Қазақстандық телеарна Жүкембаевтың жекпе-жегін көрсететін болды

Қазақстандық «Хабар» телеарнасы кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаевтың келесі жекпе-жегін тікелей эфирде көрсететін болды.
Батырдың кездесуі Канаданың Монреал қаласында өтеді. Қарсыласы – мексикалық Карлос Хименес. Бірінші орта салмақ дәрежесінде өтетін он раундтық кездесу бокс кешінің басты оқиғасы саналады. Сондай-ақ андеркартта тағы бір қазақстандық боксшы Нұрзат Сәбиров аргентиналық Сезар Рейносоға қарсы жұдырықтасады.
Жүкембаевтың жекпе-жегі Астана уақытымен 17 наурыз күні таңертең басталады. Тікелей эфир таңғы 8:00-де басталады. 27 жастағы Жүкембаев пен 25 жастағы Сәбиров барлық кездесулерін Канадада өткізіп келе жатыр. Екеуі де Eye of the Tiger Managament промоутерлік компаниясының құрамында.
Бұл жекпе-жек үшін Жүкембаев өз карьерасындағы рекордтық сыйақы алады. Яғни, осы кездесу үшін Батырға 40 мың доллар төленбек. Сондай-ақ оның бұл кездесуін америкалық промоутерлер де келіп көрмек. Демек, Батыр жақын арада АҚШ-қа ауысуы да әбден мүмкін.
Абай Қазбекұлы