ШУАҚ БОП ШАШЫЛҒАНДАР

747
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес. Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман елдерінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірігейі де – біздің қазақ» деген еді.

Қазақ әйелінің иығына ар­тылған жүк – ауыр. Нарықтық экономикаға көшкен сәттен бастап ер азаматтар атқаратын жұмыстардың көбін әйелдер еңсерді. Жұмысшылардың 67 пайызы әйелдер екен. Мем­лекеттік сектордағы әйел қыз­меткерлердің саны 60 пайызға жақындады. Олардың 30 пайыз­дайы басқару бишігін қолға ұстаған. Шағын және орта кәсіп­керлікті бас­қаратын әйелдердің үлесі 50 пайызға тақады. Елі­міздегі көмір, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласында да әйелдердің үлесі жетерлік.
Ана – отбасы ұйытқысы. Береке бастауы – ана алақа­нында. Отанға деген махаббат, ұрпақ тәрбиесі ананың әлдиінен бастап күнделікті ақылынан түзіледі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің, адамгершілікке тәрбиелеудің тетігін аналар қалыптастырды.
«Әйел жерден шыққан жоқ, ол – еркектің баласы. Еркек көк­тен түскен жоқ, әйел – оның анасы» деген нақыл сөздің түп-төр­кініне ой бой­латсақ, ер аза­мат бір жағы анасына, екінші жағынан әйеліне керемет тең­дестірілген. Сондықтан да қазақ қоғамында аналар ерекше сый құрметке ие болған.
Қазақтың ақиық ақыны Жүрсін Ерманның «Әйелге ода» деген әйгілі өлеңі бар. Ғажайып өлең!
Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде! – дейді.
Әйелдер – әлемге әр беруші. Бәсекелестік бәйгесінде ерлерге дем беруші. Әлемде әйел заты болмаса, не болар еді?!. Жер бетінде күн сөніп, қараңғылық басып қалғандай күй кешер едік. Сол себептен Қазақ елі жыл сайын 8 наурыз мерекесін ерек­ше елжіреп тойлайды. Аналарға, қыздарға сыйлық жасалады, бар­лық жақсы тілектер ақта­рылады.
Мұқағали Мақатаевтың «Арулар – асыл жандар» дейтін бір өлеңі бар. Сондағы «Шуақ боп шашыл­ғандар» деген сөзді тақырыпқа шығарып отырмын. Адамзат күннің шуағына мұқтаж. Сосын аналардың, арулардың жан шуағына мұқтаж. Жан-жақта­рыңызға шуақ шашып, аман жүріңіздер! Мереке­леріңіз құтты болсын!

Бөлісу: