ТІРКЕУ ІСІНІҢ ТҮЙТКІЛІ

1229
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы съезіндегі Мемлекет басшысы белгілеп берген әлеуметтік даму бағдарламасы еліміздің өркендеу бағыты жаңа кезеңге аяқ басқынын көрсетеді. Ата заңымызда Қазақстанның әлеуметтік бағдарланған мемлекет екені атап көрсетілген.  Ел азаматтарының бақуатты өмір сүруіне, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бағдарламаны жаңа әлеуметтік доктрина десек те болады.

Мемлекет басшысының тап­сыр­­масына сәйкес, биылғы жыл­дың бірінші шілдесінен бюджет саласының ең төмен жалақы алатын қызметкерлерінің айлығы 30 пайызға, атқарушы органдар­дың азаматтармен тікелей жұмыс істейтін төменгі сатыдағы қыз­меткерлерінің жалақысы орташа есеппен 25 пайызға көтерілетін бо­лады. Бұл үшін мемлекет қа­зы­насынан шамамен 980 миллиард теңге бөлінеді.
Аз қамтылған отбасыларға ар­налған арнайы 40 мың жалда­малы пәтер салу бастамасы үйсіз-күйсіз жүрген азаматтардың күпті көңіліне үлкен медет орнатты. Тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемдерін берудің жеңіл­детілген тетігі іске қосылса, талай адам баспанаға қол жет­кізеді. Бұл аз қамтылған отбасы­ларды баспанамен қамтамасыз етуде проблемасын шешудегі маңызды қадам.
Қазіргі таңда көпбалалы от­басылардың жалдамалы пәтер жалдап, кісі есігін жағалап, бас­па­насыз жүруі үйреншікті кө­рініс. Қуықтай тар қуыста күнел­тіп, астынан сыз, үстінен мұз өтіп жатқан қаншама отбасы бар. Солардың шырылы қоғамды дүр сілкіндірді. Еліміздің демогра­фия­лық өсіміне үлес қосып жат­қан алтын құрсақты аналары­мыздың жанайқайы жоғарыға жетті. Ендігі таңда оларды сан­далт­паудың амалын жасау керек.
Әлеуметтік желіде Сағыныш Назар қарындасымыз өзекті бір мәселе көтерген екен. «Алматыда 2 балалы жалғызбасты ана мем­лекет беретін атаулы әлеуметтік көмекті (30 мың теңге) алу үшін Қызылордаға барады. Себебі, тұрғылықты мекенжайы сол жақ­тағы туысының үйінде. Алматыда 2 баласымен оны ешкім пропис­каға тұрғызбайды. Ал прописка болмаса ақша берілмейді. Осы үшін қаншама отбасы мемле­кеттің азғантай ақшасына қол жеткізе алмай жүр. Ертең мына 21 мың теңгені де тентіреп жүр­гендер ала алмайды. Үй жоқ бол­са, прописка қайдан болсын?».
Тіркеу және тіркелу ісін ой­тайландыру мәселесі алдымыздан шығып отыр. Осы ретте мем­лекеттік қызметті цифрлы фор­матта рәсімдеуді арттырудың қажеті білінеді. Бізде «Азамат­тарға арналған үкімет» деген мемлекеттік корпорациясы бар. Бала өмірге келген сәтте пер­зентхана баланың туғаны туралы фактіні тіркеп, оның анасының ұялы телефонына құттықтаухат жолдайды. Егер әйел мобильді азаматтар базасына тіркелген болса, ол проактивтік қызмет көрсетуді қолдана алады. Бір сәтте үш өтініш – баланың туу туралы куәлігіне, балабақшаға кезекке қоюға және балаларға арналған жәрдемақыға өтініш бере алады.
Жаппай цифрландыру ар­қылы балаға берілетін жәр­демақыны төлеу кезінде тіркеу ісіндегі кедергіні жоюға болады.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: