Жаңа телесеріктес тапқан Головкиннің шаршы алаңға қашан шығатыны белгілі болды

1208
0
Бөлісу:

DAZN стримингтік компаниясы қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен келісімшарт жасасқаны туралы ресми мәлімдеді.

Головкинмен келісімшарт жасауға Premier Boxing Champions, Showtime және FOX сервистері де үмітті болған. Бірақ бәрін DAZN басып озған.

«КАНЕЛО» ГОЛОВКИННІҢ МЫҚТЫЛЫҒЫН МОЙЫНДАДЫ

«Келісім жүзеге асты! GGG жекпе-жектерін DAZN-нан көріңіздер» деп жазды сервистің твиттердегі парақшасы.

The Ring журналының жазуынша, келісімге 7 наурыз күні қол қойылған. Бұл туралы ресми түрде Лос-Анджелесте 12 наурыз күні баспасөз жиынында хабарланбақ.

Енді Головкин осы жылдағы алғашқы кездесуіне маусым айында шығады. Үш жылдық келісімшарт аясында ол жылына екі кездесу өткізеді. Сондай-ақ DAZN GGG Promotions компаниясына 2020 және 2021 жылдары төрт бокс кешін ұйымдастыруға уәде етіп отыр.

Головкиннің DAZN-мен келісімге келуі оның Альвареспен үшінші рет жұдырықтасу мүмкіндігін арттыра түспек. DAZN-ның атқарушы директоры Джон Скиппер және белгілі промоутер Эдди Хирн боксшымен келісімшартты бірнеше ай бойы жүргізген.

Головкин шаршы алаңға соңғы рет былтыр қыркүйек айында шығып, мексикалық Сауль «Канело» Альварестен жеңіліп қалған еді. Қазақстандық спортшының өзі жаңа келісімі жайлы пікір білдірді.

ДЖЕЙКОБС: АЛДЫМЕН «КАНЕЛОНЫ» ЖЕҢІП АЛАЙЫН, СОСЫН ГОЛОВКИННІҢ ЕСЕСІН ҚАЙТАРАМ

«DAZN ыңғайлы келісімге келіп жаңа бокс үйіне айналып шыға келді. Мен өзімнің карьерамды қалай, қайда жалғастырамын деп ойланған кезде DAZN-ның ұстанымы менің мақсаттарыммен сай келді. Фанаттарыма қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын» дейді Головкин.

Еске салсақ, HBO компаниясы бокс трансляциясын доғарғаннан кейін Головкин телесеріктессіз қалған еді. Бұл америкалық арнамен бірге Головкин 2012 жылдан бері жұмыс істесті.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: