КАРТОП ӨСІРУДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ НЕ?

619
0
Бөлісу:

Халқымызда нан – ас атасы болса, картоп анасы саналған. Картоп –азықты өнімдердің ішіндегі ең қажеттісі әрі кең таралған крахмалды дақыл. Орта есеппен алғанда, елімізде  бір адам жылына шамамен 120-130 келі картоп тұтынады екен. Осыған қарап оның «екінші нан» аталуы бекер емес деген ойға келесің.     

Негізінен картоптың отаны – Оңтүстік Америка. Алайда бүгінде картоп дақылын егуден алдына ешқандай ел салмай отырған – Қытай. Бұл ел бір жылда ша­мамен 95 млн тонна картоп өнімін жинайды. Ал Ресей, Үндістан, Украина, АҚШ, Гер­мания, Франция, Польша, Нидерланды, Беларусь – картоп егуден үздік ондыққа кіретін елдер тізімінде. Аталған шаруашылық Қыр­ғызстан, Пәкістан елдерінде де дамып келеді. Күннің қатты ыс­тық болуына байланысты картоп өсіру тиімсіз болып келген Өзбек­стан да қазіргі таңда Самарқандта картоп дақылын егуді қолға алып жатыр.
Қазақстанда картоп егуден Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары белсенділік танытып келеді. Жалпы, елімізде жылына шамамен 180-200 мың гектарға картоп егіледі. Ал одан 3,5-4 млн тонна өнім жиналады.
– Картоп – берекелі дақыл. Өзіміздің ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Бірақ қазіргі таңда әлеуеті­мізді толықтай пайдалана алмай отырмыз. Иран, Ресей, Қытай, Нидерланды т.б. елдерден картоп өнімі келеді. Көбіне тұқымдық картоп аламыз. Дегенмен им­портқа тәуелді емеспіз. Мәселен, өткен жылы Өзбекстанға 100 мың тонна картоп экспорттадық. Кар­топ шаруашылығындағы бірқатар мәселе шешімін тапса, деңгейіміз әлемнің дамыған елдерімен теңесер еді, – дейді Қазақ жеміс-көкөніс шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары, Phd докторы Біржан Сұлтанұлы.
Оның айтуынша, елімізде бір гектарға егілген картоп дақылы­нан шамамен 17-18 тонна өнім алынады. Әлемде гектарынан
40 тонна өнім жинап отырған елдер бар екенін ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл қуантпайды. Ал ғылыми деректер бойынша, гектарынан 100 тоннаға дейін өнім алуға болатыны мәлім.
Біздегі негізгі мәселе – үлкен шаруашылықтардың аздығы болып отыр. Статистикалық мәліметке сүйенсек, шаруа­шы­лықтың 7-8 пайызы үлкен шаруа­шылықтарға тиесілі екен. Басым бөлігі – үй маңындағы ұсақ шаруашылықтар. Мамандардың айтуынша, картоп өсірудегі шы­ғынның 40 пайызы егу материал­дарына жұмсалады. Сондықтан 100 гектарға жетпеген шаруашы­лық шығынды ақтамауы мүмкін.
– Ұсақ шаруашылықтар кәсіби маманды жұмысқа алмайтыны белгілі. Картоп еккен соң оны тұрақты қоректендіріп, жақсы күтім жасау керек. Елімізде кар­топ шаруашылығының қыр-сырын меңгерген кәсіби маман тапшы. Үй маңына еккен шаруа­лар көп дүниені ескере бермеуі мүмкін. Бұл әлбетте, өнім сапа­сына әсер етеді. Кейбірі сақтауға, тасуға жарамай жатады, – дейді Біржан Сұлтанұлы.
Жасыратыны жоқ, еліміздегі тұтынушылар көбіне сырты жыл­тыраған шетелдік өнімге аңсары ауып, сатып алуға асығып жатады. Қанша дегенмен шеттен келген өнім сатуға ыңғайлы етіп өн­дірі­леді емес пе?! Ал отандық өнімнің көрінісі көз тартып тұрмағанымен, жеуге ыңғайлы әрі салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, әлдеқайда сапалы екенін мамандар растап отыр.
Елімізде картоп өнімін сақ­тайтын қоймалардың аздығы да шаруашылықтың ілгерілеуіне кері әсер етіп жатыр. Тіпті санау­лы қоймалардың кейбірі лайықты жабдықталмаған. Мамандар заманауи қойма салуға шамамен 3-5 млрд теңге қаржы жұмсалаты­нын айтады. Орташа есеппен ал­ғанда, картоп дақы­лының піс­кен түйнегінде 15-18 пайыз крах­мал, 0,5-1,5 пайыз қант болады. Бір таңғаларлық қасиеті – оның құрамындағы крахмал қантқа, ал қант қайтадан крахмалға ауыса алады. Мәселен, сақтау темпе­ратурасы 30 градус­тан төмендеген кезде, крахмал қантқа айналса, температураны жоғары көтерген кезде қант қайта крахмалға ай­налады. Нәтижесінде өнімнің дәмі өз­геріп, түйнектері қарая бастайды. Бұдан соң, әрине шығын көлемі ұлғая түседі. Мамандардың ай­туынша, 85-93% ауа ылғал­ды­лығында сақталған картоп бұзыл­майды.
Мол өнім алудың бірден-бір жолы сапалы тұқым екені сөзсіз. Сондықтан шаруалар тұқымдық материалды таңдауға баса назар аударады. Өйткені сапасыз түйнектен жақсы өнім ала алмай­сыз. Ресми дерек бойынша, елімізде тұқым өндіретін небәрі 20 шақты шаруашылық бар. Әрине, бұл – өте аз. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, отандық ға­лымдар бүгінде картоптың 100-ге жуық сұрпын ойлап тауып, оның 48 түрін пайдалануға берген. Жалпы, алқа тұқымдасына жа­татын картоп дақылының бүгінде шамамен 150-ге жуық түрі белгілі болған.
– Картопты өңдеу де – бүгінгі өзекті мәселенің бірі. Әлемде алынған өнімнің 30-40 пайызын өңдеп жатқан елдер бар. Біз бір жылда жиналған 3,5- 4 млн тонна өнімнің бір пайызын ғана өңдеп жатырмыз. Елімізде фри дайын­дайтын зауыт салынайын деп жатыр. Осындай игі бастама қолға алынса, олқылықтың орны толар еді, – дейді Біржан Сұлтанұлы.
Өскеменнен 45 шақырым жердегі Ізғұтты Айтықов ауылы­ның тұрғыны Мұхтарбек Қам­барұлы картоп өсірумен бала кезден айналысып келеді. Ри­зығын жерден тапқан диқан жылда үй ауласындағы 20 соттық жерге картоп дақылын егеді.
– Жерім жақсы, топырағы құнарлы. 1 қаптан 6 қаптай өнім шығады. Өнімді өткізуде еш қиындық көріп отырған жоқпын, талап алып кетеді. Сапалы өнім жинау үшін тыңайтқыш төгіп, тұқым ауыстырып отырамын. Қазір картоп көп. Оңтүстіктен, Павлодардан әкелініп жатыр. Күзде баға түсіп кетеді. Сондықтан ерте, яғни 60 күнде пісетін картоп егемін. Тамыз айында пісу керек. Сол кезде сатқан тиімдірек. Егу жұмысына мамыр айынан бастап кірісейін деп отырмын, – дейді Мұхтарбек Рамазанов. Шаруа Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдарымен ақылдаса отырып, тек отандық тұқым түрлерін сатып алады екен.
Сөз түйіні, ұшса құстың қана­ты, шапса тұлпардың тұяғы та­латын кең байтақ жері бар елі­міздің картоп егуде үздік он­дыққа кіретін мүмкіндігі мол. Ол үшін аталған шаруашы­лық­тағы келелі мәселелер шешімін табуы тиіс.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: