Кімдер ұпай еншілейді: Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты басталады

199
0
Бөлісу:

Бүгін, 9 наурыз күні футболдан 2019 жылғы Қазақстан чемпионаты басталып, алғашқы матчтар Астана уақытымен 15:00-де ойналады.

«Тобыл» – «Ертіс».

Маусым аралық үзілісте «Тобыл» бас бапкері ауысып, тізгінді ресейлік Владимир Газзаев ұстады. Ал «Ертісті» белгілі болгар маманы Димитар Димитров баптайды. Қос команда осыған дейін 65 рет кездесіп, 22 рет қостанайлықтар жеңіске жетсе, 23 рет «Ертіс» басым түскен. Ал 20 кездесу тең аяқталған.

«Жетісу» – «Оқжетпес».

«Оқжетпес» – бірінші лигадан оралды. Ал талдықорғандық клуб бұл ретте біршама тәжірибелі. Әрі оларды танымал маман Дмитрий Огай баптайды. Бұл да артықшылық. «Оқжетпестің» бас бапкері қызметін былтыр «Қайратқа» ел кубогын алып берген Андрей Карпович атқарады.

«Ордабасы» – «Шахтер».

Маусым аралық үзілісте шымкенттік командаға белгілі менеджер Саян Хамитжанов ауысып барып, президенттің кеңесшісі қызметіне жайғасты. Ол бұған дейін бес жыл «Астана» клубының президенті болған еді. Осыдан соң шымкенттік ұжым біршама мықты легионерлермен күшейді. Тіпті биыл чемпиондыққа да таласуы ықтимал. «Шахтер» – ортаңқол ұжым. Бірақ биыл былтырғы деңгейінен жоғарырақ ойнауға тырысатыны сөзсіз.

Қалған ойындар ертең, 10 наурыз күні өтеді.

«Қайсар» – «Атырау».

Стойчо Младенов келгелі «Қайсардың» ойыны біраз түзелген. «Атыраудың» да тізгін ұстаушысы осал маман емес: Кезінде «Шахтерді» еурокубоктық деңгейде ойнатқан Виктор Кумыков.

«Астана» – «Ақтөбе».

Бұл жұптың фавориті белгілі. «Астана» маусым басталмай жатып Суперкубок иеленіп, алғашқы трофейлерін иеленді. Біраз мықты ойыншылар кеткеніне қарамастан, елордалық ұжым берік физикалық һәм тактикалық мазмұнды жойып алмауға тырысқан. Ал «Ақтөбенің» жағдайы қиын. Олардың ұпайлары шегеріліп, бірқатар жаңа ойыншыларды тіркеуге тыйым салынды.

«Қайрат» – «Тараз».

Алматылық ұжымның Суперкубок кездесуіндегі ойыны түсініксіз болды. Команданың біраз үздік ойыншылары жарақат алып қалған. Енді өздерінің маусымға тыңғылықты дайындалғанын жанкүйерлеріне дәлелдеу үшін өз алаңында «Таразды» жеңу керек.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: