Алексей Полторанин допинг дауының мән-жайын түсіндіріп берді

1018
0
Бөлісу:

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин өзінің допинг дауына тап болуына байланысты түсініктеме берді.

Бұл туралы отандық bnews.kz сайты жазады. Спортшының айтуынша, ол ешқашан тыйым салынған препараттар қабылдамаған.

«Қазір отбасыммен біргемін. Жақын күндері отаныма барамын» дейді спортшы.

Оның айтуынша, 27 ақпан күні Австрия полициясы оны жаттығудан қайтып оралғаннан кейін ұстаған.

«Мені қан құю үстінде ұстады деген жалған ақпарат. Мен құйдырған емеспін. Полиция мені әкеткеннен кейін күтімі нашар, салқын жертөледегі бір адамдық камерада ұстады. Мен сол кезде бостандыққа шығу үшін бәріне де дайын едім. Қазір түрмеде алған психологиялық жарақаттан айығу процесін өткеріп жатырмын. Мен тапсырған барлық анализдер менің допинг қолданбағанымды айғақтайды. Мен тыйым салынған препараттар туралы ойладым, бірақ қабылдамадым. Мені дер уақытында тоқтатты. Бұл үшін өкінемін және кешірім сұраймын» дейді спортшы.

Сондай-ақ Полторанин дер кезінде тиісті көмек көрсеткен ҚР Сыртқы істер министрлігіне алғыс білдіреді. Айтуынша, СІМ өкілдері оны әуежайға шығарып салып, билет алуына көмектескен. Серік Сәпиев хабарласып, қолдау білдірді. Бұл мен үшін өте маңызды. Қазақстандық жанкүйерлерге де қолдауы үшін алғыс айтамын. Көп жылдар бойы еңбектеніп, жаттығып, Қазақстанның туын биіктен желбірету үшін барымды салдым» деді шаңғышы.

Бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі спортшының Германияның Мюнхен қаласынан Мәскеуге ұшып кеткенін айтқан болатын. Кейінірек спортшының өзі байланысқа шықты. 

Еске салсақ, Полторанин 27 ақпан күні 15 шақырымға қашықтыққа жарысу сынына шыққан жоқ. Кейіннен қазақстандық спортшыны допингке қарсы ережені бұзғаны үшін Австрия полициясының ұстағаны анықталды. Полторанинмен қатар Доминик Балдауф пен Макс Хауке (Австрия), Андреас Веерпалу менКарел Таммъярвтар да (Эстония) ұсталған.

Ал кеше спортшыны 11 жасынан бері танитын бапкері халыққа үндеу жолдап, шәкіртінің қылығы үшін кешірім сұраған еді.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: