ЖАЛҒАН ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРУ

895
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білім саласында атқарылатын жұмыстарды межелей келіп: «Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бас­тай­мыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, праг­матизм мен бәсекелік қа­білет сияқты сананы жаң­ғыр­тудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудитория­ларын­да қаланады» деп атап көрсеткен еді.

Жаһандық бәсекеге бейім­дел­ген маман даярлау – өте маңызды мәселе. Бағытымыз дұрыс. Бірақ осы бағыттағы амал-әрекеттер көбінесе көз алдауға немесе өзімізді өзіміз алдауға құрылады.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша де­партаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев дабыл қағарлық деңгейге жеткен мәселені кө­теріпті. Қазір кез келген ғылыми жұмысты жазу оңай. Интернет желісіне кірсеңіз диплом, ма­гистрлік ғылыми жұмыстарды жазып, сататындар ашық түрде жұмыс істеп жатыр. Колледждерге жазылатын дипломның құны – 50 мың теңгеден, бакалаврдікі – 65 мыңнан, ал докторлық дис­сертацияның бағасы 500 мың теңгеден басталады екен. «Ондай сайттарға Қазақстанда тыйым салынбаған. Сол мәселеге мем­лекет, Үкімет, министрліктің назарын аударып, ұсыныс жасап, осы бойынша оған шектеу қоя­тын, жазаға тартатын, айыппұл салатын ержелерді енгізуіміз керек» депті департамент бас­шысы. Бұл тірлікке талайдың еті үйренген, «мынау ретсіз нәрсе ғой, бәрінен ғылымға обал емес пе?» дейтін жағдайдан әлдеқашан кетіп қалғанбыз.
Мемлекеттік емтихан комис­сиясының төрағасы болғанбыз кезінде… Студенттердің диплом жұмыстарын қаз-қатар қарап, салыстырып отырып бірнеше жұмыста тұтас абзацтардың көшірілгенін де көргенбіз. Ан­типлагиат тексерулері бойынша бәріне оңды нәтиже берілген. Сонда кім кімнен көшірді? Дәлелдеу қиын.
Ғылыми жұмыстардың ар­найы базасын енгізу қажет деген ұсыныс жасалыпты. Осындай кешенді база жасалса, әр дип­ломның қанша рет қолданылғаны, қалай, қайдан шыққанын анық­тау мүмкін екен. Диплом жұ­мыстарын антипла­гиатқа тексеру жөніндегі құзыретті жоғары оқу орындарына емес, уәкілетті органдарға беру қажет деген ұсыныс та көкейге қонады.
«Ақысын төлесе, боқысын шы­ғарады» деген бір сөз бар. Ақшаға диплом жазатындар бар. Ел­дің бәрі біледі. Ғылыми жұ­мыс­­тарды сатып алатын да өз жас­тарымыз. Оқу – әйтеуір дип­лом алу үшін бе? Кімді алдаймыз? Жаһандық бәсекеге жалған ғылыммен түсеміз бе? Бұл тү­рі­мізбен қайтіп жаңғырмақпыз?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: