ПРЕЗИДЕНТ КІТАБЫ ЛАТЫН АМЕРИКАСЫНДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

389
0
Бөлісу:

Бразилия астанасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының таныстырылымы өтті. Португал тіліне аударылған кітап Қазақстанның даму кезеңі мен халықаралық аренадағы рөлі туралы баяндайды. Бұл жөнінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Қазақстанның Бразилиядағы елшілігі Бразилияның Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырған бұл таныстырылымға Бразилияның Ұлттық конгресс өкілдері, «Бразилия–Қазақстан» парламенттік достық тобының жетекшісі, сенатор Чико Родригес, Бразилия сыртқы істер министрінің орынбасары Марсия Доннер, сонымен қатар, Бразилия ішкі саясат ведомстволары мен осы елде тіркелген дипмиссия өкілдері, қоғам қайраткерлері мен бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысқан.
Мәдени шараны ашқан Бразилия сыртқы істер министрінің орынбасары Марсия Доннер Президент Н.Назарбаевтың португал тіліне аударылған кітабын жоғары бағалады. Себебі М.Доннердің өмірі мен қызметі Қазақстанның тәуелсіздік алған, аяққа тұрған жылдарымен тығыз байланысты.
«Бразилияның Қазақстандағы елшісі болып жүргенімде қазақстандық қоғамның даму жолы мен жеткен жетістігі куә болдым, тамаша әрі еңселі халықтың бай дәстүріне қанықтым. Бұл кітап Бразилия мен Қазақстан арасындағы өзара байланыс пен достықты нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», – деді ол.
Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Қайрат Саржанов «Тәуелсіздік дәуірі» португал тіліне аударылған қазақстандық алғашқы кітап екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының еңбегі Қазақстанның заманауи тарихының беймәлім деректерін ашып қана қоймайды, сонымен қатар, біздің Президентіміздің қазіргі заманғы мемлекетті құру мен басқарудағы табанды, көреген саясат жүргізудегі мінезін де ашып береді», – деді елші.
Аталған іс-шара барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры «Беймәлім Қазақстан» атты көрме мен жас композитор, музыкант, қобызшы Алмат Сайжанның қазақтың түрлі аспаптарында орындаған мәдени бағдарламасын ұсынды.

Тұмар Мырза

Бөлісу: