«Нұрлы жол»: жаңа бағдарлама әзірленеді

498
0
Бөлісу:

«Нұрлы жол» халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мәселен, былтыр 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Биыл тағы 54 мың жұмыс орны ашыл­мақ. Премьер-министр Асқар Мамин­нің төрағалығы­мен өткен Үкімет отыры­сында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемле­кет­тік бағдарла­масын іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, «Нұрлы жолды» іске асыруға 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен шамамен 791 млрд тең­ге көзделген. Соның ішінде рес­публикалық бюджеттен 437,2 млрд теңге бағытталды, оның 437,1 млрд теңгесі немесе 99,9 пайызы игеріліпті.
– Көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы алғанда, 4,6 мың шақырым жолда құрылыс және реконструкциялау жұмыс­тары жүргізілді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 528 шақырымында қозғалыс ашылды. 928 шақырым темір жолға күрделі жөндеу жасалды. Қостанай облы­сын­да ұшу-қону жолағы рекон­с­трук­цияланды. Семей қаласы­ның ұшу-қону жолағын рекон­с­трук­циялау аяқталды. 2018 жы­лы 172,7 шақырым инженерлік желілер тартылды, олардың тозуы 60%-дан 57%-ға дейін кеміді. Бағ­дар­ламаны іске асыру 2018 жылы ЖІӨ өсіміне үлес қосты, – деді Р.Дәленов.
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму мини­с­трі Роман Скляр «Нұрлы жол» ая­­сында осы жылы 4,4 мың ша­қы­­рым жол қайта жаңғырты­ла­ты­нын, бұл жобаларда 100 мың­нан астам жол құрылысшы­лары еңбек етіп жатқанын жеткізді.
– Қарағандыдан Алматыға және Ақтөбеден Ресей шекара­сына (Астраханға) дейін құрылыс жұмыстары басталады. Жыл қорытындысында жаңғыртылған 654 шақырым автожол қозғалы­сын ашу жоспарлануда. «Астана-Павлодар» (441 шақырым), «Щучинск-Зеренді» (80 шақы­рым), «Бей­неу-Ақжігіт» (85 ша­қы­­рым), «Тас­кескен-Бақты» (20 шақы­рым), «Жетібай-Жаңаөзен» (73 шақырым) жобалары бойын­ша жұмыстар толығымен аяқта­лады. Республикалық маңызы бар 1 600 шақырым автожол жөн­деу жұмыстарымен қамты­лады, – деді ол.
Қазақстанда жол құрылысы­ның қарқын алуына байланысты жол битумының тапшылығы туын­­­даған екен. Бұл мәселені шешу үшін Индустрия және ин­фра­­құрылымдық даму мини­стрі Үкіметке «битум өнімінің экс­пор­тына тыйым салуды» ұсынды. Оның мәліметінше, отандық авто­жол саласының қажеттілігі 770 мың тоннаны құрайды. Елі­міз­дегі зауыттардың өнімділігі – 890 мың тоннадай.
Жаңа салынған сапалы жол­дар қайта жөндеу бойынша бюд­жетке жүктеме түсірмеуі үшін олардың біразы «өзін-өзі өтеуге» шығарылуда, яғни автомобиль жол­дарын күтіп ұстау және сақта­луын қамтамасыз ету мақсатында ақы алу жүйесі енгізіліп жатыр.
– Биылғы қаңтардың соңында жалпы ұзындығы 471 шақырым болатын «Алматы-Қорғас» (295 шақырым), «Алматы-Қапшағай» (42 шақырым) және «Астана-Теміртау» (134 шақырым) жол телімдерінде ақы жинау басталды. Тұтастай алғанда, 2019 жыл қоры­тын­дысында 4 ақылы жол­дан жиналатын жыл сайынғы алым шамамен 5,4 миллиард теңгені құрайды. Келесі жылы ақы алу жүйе­сін тағы 5 мың 500 шақы­рым­да іске қосу жоспарлануда, – деді Р.Скляр.
2022 жылдың соңына қарай ақылы жолдардың жалпы ұзын­ды­ғы шамамен 6 мың 500 шақы­рым­ға жетпек. Одан түсетін қар­жы 40 млрд теңге болады деген болжам бар. Бұл қаржы осы жаңа жолдардың өзін-өзі күтіп ұстау режиміне өтуіне мүмкіндік береді.
«Жаһандық бәсекеге қабілет­ті­лік рейтингінде» еліміз авто­мо­биль жолдарының жағдайы бойынша 59-орында. Алайда арнайы сауалнама көрсеткендей, «халықтың жергілікті желідегі жолдардың жағдайына қанағат­тану деңгейі» бойынша еліміз 106-орынға сырғиды. Осыған байланысты, өңіраралық инфра­құрылымды жүйелі дамыту жөніндегі ел Президентінің тап­сыр­масын орындау мақсатын­да жергілікті маңыздағы автожол­дарды қаржыландыру 2018 жылы 156 млрд теңгеге дейін жеткізілген. Ол 4 мың шақырымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік берді.
– Жергілікті жолдарды дамытуға қосымша қаржы бөлуге қатысты Мемлекет басшысының Nur Otan партиясының съезінде берген тапсырмасын орындау мақсатында қаржыландыру 200 миллиард теңгеге дейін артатын болады. Осындай қарқын келесі жылдарда да сақталады. Осылай­ша, 2025 жылға дейін шамамен 35 мың шақырым жол жөнделеді және жергілікті маңызы бар авто­жолдардың 95%-ының жағ­да­йы жақсарады, – деді Роман Скляр.
Ол «Нұрлы жол» аясында жылумен, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту сала­сын­да бюджеттік кредиттеу және субсидиялау тетіктері іске қосыл­ға­нын хабарлады. Мембағдарлама басталғалы бері, яғни 2015-2018 жылдары 230 млрд теңгенің 404 жобасы жүзеге асырылды. 3 мың 259,7 шақырым жылумен, сумен жабдықтау және кәріз желілері, 24 қазандық, 71 басқа құрылыс нысандары салынған.
2019 жылы 175 шақырым инженерлік желіні (41 шақырым жылу, 135 шақырым сумен жаб­дық­тау және су бұру желілерін, сондай-ақ 3 басқа объектілерді) қайта жаңғыртуға және салуға 37,9 миллиард теңге көзделген.
Бұл ретте министрлік әкімдік­тер­мен бірлесіп, «Сумен жабдық­тау және су бұру салаларындағы жобалардың тізімін» түзіпті. Орта­лықтандырылған ауызсумен және кәріз жүйесімен жабдықтау­ға қатысты халықтың көкейкесті проблемаларын шешу үшін жыл сайын қосымша 20 миллиард теңге бөлінетін болды.
Үкімет отырысында «Солтүс­тік – Оңтүстік» электр желілерін және «Қарағанды – Балқаш» автожолын салу жобаларын іске асыру туралы Қарағанды облы­сының әкімі Е.Қошанов, ал «Ақтөбе – Ақтау» автожолы жобасы бойынша Ақтөбе облы­сының әкімі О.Оразалин баян­дады.
Талқылауларды қорытынды­лаған Премьер-министр Асқар Мамин мемлекеттік органдарға «Нұрлы жолды» орындауға жұмылуды жүктеді. Биыл 2015-2019 жылдарға арналған мем­бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады.
А.Мамин бағдарламаны жүзеге асыру көлік және инженерлік инфрақұрылымның дамуына қуатты серпін бергеніне екпін түсірді. Өткен кезеңде 8 мың шақы­рым автожол, 3 мың шақы­рым жылумен және сумен жаб­дық­тау желілері салынып, рекон­стру­к­цияланды. 1776 ша­қы­­рымдық «Солтүстік – Оңтүс­тік» үшінші электр желісі пайдалануға берілді.
– Бағдарламаның аса маңыз­ды міндеті – халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Жаңа жолдар салу жүк тасымалдау кезіндегі бизнестің көліктік шығындарын кемінде 15%-ға қысқартады. Нәтижесінде, бұл өнімдердің өзіндік құнына және тұтыну­шылар үшін түпкі бағасына ықпалын тигізеді, – деді Асқар Мамин.
Бұған қоса, «Нұрлы жол» елдің транзиттік әлеуетін дамы­туға ықпал етті. Өткен жылдың өзінде транзиттен түскен кіріс
1,5 млрд долларды құрады. Транзит­тен қосымша табыс табу мақ­са­тында осы жылдан бастап, «Астана – Щучинск» автотрас­сасы­нан бөлек, тағы 471 шақы­рымдық ақылы жаңа жолдар пайдалануға берілді.
Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Нұрлы жол» бағ­дарламасының 2020-2025 жыл­дарға арналған келесі кезеңін әзірлеуді тездетуді тапсырды. Осы айда жаңа бағдарлама тұжырымдамасының таныстыры­л­ы­мы өтпек.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: