Ел қамқорлықты сезінді

160
0
Бөлісу:

«Nur Otan» партиясының тарихи Сьезіне қатысқан ақтөбелік делегет жергілікті жерде қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кезекті кездесу «Трансэнерго» АҚ-да өтті.

 

«Nur Otan» партиясының Съезінде елдің әлеуметтік жағдайын көтеріп, халықтың хәл-ахуалын жақсартуға арналған нақты тапсырмалар берілді. Көпбалалы, мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік жәрдемақыны арттырып, кәсіп ашу үшін жағдайы төмен отбасыға қайтарымсыз грант беру қарастырылды. Қазіргі уақытта әр аймақта кешенді жоспар құрылып, тұрмысы төмен отбасының әлеуметтік картасы дайындалып жатыр. Арыз-шағым айта келген әр адамның тілегі қаралып, нақты көмек жайы да түсіндіріледі. Ақтөбелік делегат Съезде айтылған әр тапсырманы халыққа түсіндіріп, кездесу өткізіп жатыр. Қалалық мәслихат депутаты, «Трансэнерго» АҚ БПҰ төрағасы Аманбай Сакиевтің қатысуымен коммуналдық мекеме қызметкерлеріне елде қолға алынған істер жайы айтылды.

«Елбасы Үкіметке атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұрынғы өлшем – 50 пайыз, яғни 14 849 теңге болса, енді 20 789 теңгеге көтерілді. Сонымен қатар, көпбалалы отбасындағы әр балаға төленетін төлем 20 789 теңге көлемінде белгіленеді. Мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектік алған, бірақ жасы 18-ден асқан бірінші топ мүгедектерінің  күтіміне де ақы беріледі. Облыс бойынша 3590 азаматтың жәрдемақысын 31,1 мың теңгеден 40,5 мың теңгеге дейін өсіру жоспарланып отыр. Бүгінде көпбалалы отбасыларды да, жалпы қарапайым халықты да толғандырып отырған өзекті мәселелердің бірі – баспанамен қамтамасыз ету. Осы орайда, Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалар бар, аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алудың қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру жеңілдіктері тетіктерін әзірлеуді тапсырылды», – деді А.Сакиев.

Жиын соңында қатысушылар қалалық мәслихат депутатына өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде сауалдар қойып, жауабын алды. Депутат өз кезегінде көпбалалы аналарды, әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытындағы өз ұсыныс-пікірлерін де жеткізді

Алтынай Сағындықова

 

Бөлісу: