Ел өркендеу жолында, мәселе – қарқында

Nur Otan партиясының жақында болып өткен XVIII съезі ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Елбасымыз, партия Төрағасы
Н.Назарбаевтың съездегі баяндамасы, онда қозғалған мәселелер, алға қойылған міндеттер, әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға бағытталған, бұрын-соңды болып көрмеген аса ауқымды қаржылық қамқорлық халықтың ақ алғысын алып отыр. Мәжіліс депутаты Сауытбек АБДРАХМАНОВТЫҢ Kaztube порталындағы «Бағдар» хабарына берген сұхбатының мәтінін «Айқын» оқырмандарының назарына ұсынудағы мақсат – билік партиясының күні кешегі шешімдерінің мемлекетіміздің дамуы үшін қағидатты қастерлілігін ашып көрсетуге тырысу.
– Елбасы Nur Otan партиясының съезінде елдің әлеуметтік әлеуетін арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмаларды өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
– Бұл съездің ерекше құндылығы, партия тарихындағы бетбұрысты съезд болады деп айтуға мүмкіндік беретін жағдайы мемлекетіміздің конституциялық сипатын айшықты ашып көрсеткендігінде деп білемін.
Ата заңымыздың 1-бабы былай басталады: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». Біз еліміздің демократиялық сипатын, зайырлы сипатын, құқықтық мемлекет екенімізді де айтамыз. Әлеуметтік мемлекет екенімізді көп айта бермейміз.
Бұл съезд Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретінде одан ары орныға түсуінің үлкен белесінің басы. Жалпы, мемлекет адамдар үшін құрылады. Біз адамдар мемлекет үшін өмір сүрген ғасырларды, ұзақ тарихты білеміз. Мемлекеттің мүддесі үшін миллиондаған адамдардың құрбан болған жағдайларын білеміз. Тек мемлекеттің мүддесіне бағындырылған қоғамды да білеміз. Оның шет жағасын өзіміз көрдік, біраз уақыт өмір сүріп те үлгердік. Ал негізінде мемлекет әлеумет үшін, әлеуметтің мүддесі үшін құрылады. Осы тұрғыдан қарағанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасы, съездің шешімдері өте қағидатты деуге болады. Сонымен бірге, адамдар мемлекетті құра отырып, өздерінің еңбегімен, бірлігімен, ынтымағымен, үйлесімді өмірімен мемлекетті нығайтады. Мемлекет нығайған сайын адамдарға жасалатын қамқорлық та тиісінше көбейе береді. Адамдарға жасалған қамқорлық кері реакция бойынша мемлекетке қайтарыммен келеді, сонда мемлекет те күшейеді, адамдардың бақуаттылығы да артады. Осы тұрғыдан қарағанда бұл аса маңызды мәселені айшықты ашып беруі XVIII съездің үлкен табысы деудің әбден жөні бар.
Ел халқына әлеуметтік қолдау ретінде Ұлттық қордан 2 триллион 300 миллиард теңгедей қаржы бөлінгелі отыр. Біз 2001 жылы (мен ол кезде «Егемен Қазақстан» газетін басқаратынмын) жылдық бюджеттің Парламентте бекітілуі туралы жазылған есепке «Триллион деп сөйлейтін күнге жеттік» деген тақырып қойған едік. Сол жылы Қазақстанның бүкіл бюджеті – қорғанысы бар, аграрлық секторы бар, денсаулыққа бөлінетін, білім саласына бөлінетін қаражат бар, бәрі қосылғанда триллион теңгеден асқан болатын. Ал қазір әлеуметтік міндеттерді шешуге бөлінетін қаржының өзі 2 триллион теңгеден асып отыр. Ал триллион дегеніміз не? Миллиардтан мың рет болғанда барып 1 триллион болады. Миллиардыңыз өзі оңай емес. Миллионнан мың рет болғанда барып 1 миллиард болады. Бұл астрономиялық сандар. Бірақ ел үшін, елдің мүддесі үшін осы қаржыны Елбасы тауып отыр. Бұл қаржы қалай табылып отыр? Бұл қаржы Президенттің алыстан ойлаған, болашақты көздеген саясатының арқасында табылып отыр. Көптеген жылдар бойы мұнай мен газдан түсетін табыс бюджетке емес, Ұлттық қорға құйылып келді. Соның арқасында біз 1998-1999 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы дағдарыстан өттік. Одан кейін Америкада басталған ипотекалық дағдарыстан өттік. Одан кейін жарты әлемді шарпыған қаржылық дағдарыстан өттік. Сөйтіп, Ұлттық қордағы қаржымыз үш дағдарыстан елді аман алып шықты. Енді міне, халықтың әлеуметтік жағдайын одан ары көтеру қажет болған кезде, кейбір проблема қордаланып қалған кезде Президент ел үшін, өзінің туған халқы үшін Ұлттық қордан қомақты қаржыны шығаруға мүмкіндік бар деп шешіп отыр.
– Өзіңіз айтып өткен аса ауқымды ақшаның игілігін ел қашан көреді?
– Дәл бүгін (сұхбат 6 наурызда болған – ред.) Президент Премьер-министрді және Үкімет басшысының әлеуметтік салаға жауап беретін орынбасарын қабылдады. Осы кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы көпбалалы, табысы өте төмен отбасыларға көмек 1 сәуірден беріле басталуы керек дегенді қадап айтты. Бұл, әрине, сол салаға қатысты министрліктерге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, қалған аз уақыттың ішінде осының барлығын есептеп, шотқа қағып шығу керек. Әр адамның нақты мүмкіндігін дәл анықтау, әр отбасының қанша табатынын түгендеу оңай емес. Ол отбасы сол санатқа жата ма, жатпай ма, табысы азға қосыла ма, қосылмай ма, неше баласы бар, жанұяда неше адам бар, отағасы қанша табыс табады, әр адамға бөлгенде қаншадан тиеді, есептеп келгенде сол санатқа кіре ме, кірмей ме деген өте нәзік мәселе. Онда, мысалы, қателесіп кетіп, біреулердің жанын жаралап алуға да болады. Немесе біреулерге артық беріп қоюға да болады. Өте тығыз уақыт. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөз бар еді, сондықтан бұл игілікті халқымыз сәуірдің басында-ақ көргелі отыр, бұйырса. Ал Президенттің баяндамасында айтылған басқа жақсылықтар, мысалы, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін, аз айлық алатын адамдардың жалақысына қосылатын үстеме 1 шілдеден бастап қосылады.
– Осының аражігін айтып көрсету керек секілді.
– Иә, дұрыс. Олар 1 шілдеден алады, көпбалалы, мұқтаж аналарға берілетін жәрдемақыны қосып төлеу 1 сәуірден басталады.
– Елбасының былтырғы қазан айында жасаған Жолдауы, негізінен, осы айтып отырған әлеуметтік салаға арналған болатын. Nur Otan съезі де, негізінен, әлеуметтік бастамаларға құрылды. Бұл ретте Жолдау мен съездің айырмашылығын атап көрсетсеңіз.
– Съездегі шешімдер қазан айындағы Жолдаудың заңды жалғасы. Соның бір ғана қырын әңгіме етейік. Президент «7 – 20 – 25» деген бағдарлама ұсынды. Оның игілігін жұртшылық қазірдің өзінде көре бастады. 7 дегеніміз – банкінің бұрынғы 15 пайыздық өсімінің орнына 7 пайыздық өсім. 20 дегеніміз – бұрын үйдің құнының кемінде 50 пайызын төлеу керек болса, қазір 20 пайызын төлеуге болады. 25 дегеніміз – бұрын адам банктен алған қарызын 15 жылда төлеп бітуге тиіс болса, енді 25 жылда төлеп бітуге тиіс. Бұлардың барлығы халық үшін, әсіресе, жас отбасылар үшін үлкен көмек. Дегенмен, айтпаса болмайтын бір мәселе бар. Әлеуметтік желілерді қарап, қоғамдық пікірге құлақ асып отырғанда бір қауіп қылаң береді. Бола берсін, тола берсін, бере берсін, келе берсін деген психология дендеп кетпеуі керек. Президент ол жағын да съезде басын ашып айтты. Масылдық психологияға жол бермеуді қадап тұрып көрсетті. Жағдайы өте төмен адамдарға ғана көмек көрсетіледі.
– Президент тапсырма берді. Енді осы істі өз тараптарыңыздан заңнамалық тұрғыдан сапалы қамтамасыз ету жағы қалай болып жатыр?
– 2019 жылғы бюджетке түзетулердің нұсқасы Мәжіліске түсті. Біз өзіміздің әрқайсымыздың кураторлық жасайтын салаларымыз бойынша қандай қажеттіліктер бар, ең ділгер тұстар қайсы деп министрліктерден материал алдыртып жатырмыз. Осы кез өте қауырт кез, өйткені 1 сәуірден бастап қосымша жәрдемақы алатын адамдардың ақшасы да бюджетке салынып үлгеруі керек. 1 шілдеден бастап айлығы өсетін адамдардың ақшасы да енуі керек. Біз ол жұмысқа дайынбыз.
– Қоғамда қызу талқыланатын, жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ішкі істер органдарын реформалау. Оны Президент те айтып кетті. Осы тұрғыда Парламентте қандай мәселелер қаралып жатыр?
–Барлық сала бойынша нақты жұмыс істеуге мүмкіндік беретін нақты заңдар негізінен бар. Бір ғана мәселені айтайын. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттық сауал жасадым. Сол сауал сіз айтып отырған ішкі істер органдарының жұмысына тікелей қатысты. Қазақтың жанын ауыртатын, ауылдағы адамның жанына бататын мәселенің бірі – мал ұрлығы. Біз осы тұрғыда Бас прокуратурадан мәліметтер алғыздық. Соңғы екі жылда Қазақстанда 12 мың мал ұрлығы тіркелген. Сонда әр күнде біздің елімізде 16 мал ұрлығы болады екен. Бұл енді қылмыстың әбден асқынғандығы. Қостанай облысының бір ауданынан бір күнде 40 жылқыны айдап әкеткен. Ақмола облысының бір ауданынан бір күнде 28 сиырды алып кеткен. Ешқайсысы табылмаған. Мұндай факті көп. Бір жағдайды баса көрсеткім келеді. Соңғы кездердегі біраз адамдардың көңіл толмаушылығына қарап, әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарап, біздің елде бір үлкен қиындық туып жатқандай ойлауға ешқандай негіз жоқ. 2018 жылды Қазақстан экономикасы
4,5 пайыздық өсіммен аяқтады. Бұл қазіргі жүйелі дағдарыс кезінде, санкциялар салу заманында, біз үшін өте тиімсіз болып тұрған шикізат конъюктурасы жағдайында едәуір ілгерілеу. Қазақстан даму жолында. Бұны басын ашып айту керек. Жаңа Үкімет те үлкен шараларды қолға алып жатыр. Бар мәселе біздің дамуымыз қазіргіден қарқындырақ болуы керек дегенге тіреледі. Біз алға жүріп, ілгерілеп келеміз, бірақ бұдан қаттырақ жүре аламыз, оған мүмкіндігіміз бар деген тұрғыда қарау керек, соның жаңа жолдарын іздеу керек. Ал қарқынымыз баяулап қалды деуге, елдегі жағдайға олай қарауға ешқандай негіз жоқ. Барлық статистикалық мәлімет, барлық нақты көрсеткіш осыны дәлелдейді. Ел өркендеу жолында, мәселе – қарқында.
– Елбасымыз «Ауыл – ел бесігі» деген арнайы жоба әзірлеуді тапсырған болатын. Осы жобаның аясында қандай мәселелерге ең алдымен мән берген дұрыс?
– «Ауыл – ел бесігі» дегенде, халқымыздың, қазақтың барлық құнды қасиеттері, асыл қазыналары ауылда, ауылдан шыққан жүректе екендігін ерекше айтуымыз керек. Сонымен бірге, ауылдың адамдарына да үлкен сын артылуы, жауапкершілік жүктелуі тиіс. Мысалы, өңірлерге шыққанда ауылдағы адамдармен кездесеміз. Сонда қай жерде де ақша жетпейді дегенді айтады. Рас, жетпейді. Оның себебі көп. Адамдардың өзіне қатысты себептер де бар. Қалай жетеді, егер ауылда тұрған отбасы мал ұстамаса, жас келін сиыр саумаса, сиыр саууға ерінсе? Сиыр саумағаннан кейін сүтті, айранды, ірімшікті, майды да сатып алатын болса, қалай жетеді? Егер үйде табаға, тандырға нан жабуға мүмкіндігі бола тұрып ұн алмаса, ауылда тұрып нан сатып алатын болса, қалай жетеді? Ауылда тұрып, бақша ұстамайтындарға не айтарсыз? Қызанақты да, пиязды да, сәбізді де, картопты да базардан, дүкеннен сатып алатын болса, қалай жетеді? Біздің бала күнімізде дүкенге ауыл адамдары өздері жасай алмайтын нәрселерді ғана алуға баратын. Сіріңке жасай алмайды адам. Тұз жасай алмайды. Бұрыш жасай алмайды. Кәмпит жасай алмайды. Ал өзі жасай алатын, үйінде өндіретін, бақшаға егетін өнімдерді дүкеннен алмайтын. Өзі жасай алатын дүниелер үйінен шығатын. Қазір ауылда тұрып солардың бәрін сатып аламыз. Сөйтіп, онсыз да жетпей жатқан ақшаны қолдан қушитамыз одан ары. Қиындықтарды еңсерудің басты жолы – еңбек, еңбек және еңбек. Өкінішке қарай, ауылдық жердің өзінде еңбектен қол үзе бастаған тұтас буын өсіп келе жатыр. Бұл өте алаңдатарлық жағдай. Әсіресе, қол күші жұмсалатын еңбектен қашу, оны қара жұмыс деп қорлану – айтар ауызға ұят.
– Демек, ауыл халқын еңбекке баулу керек дейсіз ғой?
– Еңбек идеологиясын қолға алуымыз керек. Елбасымыздың Баршаға ортақ еңбек қоғамын құруға шақыратыны сондықтан.
– Бұл бағытта елімізде біраз бағдарлама бар. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту деген жобалар жасалып жатыр. Олардың бәрі жеткіліксіз болып тұр ма сонда?
– Бағдарлама жағынан бізде кемшілік жоқ. Солардың нақты жүзеге асуы, тетігін табу мәселе болып тұр ғой. Мысалы, Президент бұл қалай, біраз етті сырттан аламыз дегенді қатты айты. Расында да, Қазақстан осыдан 30 жыл бұрын Кеңес Одағының кемінде ширек бөлігін етпен жауып тұрған еді. Қазір осындай байтақ жеріміз бола тұрып, ғасырлар бойы малмен айналысқан еліміз бола тұрып, біз талай етті сырттан аламыз. Бұл – үлкен олқылық. Осы мәселені шешудің жолдары бар, меніңше. Біздің бала күнімізде «заготскот» деген болған, ол – халықтан малды етке сатып алатын мекеме. Айына бір рет ауылға үлкен машина келеді, сиыр, құнажын, тайынша тұра алатындай дәу таразысын жерге қояды. Өздерінің есептелген өлшемдері бар. Малдың терісінің, сүйегінің салмағын шығарып, мына малда мұнша келі ет бар дейді де, қып-қызыл ақшаны қолға ұстатып кетеді. Сол кезде мал өсіруге үлкен мотивация болды. Өйткені аудандағы базарға бармай-ақ, тіпті малыңды соймай-ақ етіңді өткізесің, өздері келіп алып кетеді. Ал қазір артық мал өсіруге, әсіресе, аудандағы базарлардан алыс жерлердегі ауыл адамдарына елеулі мотивация жоқ. Қазір қазақ малды не үшін өсіреді? Өздері жеу үшін өсіреді, қонақ күту үшін өсіреді, той жасау үшін өсіреді. Басқа мотивация жоқ. Өйткені ауылдағы қазақ үшін мал ақша табудың нақты тетігі болып тұрған жоқ. Көршісіне сатпайды ғой, оның да қорасында өзінің сиыры, қойы тұр. Ал негізінде ауылдағы қазаққа мал ақша табудың көзіне айналуы керек. Соның бір жолы – «заготскотты» жаңғырту. Оны нарық жағдайына бейімдеп қалыпқа келтіруге болады деп ойлаймын. Мысалы, соғымға деп мал өсіретіндер оны әбден біліп алған, олар жақсы пайда табуда. Ал енді ондай жағдайы жоқ, тек сиыр ғана, тек қой ғана ұстай алатын шағын отбасылар артық малын алып кететін орындардан қосымша ақша алып отырса, соның өзі үлкен көмек болады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бахтияр ХАМИТ