Алексей Полторанин допингпен ұсталғаннан кейін алғаш рет ресми мәлімдеме жасады

1170
0
Бөлісу:

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин допинг дауынан кейін алғаш рет ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысында хабарлады.

«Оның бұған дейін допинг қабылдамағанын, тек соған әрекет жасалғанын оқыдыңыздар. Ол мәлімдеме жасады. Серік Сәпиев (спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы) онымен тікелей байланыс ұстап отыр. Сәрсенбі күні мәселенің мән-жайын толық баяндаймыз» деді министр.

ПОЛТОРАНИН ДОПИНГ ДАУЫНА ІЛІКТІ

«Өкінішке қарай, бізде қазір заңда ешқандай шара қолдану жайы жазылмаған. Заңға өзгерістер енгізуге байланысты жұмыс істеп жатырмыз. Заң болса, механизм болады» деп атап өтті министр.

Бұған дейін БАҚ-та Полтораниннің мәлімдемесі тарап кеткен еді. Онда шаңғышы «тыйым салынған препараттарды қабылдауға әрекеттенгенін, алайда олай істемегенін» айтқан болатын. Ал австриялық БАҚ шаңғышының допинг қолданғаны туралы айыпты мойнына алғанын хабарлады. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі кеше жасаған мәлімдемесінде спортшының Германияның Мюнхен қаласынан Мәскеуге ұшып кеткенін айтқан.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШАҢҒЫШЫ ПОЛТОРАНИН ТҮРМЕГЕ ЖАБЫЛУЫ МҮМКІН

Бір күн бұрын шаңғышы отандық Informburo.kz сайтының тілшісіне жағдай туралы сұхбат берген.

«Мен өмірімде ешқашан допинг пайдаланып көрмеппін. Тек әлем чемпионаты кезінде тыйым салынған препаратты пайдалануға деген ынта болды, бірақ қуанышқа қарай мен мұны істеген жоқпын. Мен тек еліме жеңіс сыйлап, жанкүйерлерімді қуантқым келді. Өткен жағдайға байланысты өкініш білдіріп, елімнен, халқымнан, спорт сүйер азаматтардан кешірім сұраймын» делінген сұхбат барысында.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: