ТҮСІНІСТІК ТЕТІГІ

549
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» деген тақырыппен өткен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІ сессиясында барлық ұлттың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітуді ұсынған болатын. 1 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Сонымен қатар еліміздегі ең үлкен саяси күш – Nur Otan партиясының құрылған күні.

2016 жылы Елбасы Жарлы­ғымен күнтізбеге енгізілген 1 наурыз – Алғыс айту күні ретін­де қалыптасып үлгерді. Прези­дент Қазақстанға күштеп жер ау­дарыл­ғандарды «Саманнан жа­салған екі бөлмелі там үйде тұр­ған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөл­менің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды – киімдері жыр­тылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отба­сыда өмір сүрді, жұмыс істей бас­тады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның бала­ларымен дос болдым» деп қалай қабылдап алғанын еске алған еді.
Бұл күннің мағынасы мен мәні терең. «Қазақ халқына ал­ғысын білдіріп жатқан әрбір ұлт өкілдеріне біз де алғысымызды ай­тамыз. Осындай ұлан-ғайыр жерді, осындай елді бізге мирас қылып тапсырған, қан төгіп жер­ді алып қалған ата-бабалары­мыз­ға да бүгін алғысымызды айта­мыз», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл – тағдыр тәлкегімен Қа­зақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың мил­лиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ хал­қына терең тағзымының белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда елімізге жер ауып келген этнос өкілдерін бауырына басты, олардың басына түскен ауырт­палықты қайыспай бірге көтере білді, көмек көрсетті. Бұл еліміз­дегі бүгінгі тұрақтылық пен бей­біт­шілік, республикамызды ме­кен­деп жатқан басқа ұлттардың мемлекетқұраушы ұлтқа ризалық белгісі, бұл үрдіс қазір бауырлық пен ынтымақтың нышанына айналды.
Кезінде Америка құрлығын басып алған ағылшындар үндіс­терді аяусыз қырып салған.
Бірақ кейін өздері сол үндістердің арқа­сында аман қалғанын мойын­дады. Америкаға келген алғашқы ағылшын губернаторы У.Брэдфорд 1621 жылы 90 үндіс пен тайпалардың көсемін жинап, оларға рақметін жаудырып, Ал­ғыс айту күнін белгілепті.
1948 жы­лы Екінші Дүниежүзілік соғыста жеңілген жапондықтар 23 қарашасын «Еңбек күні» немесе Алғыс айту мерекесі деп жариялаған. Игіліктің еңбек арқылы келетінін осылай әспет­теген екен.
Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық – ең алдымен қазақ халқының арқасы. «Бір ел – бір тағдыр» дегенде мемлекет құрау­шы ұлттың айналасына топтасу мәселесін күшейту ойға түседі. Қазақстандағы ұлт пен ұлысты бір-біріне барынша жақындас­тыратын бір-ақ тетік бар. Бұл – мемлекеттік тіл. Бүкіл қазақстан­дықтардың бір-біріне деген дос­тығы мен бауырмалдығы тек мемлекеттік тіл арқылы ғана шы­райлана алады. Қазақ тілі – «түсінікті тілге» айналғанда ғана түгел түсінісе аламыз!

Бөлісу: