ҮШ ТІЛ және ҮШ жыл

833
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы NUR OTAN партиясының съезінде елімізде жүргізіліп жатқан үштілділік саясатын жүргізу барысында орын алған олқылықтарға көңілі толмайтынын жеткізді. Партия Төрағасының пікірінше, ұстаздарға үш айда ағылшын тілін меңгеру қиынға соғады. Бұл мәселе ата-аналардың ғана емес, сонымен қатар ұстаздардың да көңіліне қонбайтын нәрсе еді.

Бірден ашып айтайық: бала­сы­ның бір емес, бірнеше тілді жетік меңгеруіне әр ата-ана қуанбаса, ренжімейді; қазақ атаулы кез келген тілді тез меңге­руге икемді; ұрпағының сауатты болып өсуін армандамайтын адам жоқ.
Әлемдік бәсеке жағдайында кез келген қазақ баласы өз өмі­рін­де жаһанданудың жойқын толқынына тап болмай тұрмайды. Бір емес, бірнеше тілді білу – ар­тықшылық. Бұл – заман талабы.
«Үштілділік саясатын бір­тіндеп енгізуіміз керек. Бала­лар­дың болашағын ойлауымыз ке­рек. Әр азамат өзінің ана тілі – қазақ тілін, сосын орыс тілін, әлемнің тілі – ағылшын тілін білу керек. Бірақ ол жұмыс бірден атқарылмайды ғой? Ертең бар да, тілді меңгеріп ал деген жоқ қой? Алдымен педагогтарға ағылшын тілін үйретуіміз керек. Физика, химиядан сабақ беретін ұстаздар қалай аз уақытта ағылшынды меңгеріп алады? Ал біздің ми­нистрлік аз уақытта үйреніп ал, сосын ағылшынша сабақ бер деген талап қойған. Ал оқытты дейік, сондай үш айлық курста математика мұғалімі ағылшынды үйреніп алады деп ойлайсыздар ма? Осыған кеткен қыруар қара­жатты айтсаңыздаршы?», – деді Президент.
Тіл үйренушілер жақсы біледі: қалаған тілді мейлінше меңгеру үшін өмір бойы оқып, үйрену қажет; ал енді өзінің ана тілінде физика, химия, биология сияқты пәндерді әзер дегенде меңгеріп, күнделікті сабағын әупірімдеп өткізетін мұғалім үш айлық тілдік курстан өте салып, қалайша ағылшын тілінде сабақ береді? Ағылшын тілін тереңдетіп оқи­тын мектептерден өткен адам­дардың өзі үйренген мүлтіксіз тілін қолдану үшін талай уақытын сарп етеді.
Бұрынғы Білім және ғылым министрі басшылыққа келе сала мектептерде пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деген бастама көтерді. Бұл реформаны толық жүзеге асыру үшін кем дегенде 10 жыл уақыт керек болатын. Белгіленген мақсатқа сатылап жету қажет еді. «Шаш ал десе, бас алатын» әсіре науқаншылдық тәп-тәуір ниетті шалағай шаруаға айналдырды. Үш тұғырлы тіл саясатын дереу жүзеге асыра са­ламыз деген науқаншылдыққа үш жыл уақыт кетті. Қаншама ұс­таздың жүйкесі босқа жұқарды. Кеткен қаражаттың есебін алып жатқан да ешкім жоқ.
Алдымен ана тілін – Қа­зақстанның мем­лекеттік тілін толық меңгеру басты басымдық болуы тиіс. Әзірше мемлекеттік тіл мәшине­нің қосалқы дөңгелегі тәрізді жағдайда тұр. Елбасы ескерт­песінен кейін жағдай түзелсе, жақсы. Түзелмесе ше?!.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: