ТҮРКІСТАНДА АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

84
0
Бөлісу:

Түркістан қаласында Алғыс айту күніне орай депортация жылдары Қазақстанға тағдыр тәлкегімен қоныс аударған этностардың өткені мен бүгіні жайында арнайы ұйымдастырған көрме өтті. Шарада этномәдени орталық өкілдері депортация жылдары қолдау көрсетіп, қорған болған қазақ халқына алғыс айтты. Сонымен қатар, сол күні Ясауи кесенесінің іргесіндегі «Арбатта» ұйымдастырылған «Ұлттық қолөнер – Ұлы мұра» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі «Есімхан» алаңында концерттік бағдарламаларға жалғасты. Мұндай шаралар аудандар мен қалаларда да ұйымдастырылған.

Елімізге депортация жылдары көшіп келген түрлі этностардың қатысумен өткен тағылымды шаралар барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Мәдениет орталығына жиналған көпшілік әр ұлттың ұлттық киімдерімен және мәдени өмірімен танысты.

Іс-шара Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстелмен жалғасты.  Оған Түркістан облысынан сайланған Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестіктер мен олардың жастар қанаты жетекшілері, облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім, Аналар кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, маңыздылығына кеңінен тоқталып өтті.

– Алғыс айту күнін тарихқа тағзым ету күні деп түсінгеніміз жөн – деген Мәлік Нұржанұлы Түркістан облысынан сайланған ассамблея мүшелеріне куәліктер тапсырды.

Этномәдени орталық өкілдері депортация жылдары қолдау көрсетіп, қорған болған қазақ халқына алғыс айтты.

Облыстық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Бациев мемлекет пен өңірдің дамуы жолында үлес қосатындығын жеткізсе, облыстық түрік этномәдени бірлестігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рейхан Алайбекова ешуақытта қазақ халқының қамқорлығы ұмытылмайтынын айтты.

Жиын соңында депортациялық саясаттың салдары мен күштеп қоныс аударылған азаматтар туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шаралар барысында  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенттерінің арасында  эссе жазу байқауы, мектептерде депортация жылдары Қазақстанға тағдыр тәлкегімен қоныс аударған этнос ұрпақтарының қатысуымен ашық сабақтар өтті.

 

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ҰЛЫ МҰРА

Ясауи кесенесінің іргесіндегі «Арбат» алаңында «Ұлттық қолөнер – Ұлы мұра» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі  өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында  ұйымдастырылған іс-шараға қатысушылар «Ұлы даланың мұрасы» атты қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін тамашалады.

Көрменің басты  мақсаты –   ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды  қолөнершілерді анықтау. Сонымен қатар аймақта туризмді дамытуға ықпал ету. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту.

Мерекенің негізгі бөлігі «Есімхан» алаңында жалғасты. Онда  «Ұлттық қолөнер» шеберлерінің еңбегін сипаттайтын бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, БАҚ өкілдері, көрме қонақтары мен барлық аудан, қаладан  қолөнер шеберлері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жұртшылықты Алғыс айту күнімен және қолөнер шеберлерінің көрмесінің ашылуымен құттықтады

Қолөнер көрмесінде зергерлік бұйымдар, керамика, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу, тоқыма, киіз басу және өзге де салалар бойынша үздік атанған шеберлерге арнайы диплом мен  сыйлықтар тапсырылды. Көрме соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Тельман БЕЙСЕНОВ,
Түркістан облысы

Бөлісу: