Норвег шаңғымен Балқаш көлін кесіп өтті

416
0
Бөлісу:

«Қазақ география қоғамы» ҚБ қолдауымен Норвегиядан келген 27 жасар саяхатшы әрі зерттеуші Уильям Бихолт бір өзі шаңғымен Балқаш көлін жүріп өтті. Балқашты кесіп өтуге арналған мұндай экспедиция тұңғыш рет ұйымдастырылды. 23 күнге созылған саяхат кезінде 545 шақырымға тарта жол жүрілді. Экспедиция 2019 жылдың 19 ақпанында Лепсі ауылының солтүстігінен 50 шақырым қашықтықтағы жерден басталып, 13 наурыз күні Бөрібайтал ауылында аяқталды.

– Осы жоба аясында біздің ұйым Уильямға техникалық және ақпараттық қолдау көрсетті. Біріншіден, біз оған экспедицияға дайындау үшін көлдегі ауа-райы және климат жағдайы, флора және фауна мекендеушілері жайлы толық нұсқау бердік. Екіншіден, біздің әріптесіміз Балқашты дербес өзі жүріп өту міндетін өз алдына қойған болатын. Өзінің жол бойында ол бірде-бір елдімекенге кірмей, азық-түлік және су қорларын толтырған жоқ. Мұндай қатаң жағдайда біз қандай да бір төтенше оқиғаларды болдыртпау үшін саяхатшымен үнемі байланысқа шығып отырдық, – дейді «Қазақ география қоғамы» ҚБ президенті Төлеген Тастанбеков.

Сондай-ақ, Қазақ география қоғамының өкілдері Қазақстан аумағында мұндай экспедициялар мен саяхаттарды өткізу ішкі туризмді дамытуға және еліміздің бүкіл әлемдегі бет-беделін көтеруге жағдай жасайды деп өтті.

– Біздің қоғамның басты миссияларының бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, саяхаттарды дамытуға қолғабыс көрсету. Биылғы жыл Қазақстанда «Жастар жылы» деп жарияланды. Норвегиядан келген жас саяхатшымыз осындай экспедициялар арқылы қоршаған ортаны танудың тәсілдерін жастарға үлгі етіп көрсетіп отырғандығы да ерекше мәнге ие, – деп қосты Тастанбеков мырза.

– Бұл ерекше әсерлі, қиындықтарға толы саяхат болды. Балқашты кесіп өту арқылы Қазақстанның сұлу әрі жабайы табиғатымен етене жақын болдым. Қатты шаршауды сезініп тұрғаныма қарамастан, Балқаш көліне жасаған таңғажайып саяхатыма ерекше таңданыспен қараймын. Келешекте бұл саяхатым басқа да саяхатшыларға осы табиғат сұлулығын тамашалауға шабыт береді деп үміттенемін, – дейді Уильям Бихолт.

Уильям Бихолт кім?

Уильям Бихолт 2010 жылдан бері экстремалды саяхатпен шұғылданады. Осы уақыт ішінде ол әлемнің 79 елінде, соның ішінде Венесуэла, Үндістан, Грузия, Армения, Непал және Перуда болып қайтты. Оны негізінен көпшілікке танымал емес бағыттар мен маршруттар қызықтырады. Дегенмен, ол Альпідегі Монблан шыңын, Боливиядағы Уайан Патоси шыңын және Аргентинадағы Аконкагуа шыңын бағындырған. Бұған дейін саяхатшы шығыс Индонезиядағы Бинайя тауының шыңына жалғыз өзі көтеріліп, осындай жетістікке жеткен әлемдегі тұңғыш адамға айналды.

 

Асқар Бек

Бөлісу: