар, адамның барлық ағзасының – сүйек, бүйрек, ми мен мидың қабығы, тері, көз бен басқа ағзалардың зақымдайды. Дегенмен, ең жиі кездесетіні – өкпе туберкулезі. Бұл ауруды біз әлеуметтік аурулардың қатарына жатқызамыз.

 

Туберкулездің белгілері?

– Өкпе туберкулезінің негізгі белгілеріне келетін болсақ, бұл –  2 апта бойы қақырықты жөтелдің болуы, дене салмағының күрт төмендеуі, шаршағыштық, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі, түнгі тершеңдік, кеуде тұсының шаншуы, асқа тәбеттің болмауы, қан түкіру.

Екі-үш апта бойындағы жөтел көп жағдайда жоғарыда көрсетілген белгілердің біреуімен немесе бірнешеуімен қатар болуы мүмкін.

Осы белгілер пайда болған әр бір азамат тұрғылықты жеріне байланысты емханаға барып қаралғаны дұрыс. Алғашқы медициналық-санитарлық жүйенің дәрігері науқасты флюрографиялық және микроскопиялық зерттеулерге жібереді, тек туберкулез микробактериясы ғана абсолютты диагноздың қойылуына себеп бола алады.

 

Туберкулезден қалай қорғануға болады?

– Туберкулезден қорғану үшін үнемі профилактикалық шараларды қолданып отырыңыз. Бөлмені жүйелі түрде желдетіңіз. Туберкулез таяқшалары өте жеңіл болғандықтан ауада қалқып тұрады. Яғни, бөлмені желдеткеннен кейін олардан толық құтылуға болады деген сөз. Жөтеліп жүрген адамдардың жанында маска киіп алғаныңыз жөн. Науқаспен біраз уақыт бойы қарым-қатынаста болудан сақтаныңыз. Есірткі заттары, арақ-шарап, темекі сынды зиян нәрселерге үйір болмаңыз, салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Тамақтану тәртібі мен жиілігін сақтаңыз. Жеке тазалық ережесін бұзбай қолды, ыдысты тазартқыш құралдарын пайдалану арқылы жуыңыз.  Жыл сайын емханаға барып тексеріліп отыруды ұмытпаңыз. Ағзаның қорғаныш жүйесін төмендететін кез-келген ауруды дер кезінде емдеп отырыңыз.

 

Сіздердің емханада туберкулездің алдын алу үшін қандай шаралар өткізіледі?

– Біздің елімізде туберкулезге қарсы күресті күшейту мақсатындағы іс-шаралар алғашқы медико-санитарлық  желіге кіргізілген.  Сондықтан біз жыл сайын, 24 наурыз «Бүкіл дүние жүзілік туберкулезге қарсы күрес» күніне орай туберкулездің алдын алу шараларын күшейту мақсатында айлық өткізіп отырамыз. Айлық 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында болады.  Яғни біз бір ай бойы, мектеп, бала-бақшалар, әлеуметтік орындар мен қарапайым халық арасында түсіндіру жұмыстарын өткізіп брошюралар таратамыз. Жастар арасында дөңгелек үстел құрып Салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Сонымен қатар үнемі ашық есік күндерін ұйымдастырып отырамыз. Халыққа  денсаулық – ең құнды байлық екенін түсіндіреміз.  Бұл бағыт дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  (ДДСҰ) 2016-2035 жылдар аралығында туберкулезді жою стратегиясының негізгі бағыты болып есептеледі. Өйткені туберкулез бүкіл қоғамның дерті.

Сонымен қатар, ауруды біз активті және пассивті әдіс бойынша анықтаймыз. Активті әдіс дегеніміз халықты жаппай флюрографиялық тесеруден өтуге шақыру. Тіпті емханаға тіркелуге келген азаматтарды міндетті түрде флюрографиялық тексеруге жібереміз. Балаларға манту жасау арқылы қауіптілік деңгейін анықтаймыз. Пассивті әдіс дегеніміз –науқас өз еркімен біздің емханаға келген жағдайда, тексеруден өткізу. Біз бүкіл халықты ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырамыз!

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: