Оңтүстік Корея 40 жыл уақытта қалай технологиялық көшбасшыға айналды?

1027
0
Бөлісу:

«1953 жылы корей соғысы аяқталғаннан кейін Корея әлемдегі кедей елдердің біріне айналған. 1960 жылы ел тұрғындарының орташа табысы небәрі 158 долларды құраған. 1988 жылы өткен Сеул олимпиадасы ел тарихындағы ерекше оқиғаға баланған еді. «Корейліктер өздерінің үздік екенін біледі және соны дәлелдегісі келді. Сол уақытта мемлекет имиджі нашар болды. Демонстрацияға шыққан студенттерді көзден жас ағызатын газбен қуу ел билігіне сын болып тағылды» деп жазады британиялық журналист Майкл Брин.

Дүниежүзілік банк мәліметінше, 1988 жылы елдің ЖІӨ көрсеткіші 197 млрд долларды құраған. 30 жылдан соң, 2017 жылы ЖІӨ 1,5 трлн-ға теңесті. Елдегі экономикалық өрлеу Пак Чон Хи ел басқарған 1960-1970 жылдары жақсы қарқын алды. Ол іргелі реформалар жасады. 1962 жылы үкімет алғашқы бес жылдық жоспарын жариялап, сол уақыттан бастап Оңтүстік Корея экономикасы қарқынды өсіп, экономикалық құрылым адам танымастай өзгерді. «Оңтүстік Корея. Елді зерттеу» еңбегінің авторы Савада және Шоудың айтуынша, елдің нақты жалпы ішкі өнімі 2,3 млрд доллардан (1962) 204 млрд долларға (1989) бір-ақ жеткен. Яғни, 8 пайызға көтерілген. Жан басына шаққандағы табыс өлшемі 1962 жылғы 87 доллардан 1989 жылғы 4830 долларға дейін жетті.

Фото: blog.daum.net

2018 жылы Оңтүстік Корея бесінші рет қатарынан Bloomberg Innovation Index рейтингінде бірінші орынға шықты. (Қазақстан бұл рейтингте 48 орында тұр) Бұл индекс елдің мүмкіндігін жеті критерий бойынша бағалайды: инновация мен зерттеуге жұмсалған шығын, өнімділік, жоғары технологиялық компаниялардың экономикаға қатысуы, жоғары білімнің таралуы, тауар құнының қосылуы, тіркелген патенттердің саны және зерттеушілер саны.

STEPI (корей ғылым және технология институты) өкілі Чон Сон Чхольдің айтуынша, даму бойынша батыс елдерінің бір ғасыр бойы жүріп өткен жолын Корея 30 жыл уақытта еңсерген.

«Ел үкіметі жолға қойған жақсы білім мен темірдей тәртіпке бағынған жұмыс күші және технологиялық инновациялар «корей ғажайыбына» жетуге мүмкіндік берді» деп жазады ол «Инновациялар, бәсекеге қабілеттілік және өсім: корей тәжірибесі» атты мақаласында. 2017 жылдың қорытындысы бойынша елдегі жан басына шаққандағы табыс көлемі 29 743 доллардан келген. Дүниежүзілік банк түзіп шығатын Doing Business рейтингі бойынша (бизнесті жүргізу қолайлылығы) Оңтүстік Корея әлемде төртінші орын алады. Мұның барлығы жоғары деңгейде инвесторларды тартуға, өндіріс пен коммуникацияның қарқын алуына және экономикалық өсімнің шарықтауына әкеледі.

ЮНЕСКО мәліметінше, бұл ел ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-жобалау жұмыстары шығыны бойынша көшбасшы саналады: ЖІӨ көлемі 4,2 пайыз. Бұл АҚШ (2,7) пен Жапонияға (3,2) қарағанда да жоғары жоғары деген сөз. Сонау 1960 жылдың өзінде тек қана ғылыми зерттеулер және технологиялық құрастырулармен айналысқан екі мемлекеттік мекеме болған. Олар – Корей соғысынан кейін бірден құрылған ұлттық қорғаныстың ғылыми-зерттеу институты және 1959 жылы негізі қаланған атом энергиясы бойынша Корей ғылыми-зерттеу институты. Сол уақытта елдегі ғылыми жұмысшылар мен инженерлер саны 5000-ға таяп қалған екен. Дүниежүзілік банк ақпаратынша, 1963 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-жобалау жұмыстарына кеткен шығын көлемі 9,5 млн доллардан аспаған.

Мемлекет 

Ел аумағы – 100 033 шаршы шақырым. Мемлекет Солтүстік-Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан. Халық саны – 51,6 млн адам.

Халықтың көп бөлігі Сеул мен оның маңайында шоғырланған. Сондай-ақ Пусан, Инчхон, Тэгу, Тэчжон, Кванчжу, Ульсан қалалары да халқы көп шаһарлар санатына жатады.

Электроника

Дүниежүзілік банк мәліметінше 1996-2015 жылдары Оңтүстік Кореяда жасалған инновациялық-технологиялық құрастырулар саны 88,5 пайызға дейін өскен. 1996 жылы ЖІӨ көлемі 2,3 пайыз болса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 4,2 пайызға жеткен. АҚШ бұл тұрғыда Оңтүстік Кореямен тіпті де бәсекелесе алмай қалған. 1996 жылғы 2,44 пайыз көрсеткіш 2016 жылы небәрі 2,7 пайызға дейін ғана жоғарылаған. Яғни, 14,4 пайызға өскен.

Көптеген зерттеушілер елдің құрылымдық трансформациясын шет елдік нарыққа қарай бағытталған саяси реформаның сәтті жүзеге асуымен байланыстырады. Расымен, елдің экспорттық саясаты – оның табысының маңызды факторының бірі саналады: мемлекет қазір әлемдегі ірі экспорттаушылардың ондығына кіріп отыр. Ал оның экспорты ЖІӨ пайызымен өлшегенде 25,9 пайыздан (1995 жылы) 56,3 пайызға (2012 жылы) өскен. Бұл ақпаратты Дүниежүзілік банктің «Алтын өсім» есебі таратып отыр. Корея бойынша зерттеулер жүргізетін Сент-Луистегі федералдық резервтік банк экономисті Анна Мария Сантакрюдің айтуынша, инвестицияны ынталандыру саясаты және іскерлік нарықтың жағдайын жасау Кореяның халықаралық саудада жоғарғы деңгейге иек артуына мүмкіндік берген. McKinsey мәліметінше, 63 отбасылық конгломератқа кіретін елдегі жүздеген ірі корпорациялар Оңтүстік Кореядағы «экономикалық ғажайыптың» негізгі қозғаушы күші. Олар 1960 жылғы мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында пайда болған. «Басқарушылық капитализм» бағдарламасы бойынша үкімет қоғамдық жұмыстар үшін компанияларды таңдап алып, оларды корей банктерінен және шетелдік займдардан түскен қаражатпен қамтыған. 1990 жылға таман аталған корпорациялар қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізеді. Бірақ соған қарамастан мемлекеттік қолдауды пайдалануды жалғастыра береді. McKinsey мәліметінше, қазір топ-30 компанияға (Hyundai, Samsung және LG Electronics деген сияқты) елдің 40 пайыз корпоративтік активтері тиесілі. Олардың үлесіне ел нарығындағы барлық сатылымның 36 пайызы тиіп отырады. IDC мәліметінше, Samsung – әлемдегі смартфон шығарушы ірі компания: әлем бойынша сатылып жатқан әрбір бесінші аппарат осы кореялық компанияның зауыттарында жасалған. 2018 жылдың тек III тоқсанының өзінде компания 72,2 млн смартфон сатқан. Мұндай цифрмен Таиланд елінің бүкіл халқын қамтып шығуға болады екен. 1969 жылы құрылғаннан кейін-ақ Samsung компаниясы ірі экспортерге айналып шыға келеді. Ал 1978 жылы алғашқы шетелдік кеңсесін АҚШ-та ашады. Қазіргі таңда электроника – корей экспортының басты көзірі. Осы өнімді саудалаудың өзінен жыл сайын ел қазынасына 163 млрд доллар келіп түседі. Электроника экспорты бойынша бұл ел қазіргі таңда тек Қытай, Сингапур, Тайван елдеріне ғана жол береді.

Сән индустриясы

Ірі кореялық косметикалық өндіруші AmorePacific компаниясы сатылым көлемі бойынша 2017 жылы WWB рейтингінде (сұлулық әлеміндегі бизнеске арналған америкалық журнал) жетінші орында тұрған Chanel және LVMH компанияларын басып озған. Осылайша, AmorePacific 10 жыл ішінде 7 орынға көтеріліп, алғаш рет ірі косметикалық компаниялар арасында үздік жиырмалыққа кіреді. Компанияның сату көлемі осы жылдар ішінде 4 есеге, 6 697 трлн вонға (6 млрд доллар) көбейген. Еуропалық нарыққа шығу үшін компания Lolita Lempicka иіссулар брендін ойлап табады. 10 жыл өткен соң Нью-Йорктен Sulwhasoo (өздерінің бренді) атауымен сұлулық салонын ашып, алғаш рет америкалық нарыққа түрен салады. Компания басшысы Со Кён Бэнің байлығы Forbes мәліметінше 3,6 млрд доллар. Сән индустриясы мен косметиканың қарқынды дамуы елдегі бьюти-блогерлердің тұтас бір буынның пайда болуына ықпал етті.

Осының арқасында америкалықтармен бәсекелесу кезеңі басталды. Кореялық және әлемдік БАҚ сарабынша қазір бірінші орында – видеблогер Pony. Оның YouTube-тағы арнасына 4,8 млн-нан астам адам жазылған. Mintel мәліметінше, Оңтүстік Корея қазіргі таңда әлемдегі сән нарығының ондығына кіреді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықтағы табыс көлемі 13 млрд долларға жеткен.

Медицина

Денсаулық сақтау және әл-ауқат министрлігінің мәліметі бойынша Оңтүстік Корея жыл сайын медициналық туристерді тарту үшін 1 млрд доллар жұмсайды. Елде тіркелген ауруханалар мен клиникалар саны 1709 болса, 1413 лицензияға ие жеке медициналық компаниялар бар. 2017 жылы медициналық туризмнен түскен табыс көлемі 2009 жылға қарағанда 15,7 есеге өскен.

Әлем бойынша 107 мемлекет Оңтүстік Кореямен визасыз режим келісіміне қол қойған. Қазақстанмен де екі арада визасыз келісімшарт бар.

Фото: Daulet Yermanov

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстан азаматтары 30 тәулік уақыт ғана Оңтүстік Кореяда еркін жүре алады.

2017 жылы желтоқсан айында елдің денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау индустриясын елдегі ең жылдам дамитын инновациялық салаға айналдыру туралы жоспарын жариялады. Инновациялық бағдарламаға үш бағыт енгізілген: фармацевтика, медициналық жабдықтар және косметика. Жаңа бағдарлама кәсіпкерлерге көмектесуге, инновациялық биофармацевтикалық препараттарды енгізуге және компанияларды экспортқа бейімдеуге көмектеседі. Жоспар төрт негізгі бағыттан құралған: зерттеу және құрастыру, жұмыс орындарын құру, экспортты қолдау және институтционалдық жақсарту.

Корей денсаулық индустриясын дамыту институтының мәліметінше, Оңтүстік Корея OECD (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдері ішінде денсаулық сақтау саласына шығындану бойынша 2 орын алады. Бұл салаға жұмсалған шығындардың жыл сайынғы өсімі 10,2 пайызды құрайды. Ал дәрі-дәрмекке кеткен шығын көлемі – 12,7 пайыз.

Кореяда қарапайым ғана ереже бар: олар бастапқыда бизнес-процесті ойластырады, ал сосын қабырғалар тұрғыза бастайды. Мәскеу денсаулық сақтау ұйымындағы ғылыми-зерттеу институтының директоры болған Давид Мелик-Гусейнов осылай дейді. Мәселен, Сеул ұлттық университетінің «Бундан» госпиталі осылай тұрғызылған. Бұл госпиталь қағазды мүлде қолданбайтындықтан әлемдегі «ең ақылды» деген атақ алған. Аталған ғимарат салынамын дегенше екі жыл бұрын толықтай дерлік IT-жүйемен жабдықталған.

Туризм

1988 жылға дейін шетелге шығу және шетелдіктердің елге кіруі тек үкіметтің шешімінен кейін ғана мүмкін болған. Елде инфрақұрылым мүлде болған жоқ. Осы себепті Оңтүстік Кореядағы туристік индустрия ішкі туризм арқылы ғана реттеліп отырды. 1990-2000 жылдар аралығындағы экономикалық құлдырау кесірінен ел азаматтарының көбісі басқа елдерге саяхаттап, нәтижесінде туризмнен түсетін табыс төмендеп кетті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Оңтүстік Кореядан шығатын туристер саны 26,2 млн болған. 20 жыл бұрын (1998 жылы) бұл цифр 3 млн адамды ғана құраған.

Дегенмен жақын арада бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін: Қазір Кореяда шетелдік туристер саны қарқынды өсіп келе жатыр. Корей мәдениетінің халықаралық деңгейге кең таралуы және ірі спорттық шаралар елдің турзизміне елеулі әсер етуде. Бұл ел 2002 жылы футболдан Әлем чемпионатын, 2014 жылы Азия ойындарын, 2018 жылы Қысқы Олимпиаданы өткізді. Егер 1998 жылы Корея 4,28 млн турист қабылдаса, 2018 жылы 14 млн шет ел азаматына есік ашқан.

Авторы: Наталья Судакова

Аударған: Абай Қазбекұлы

Бөлісу: