Жаны жайсаң жан еді

639
0
Бөлісу:

Мәрия Жүйріктаева 1940 жылы 16 қыркүйекте Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген болатын. Қазақ мемлекеттік қыздар педа­гогикалық институтын және Қазақ мемлекеттік университетін тамамдаған. Қоғам және мемлекет қайраткері.
Ол 1976-1980 және 1989-1991 жылдары Қаскелең педагогикалық училищесінің директоры, ал 1980-1981 жылдары Жамбыл аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болды. 1981-1983 жылдары Қазақ КСР Кәсіби-техникалық білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінің бөлім басшысы. 1983-1987 жылдары Қаскелең аудандық партия комитетінің хатшысы. 1987-1989 жылдары Алматы облысы Мәдениет басқармасының басшысы. 1991-1995 жылдары Қаскелең аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық әкімшілік бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1995-1999 және 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет­тің мүшесі болды. «Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.

Раушан БҮРКІТБАЕВА,
ақын:

Күн сәулелі адам еді

1983 жылдары отбасымызбен Қаскелеңде тұрғанда, Мәрия апай Қазақ КСР Кәсіби-тех­ни­ка­лық білім беру жөніндегі мем­лекеттік комитетінің бөлім бас­шысы болды. Ол кезде лабо­раторияда дәрігермін. Ол кісінің мені партияға қабылдағаны есімде. Аз уақыттан соң апай Алматы облысының мәдениет басқармасын басқарды. Жолдасым милицияға басшы болып тағайындалған соң Ұзынағашқа көшіп бардық. Ол кезде эпидемиолог дәрігер болып жұмыс істеп жүргем. Мәрия Бесбайқызы бізге Ұзынағаштағы 3 бөлмелі үйін қалдырып кетті. Ал өзі Алматыға көшті. Содан бері ол кісінің өмірінің соңына дейін жақсы араласып тұрдық. Батыр кісі болатын.
Бір жылдары сайлау алдындағы партиялық конференцияның есебі кезінде залдағы жарық өшіп қалады. Жиынға келгендердің арасында небір лауазымды тұлғалар, белгілі адамдар бар. Зал у-шу болып кетеді. Сонда президиумда отырған Мәрия Бесбайқызы отырғандарды сабырға шақырып, «Тамаша той-думанмен таң атырса» әнін бастап кетеді. Қараңғы залда отырған жұрт айрандай ұйып тыңдайды. Өйткені апай әнді тамаша айтып, мандолинада өте жақсы ойнайтын.
Мәрия апай күн сәулелі, жылы шырайлы адам еді. Өйткені күннің көзі шыға қалса, ауылда бәріміз күншуақта отыратын едік. Ол кісі дәл солай, оған қарай жас бала болсын, кәрі болсын ұмтылып тұратын. «Қалың қалай?» дегені жай ғана құрғақ сөз емес еді. Таныс адамы, жақыны болсын, әркімге асқан ұқыптылық пен жылылықпен қарап, қал-жағдайын сұрап, адамды мұқият тыңдай білетін.
Ол кісімен біз әпке-сіңлілі болып жақсы аралас­тық. Қарапайым жан болатын.
Мәрия апайдың жүрегінің кеңдігі соншалық, Отанына, туған жеріне махаббаты ұшан-теңіз еді. Ол жер басып жүрген әрбір пенденің қазақ даласында бақытты өмір сүргенін қалайтын. Елінің ертеңін ойлап, кейде алаңдап та отыратын. Өзінің қиын тағдырын айтып, айналасындағылардың бақытты болғанына үнемі тілектес болып жүрді. Мемлекеттік қызметтегі іскерлігімен қоса, қазақтың әндерімен қоса орыс әндерін де жақсы айтатын еді. Өте белсенді өмір сүрген жан болатын. Мәрия апай жайлы естеліктерді өткен шақта айтып отырсақ та, оның бейнесі жүрегімізде мәңгілікке қалды.

Нұрғалым ЖАЗЫЛБЕКОВ,
профессор, Бараев атындағы мемлекеттік
сыйлықтың иегері:

Табиғаты нәзік болса да, батыр еді

Мәрия Бесбайқызы мектепті бітірген соң, Қы­зыл­орда педагогикалық училищесіне оқуға тапсырады. Мектепті орысша бітірген оны алмаймыз деген қарсылық болады. Өйткені онда тек қазақша білім берілетін. Сонымен, ол кісі бір айдың ішінде қазақша үйреніп, емтиханнан өтіп, оқуға түседі. Біздің таныстығымызға жарты ғасырдан астам уақыт болған шығар. Азамат еді. Ол кісіні білетіндер оның ерекше жаратылған қайталанбайтын біртуар жан екенін айтады. Тұрмыс-жағдайы төмен адамдарға жиі қолұшын созатын. Өзі де бірталай қиындық көрген. Екі баласы Талғат пен Тимурдан немере, шөбере сүйген кісі. Тұрағы биік еді. Екі мәрте Мәжіліс депутаты болды. Сонысына қарамай, өте қарапайым еді. Алдына шаруамен келген адам болса, шешіп беруге барын салатын. Мәрт адам болатын. Еркек болғанда батыр адам болар ма еді деп те ойлаймын. Айтқан сөзін екі етпейтін. Жүзінен шапағат нұры төгіліп тұратын. Өте қамқор жан еді.
Мәрия шаршау дегенді білмейтін. Үнемі қоғамдық іске белсене араласты. Бүгінгі заманның ең өзекті мәселесі талқыланатын халықаралық конференцияларда да жүретін.

Уәлихан ҚАЛИЖАН,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Ұлтын сүйген қайраткер қыз

«Дүние бұраңдаған бір қисық жол» деседі халық даналығы. Сол сан қырлы жолда талай адаммен кездесесің. Біреуімен сыйлас, біреуімен сырлас, біреуімен бас изесіп өте шығасың. Ондай адамдар есіңде көп қала бермейді.
Ал Мәрия Беспайқызы мен үшін мүлде бөлек әлем. Бір елдің адамдары болсақ та, Мәрия әпкемді кеш таныдым. Парламент Мәжілісі депутаттығына мен Талғар ауданынан, ал Мәрия Беспайқызы Қарасай ауданынан сайланған болатын. Елден 6-сыныпта оқып жүрген кезде кеттім де, көп адам­дарды тани бермейтінмін. Ол кезде «Егемен Қазақ­стан» газетінің бас редакторы едім. Әуелде Қарасай, Жамбыл аудандарынан депутаттыққа үміткерлік ойымда болған еді. Бірақ сол кездері Алматы облысының әкімі марқұм Заманбек Нұрқаділов тоқтау сөз айтты.
– Мәрия Беспайқызы сен секілді республикаға танымал болмағанымен, елге қадірлі. Білім, оқу, идеология жүйесін басқарған. Ағайындардың арасында кірбің түсіп, ауылдарыңның берекесі кетеді. Әрі ол кісінің жасы сенен үлкен. Әпкең болады. Әпкесімен айтысты деген ат саған абырой әпере ме? Одан да танысып, қолын қысып, жол сіздікі деп, №10 Талғар сайлау округінен депутаттыққа кандидат болып тіркел. Онда да сені жұрт біледі, таниды. Ағайындарың да жеткілікті, – деді.
Осы сөздерден кейін Мәрия әпкеммен танысып, әңгіменің жай-жапсарын түсіндіріп айттым.
– Қыз тілеуқор деген рас екен. Сенің осы азаматтығыңа разымын. Ақ жол тілеймін! Жамбыл бабамыздың әруағы екеумізді де қолдап жүрсін! – деп әпкем бетімнен сүйді.
Осы бір кездесу әпкемнің көзі жұмылғанша сыйласу мен сырласу жағдайында өтті. Әпкемді кейде «апашка» дейтінім бар-ды. Сондайда Мәрия Беспайқызы:
– Келіннің жұртындағы апаларыңды «апашкалай» бер, біз Шәмшә Көпбайқызы екеуміз саған «әпкеш­кеміз». Осыны зердеңде ұста, бала, – деп қоятын.
Парламент мәжілісінің пленарлық отырысы сайын Үкіметке ел, жер, оралман мәселесі туралы үз­бей депутаттық сауал жолдаймын. Сондайда Мә­рия әпкем «кел, мен де қол қояйын, қолдау болсын» дей­тін.
Бірде Сарыағашқа демалуға бардым. Келген күннің ертеңінде Мәрия Беспайқызы қайтып бара жатыр екен. Әпкемді түскі асқа шақырармын деп ойлағам. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Асықпай тұрып, жуынып-шайып, енді таңғы асқа шығар бергенім сол еді, есік тықылдады. Иә деге­німше болмай, бас дәрігер екі-үш даяшысымен кіріп келді. Даяшылар лықиған мүше-мүшесімен жылқының етін алып кірді. Кішкентай хат. «Уәлихан інім, саған қонақасы бере алмадым. Бірақ мына етті өзім базардан таңдап әкелдім. Әпкеңнің берген қонақасы деп қасыңдағы жігіттермен дәм татарсың. Әпкең М.Беспайқызы».
Міне, қазақы өнегеліліктің үлгісі. Тұла бойы ұлтжандылыққа тұнып тұр еді. Осылай таңғы асты бал татыған қымызбен, етпен рақаттана жеп алдық.
Қайран, асыл әпкем-ай!
Лондонда оқыс оқиға болды. Кешкі асты бір атақ­ты кафеде ішетін болдық. Тобымыздың жетек­шісі – Жекен Қалиұлы. Ағылшын тілін жетік білетін депутат.
– Кешкі шайды СССР-дің соңғы Президенті М.Горбачев мырзамен ішетін болдық, – деді.
Расында, солай болып шықты.
Михайл Сергеевич орнынан тұрып:
– Қазақ бауырларымды көргеніме қуанышты­мын! – деді. Қасымызда Қайрат Абдрахманов мырза болатын. Амандасқан соң:
– Михайл Сергеевич, осы қазақ ұлтшылдығы дегенді КПСС Орталық Комитеті қайдан шы­ғар­ды, – дедім.
– Оны дайындап әкелген Қазақстанның партия функционерлері, – деп Горбачев қысқа қайырды.
Тамақ ішіліп, шарап та көтерілді.
– Абайдың әнін сағындым. Айтасыздар ма? – деді М.Горбачев.
Мәрия Беспайқызы екеуміз М.Горбачевпен қатар тұрып, Абайдың «Көзімнің қарасын» айттық.
М.Горбачев бізге, біз оған рақмет айтып, жылы қоштасқанымыз бар.
Мәрия Беспайқызы өмірді сүйген, ұлтын сүйген қайраткер қыз еді… Енді естелік болып қалуы Шерағаң, Шерхан Мұртаза айтқан «Бір кем дүние»…

Дайындаған Әсел ДАҒЖАН

Бөлісу: