Ұрандайтын шаруа емес, ұдайы қызмет

438
0
Бөлісу:

Мемлекеттің қамқор­лығы кейбір қазақстандық­тар бойында өз пробле­ма­ларын мемлекетке ауда­рып, масылдыққа бой алдыруына жол бермеуі керек. Сенатта өткен Үкімет сағатында Жоғарғы палата төрағасының орын­­басары Бектас Бекна­заров осыған назар аудартты.

Үкімет сағаты ел Прези­дентінің Nur Otan партиясының XVIII съезінде азаматтардың же­келеген санаттарын әлеумет­тік қорғау бойынша берген тапсырмаларының орындалуы тақырыбына арналды.
Жақында сенаторлар өңір­лерге шығып, жергілікті халық­пен кездесулер өткізіп қайтқан. Сонда олар халықтың қуанғанын әрі қамқорлық шараларына үмітпен қарайтынын байқаған.
– Өңірлерде өткен кездесу­лерден түйгеніміз сол, жалпы жұрт­шылық Елбасының Nur Otan партиясының кезекті съе­зінде жариялаған ауқымды әлеу­меттік бастамаларын риза­шы­лықпен және зор үмітпен қабыл алып, қызу қолдау білдіруде. Ал енді әлеуметтік көмекті биылғы 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бас­тап беру туралы Президенттің тапсырмасын естіген халық тіптен риза болып, сүйсінді, – деді Б.Бекназаров.
Әйткенмен, оның айтуынша, жұртшылықпен әңгіме бары­сын­да бірқатар түйткілді мәсе­лелер де белгілі болыпты.
–Халықтың тұрмысы төмен, аз қамтылған тобының табысын арттыруға бағытталған әлеумет­тік шараларды іске асыруда келесі мәселелер әділетті түрде шешілуі қажет. Біріншіден, бұл қамқорлық тұрғындарды өз проблемаларын мемлекетке артып, енжарлық пен бейғам­дық­қа, тіпті масылдыққа ден қою­ға ынталандырмауы керек. Себебі, бұл көмек жанталасып жұмыс істеп, табыс тауып немесе соған ұмтылып, өз отбасын, бала-шағасын өз күшімен бағуға талпынған, соның нәтижесінде төменгі күнкөріс деңгейінен жо­ғары табыс тауып жүрген отба­сыларға берілмейді. Мейлі, олар­дың бес баласы, он баласы бол­сын, олар бұл көмекті алмай­ды. Сөйте тұра, бұл көмек мұндай еңбекке ұмтылмай, әйтеуір күнін өткізіп, жанын бағып жүрген отбасыларға беріледі. Бұл қан­ша­лықты әділетті? – деді Сенат төрағасының орынбасары.
Бұл жайт әр өңірде жергілікті тұрғындармен кездесулерде де көтеріліпті. Аяқ-қолы балғадай жатыпішер адам кедеймін деп, еңбекқор адамдар төлейтін салыққа өмір сүрмеуі керек.
Екіншіден, халық тарапынан ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау тәртібі туралы да көп­теген сын-пікірлер айтылыпты. Бұл «деңгей» қандай есеппен анықталады? Аядай бақшасына еккен көк-сөкпен немесе 20-30 тауығымен күн көріп отырған­дарға бұл «табыс көзі» болып есеп­теле ме? Ал аз ғана зейнет­ақымен жан сақтап жүрген зей­неткерлерімізге қандай талап қойылады: зейнетақысын «кіріс көзі» деп есептеу дұрыс па? Үкімет және жауапты органдар сәуірге дейін осы сауалдарға жауап тапқандары жөн.
Үшіншіден, жергілікті жер­дегі жұмыспен қамту орталық­тары, әкімдіктер де әртүрлі бю­ро­краттық талаптарды көбей­туде. Бұл талаптар мұқтаж отба­сылардың әлеуметтік көмекті дер кезінде алуына кедергі туғызады.
– Сол кедергілердің үлкен бір бөлігі – ірі қалалар, облыс орта­лықтары маңында шоғырланған отбасыларды тиісті тіркеудің реттелмеуі. Үйсіз-күйсіз жүрген жандар кімге барып, қалай тір­келмек? Ал тиісті тіркеусіз еш­кімге ешқандай әлеуметтік кө­мек берілмейді. Осыны жеңіл­дету үшін қазіргі цифрлық ақпа­раттық базаларды реттеп, со­ларды дұрыс пайдаланып, ха­лық­ты басы артық қағаз жинау­дан арылту керек. Осы сияқты басқа да шешілуі қажет мәсе­лелер дер кезінде оң шешімін табуы қажет. Жалпы сомасы 6,5 миллиард доллардан асатын бұл әлеуметтік қаржының әділетті игерілуін қамтамасыз ету – үл­кен дайындықты қажет етеді, – деді Бектас Бекназаров.
Сенат төрағасы орынба­са­рының байламынша, осы көмек­тің берілуін дәйекті түрде ұйым­дастырып, онсыз да тұрмыс тап­шылығынан, нарық зама­ны­ның пәрменінен шаршаған от­басыларды әртүрлі бюрок­ра­тиялық әуре-сарсаңға салмай, оларға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – осы салаға жауапты органдардың жұмысына үлкен сын болмақ.
Ал Үкімет алдында «халық­тың көкейінде жүрген аса ма­ңызды әлеуметтік мәселелерге ұда­йы қырағылық танытып, уақ­тылы шешімдер қабылдап, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар атқару» міндеті тұр.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: