Түркістандық нұротандықтардың қатары толықты

635
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалында партияға 20 жыл толуына орай бірқатар шаралар өтті. Атап айтқанда, 1-Наурыз «Партия күніне» орай партияға мүшелікке салтанатты қабылдау, бірқатар зейнеткерлерді зейнетке шығарып салу, филиал ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттау рәсімдері болып, соңы ағаш отырғызу шараларына ұласты.

Түркістан қаласындағы «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының мәжіліс залында өткен шараны партия филилы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов ашып, жүргізді.
Партияның ардагерлері мен жас қызметкерлері бас қосқан жиын барысында Нұрмахан Миятұлы күні кеше ғана Астана төрінде партияның 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі жайлы айтып берді.
– Ең алдымен сіздерді жыл мерзіміндегі шуақты көктем мезгілінің алғашқы күнімен, мейірімділік пен ыстық ықыласы, құрметі мен ізеті қатар аталатын алғашқы мереке «Алғыс айту» күнімен және барша нұротандықтар мен «Нұр Отан» партиясы жақтаушыларын оның құрылуының 20 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – кезекті тарихи меже ғана емес, Тәуелсіз Қазақстан жылнамасының маңызды белесі, – деген Н. Жолдасов партияның 20 жылдық тарихындағы елеулі оқиғаларды атап, партияның осы жылдар ішінде жеткен жетістіктерін айтып берді.


Мемлекет басшысының ұсынысымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын айтқан бірінші орынбасар:
– Ең бастысы, жастардың наза­рын құндылықтарға аударуымыз керек, себебі, жастар бүгінгі таңда мате­риал­дық құндылықтарға көбі­рек мән беретін болды. Жастар­ды азаматтық, қоғамдық жұмыстарға тартуымыз керек. Ең маңыздысы, жастардың өз құқы үшін күресе алатындай мүмкіндік қарастыру. Себебі, бүгінде жастар жұмыс іздемейді, жұмыс тауып бер деп отырады. Өзіне сенбейтін жас көп. Бұл жақсы тенденция емес. Себебі еліміздегі жастардың саны 4 миллионның төңірегінде. Жұмыс­­қа қабілетті адамдардың тең жарты­сын жастар құрайды.  Жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек, – деді.
Сондай-ақ Н. Жодасовтың айтуынша, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы тек жаңа жыл мерекесінде ғана емес, барлық мемлекеттік мерекелер күні «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында өз ардагерлерін құттықтап отыратын болады.
Жалпы Түркістан облысы бойынша  қазіргі таңда 255 бастауыш партия ұйымы мен 88 мыңнан астам партия мүшелері  бар екенін айтқан Нұрмахан Миятұлы өткізіліп жатқан жиынға аудандағы өзінің жұмысымен жақсы көрсеткішке қол жеткізіп жүрген жастармен белсенді азаматтарды салтанатты партияға қабылдау іс-шарасына шақырғанын айтып, оларға жаңа партиялық билеттерін табыстады. Сондай-ақ зейнеткерлікке шыққан Арыс, Мақтаарал, Сайрам аудандық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары мен тағы басқа белсенділерді құттықтап, Алғыс хаттар беріп, иықтарына шапан жабу рәсімін өткізді.
Сөз алған партия ардагерлері құттықтауларын жеткізіп, партияның үлкен белестерді бағындырған өткенін қозғады және болашағына сенім білдіріп, жастарды мемлекет үшін аянай еңбек етуге және отанымыздың патриоты болуға шақырды.
Жиында сондай-ақ, партияға жаңадан кірген партия мүшелері де өздерінің алғыстарын жеткізді.


Шараның соңы бірінші орынбасардың өзі бас болып, аулада көшеттер отырғызумен жалғасты.

Тельман БЕЙСЕНОВ,
Түркістан облысы

Бөлісу: