Жүрекке жылу сыйлаған сый

231
0
Бөлісу:

Ақтөбеде «Наурыз Challenge» акциясы аясында І топ мүгедегі Сымбат Нағметованың үйі жөнделді. Жөндеуден соң пәтер іші кеңіп, жайнап сала берді. Бұл акцияны «Қамқоршылық-Забота» қайырымдылық қорының директоры, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Дмитрий Довматенко қолдап, 1 миллион теңгеге жуық қаржы бөлді.

 

Ақтөбедегі мүгедектер үшін арнайы салынған үйдің тұрғыны Сымбат Нағметова ерекше қуанышқа кенелді. Пәтер ұзақ жылдар бойы жөнделмей, еңсені басып тұрса, енді заманауи үлгімен қайта әрленді. Қабырғалардағы түсқағаз өзгертіліп, сырланды.

«Бұл үйді 2011 жылы алдым. Қазір отбасым бар, бір баламызды бағып жүрміз. Шынын айтқанда өзім арбаға таңылған соң баламның күтімін көбіне күйеуім жасайды. Балам да ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан үйге көңіл бөліп, оны жөндеу біз үшін қиынға соқты. Наурыз мерекесі қарсаңында пәтерімізге әр беріп, қамқорлық танытқан жандар кездесті. Біз үшін бұл көмек әрі жақсы сый», – деді Сымбат Нағметова. Өзі Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығында жұмыс істейді. Отбасының жөндеуге қаржы бөліп, іс тындыруға қауқары жептеген соң, өзі еңбек ететін орталық басшылығынан көмек сұрады. Ал орталық «Қамқоршылық-Забота» қайырымдылық қорының директоры, облыстық мәслихаттағы Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Дмитрий Довматенкоға қолқа салды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қамқорлыққа алып, оларға үнемі көмектесуге үндеді. Ақтөбе облысында да қайырымды жандар жан-жақты көмектесіп, қолдан келер жақсылығымен бөлісіп жатыр. «Қамқоршылық-Забота» қайырымдылық қоры арбаға таңылған Сымбат Нағметованың өтінішін қабылдады. Біз пәтердің есігін өзгертіп, тұсқағазын, еденін жаңартты. Жөндеу жұмыстары ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Кәсіпкерлердің бұл сыйы отбасын қуанышқа бөлейтініне сенемін», – деді ол.

Қазіргі күні 1 бөлмелі кең де жайлы бөлме іші түгел қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарға 1 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді.

«Қамқоршылық-Забота» қайырымдылық қоры науқас балалар мен ересектердің еміне ақша жинап береді. Сонымен қатар балалар үйі мен қарттар үйіне жиі көмек көрсетеді. Аз қамтылған отбасыларды да өз қамқорлығына алған. Қаланың кәсіпкерлері, соның ішінде құрылыс, ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс орындары мен кәсіпорындар жиі байланыс жасап, мұқтаж жандардың мұң-қайғысын тыңдап, бөлісуге әзір. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» секілді жобаларын қолдап, балаларды мектепке де дайындайды.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА, Ақтөбе облысы

 

Бөлісу: