Қазақстанның ғарыштық байланысына – 15 жыл!

781
0
Бөлісу:

Наурыз айының 18 жұлдызында «Республикалық ғарыштық байланыс орталығының» («РҒБО», авт.) құрылғанына 15 жыл толады. Осыған орай астаналық журналистер орталыққа арнайы бас сұғып, атқарылған жұмыспен танысып шықты.

Бүгінде ғарыштық байланыс орталығы «KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс спутниктерін штаттық пайдалануды қамтамасыз етуде. Ғарыш аппараттарын басқару Ақмола облысындағы негізгі жерүсті кешені – «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығынан және Алматы облысындағы «Көктерек» резервтік орталығынан жүргізіледі.

Қазіргі таңда «KazSat-2» спутнигінің ресурсын жалға беру бойынша қызметтер 12 қазақстандық ұйымға ұсынылды. Өткен жылы аталған спутниктің жұмысы кәсіпорынға 2,1 млрд теңге көлемінде табыс әкелді. Биылғы жоспарда бұл сома 2,2 млрд теңгеге дейін артуы күтілуде.

«KazSat-3» спутнигінің ресурстары 9 қазақстандық ұйымға – байланыс және хабар тарату операторларына жалға беріледі. Өткен жылғы табыс 3,3 млрд теңгені көрсетті. Биылғы табыс 4 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда.

 

«KazSat-2» және «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутнигі 2011 және 2014 жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұлттық ғарыштық жүйені дамыту мақсатында ұшырылды.

«РҒБО» спутниктерді топтастыру және ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуде. «KazSat-2R» ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру» жобасын іске асыру басталды. Жоба «Инвестициялық ұсынысты» келісу кезеңінен өтті.

Асқар Бек.
Фото: Айтжан Мұрзанов

Бөлісу: