БАТАЛЫ ҰЛ – АРЫМАС…

496
0
Бөлісу:

Жыл басы амалды қарсы алу дәстүрінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпаққа аманат етерлік тағылымдық шараларды ұйымдастыру қағидасы бұл жылы да өз деңгейінде өтті.
Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларына орай ұлтымыздың ұлы құнды­лық­тарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту және жас ұр­пақты адамгершілікке, рухани та­залыққа, имандылыққа, әдеп­ті­лікке тәрбиелеу, ел ара­сында бата берушілерді насихаттау мақса­тында республикалық «Ар­да­герлер ұйымы» орталық кеңесі және Аты­рау облысы әкімдігінің ұйым­дас­тыруымен бата беруші арда­герлер арасында өткен «Ба­таменен ел көгерер» респуб­ли­калық ашық байқауы өтті.
Еліміздің Астана, Алматы, Шым­кент қалалары мен өңірі­міздің 14 облысы Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Пав­ло­дар, Солтүстік Қазақстан, Түр­кістан, Шығыс Қазақстанда өткен іріктеу сайыстарында жүлделі болған 17 үміткер қатысқан байқау жады­мыз­да ұзақ сақталары анық. Өйт­кені «Ақсақалымнан үйренгім келеді» деген жандарға осы бай­қауға қатысқан батагөй жандар үлгі болғандай-ақ.
Бата беру байқауының шарты оңай болды деп айта алмаймыз. Айталық үш бөлімді сынақты қам­тыған байқауда қатысушылар тө­мен­дегідей тапсырмалар бойынша жауап берді.
Алдымен ел есіндегі баталар та­қырыбында байқауға қатысу­шылар тарихта есімі сақталған тұлғалардың баталарын нақы­шына келтіре айтудан сынға түсті. Екінші шарт – ұлттық салт-дәс­түрге, тара­тып айтсақ, бесікке салу, нә­рес­теге, келінге, жас жұбайларға, жаңа қо­нысқа және өзге де дәс­түрге сай өзінің батасын беру. Ал үшінші шарт – байқау үміт­керлерін ғана емес, байқауға куә болған көрер­менді де ойланды­руымен есте қалды. Осы ұлттық салт-дәс­түр­лерге байла­нысты қойылған сұ­рақтарға жауап беру талабы қо­йылған шарт бай­қауды қоры­тындылап, жүлде­герлерді анықтап берді.
Республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төраға­сының бірінші орынбасары Өмір­зақ Озғанбаев төрағалық еткен байқауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген заңгері, «Ар­дагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төралқа мүшесі Бекет Тұрғараев, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері Шәрбану Бей­сенова, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің директоры, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Жабал Ерға­лиев, Атырау облысы Қоғамдық кеңесінің төра­ғасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Мұрат Өтешов, Қазақ­станның халық артисі Меруерт Өтекешова, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Нұртілеу Иман­ғали бастаған қазылар алқасы бата беруден сыналған қарияларды бағалап отырды.
Сондай-ақ сарапшылар «Арда­герлер ұйымы» орталық кеңесінің жауапты хатшысы К.Бекмағамбет және «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің жұртшылықпен бай­ланыс және баспасөз бөлімінің басшысы Ж.Елубаева қатысты.
Байқау қорытындысы бойын­ша бас жүлдені Алматы облысының ардагері Жақыпбек Өмірбек қан­жығасына салды. Жүлде қоры – 1 млн теңге.
Жүлде қоры 750 мың теңгелік 1-орынды Павлодар облысынан Балтабай Сыздықов иеленді. Ал 500 мың теңгелік 2-орынды екі жеңімпаз – Атырау облысы Исатай ауданының ардагері Әділов Уахит және Шығыс Қазақстан облысы Мұхамеджан Рашитбек жеңіп алды, 3-орынды Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының ар­дагері Сердалин Ертай, Маңғыстау облысынан Қаржаубай Рейім­бай­ұ­лы, Ақмола облысынан Жақсыбай Ахметов 300 мың теңге жүлде қо­рын қанжығаларына салды. Бай­қауға қатысқан басқа ардагер­лерге алғысхат пен 150 мың теңге көле­мінде сыйақы табыс етілді.
«Баталы сөз – балаға азық» де­ген нақыл бар. Баталы болудың өзі бақытты болудың алғышарты десек те болады. Өйткені бата адам­ның жеке-дара болмысының ашы­луына, тұлға болып қалып­­та­суына тікелей ықпал ететін қа­сиет­ті күшке ие. Қазір батаның орнын бір-біріне ұқсас ауызекі таралған, адамға еш ықпалы жоқ сөздер ал­мастырып тұрған қоғамда бата беру дәстүрін жаңғырту ­керек-ақ. Сондықтан респуб­ли­калық ­дең­гей­де өткен осы байқау үзі­ліс­сіз өткізіліп тұрса деген халықтың ұсы­нысы ескерілер деген сенімдеміз.

Бөлісу: