БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ – ҮНЕМІ БАҚЫЛАУДА

301
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованы қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Есеп комитетінің 2018 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев Есеп ко­мите­тінің тарапынан бюджет қара­жатына үнемі бақылау жүргізудің және оның тиімді игерілуіне мұқият талдау жасау­дың маңыздылығын атап өтті.
– Есеп комитетінің негізгі міндеті – мемлекеттік бюджеттің тиімді жұмса­луын қадағалау. Сіздердің алдарыңызда бақы­лау ісінен аудитке көшуге байла­нысты жаңа міндеттер тұр, – деді Елбасы.
Есеп комитетінің төрайымы респуб­ликалық бюджеттің тиімді жұмсалуына аудит жүргізу барысы және осы саладағы әлемдік тәжірибені зерттеу нәтижелері жөнінде мәлімдеді.
– Тиімділік аудитіне көшу жұмыс­тарын жалғастыра береміз. Былтыр жалпы сомасы 430 миллиард теңге қара­жатқа байланысты тәртіп бұзушылық анықталды. Егер бухгалтерлік есепсіз нақты қаржылық тәртіп бұзушылықты алсақ, оның мөлшері 16 миллиард тең­ге­ні құрап отыр. Бұл көрсеткіш 2017 жы­лы 70 миллиард теңге болған еді. Осы­лайша, қаржылық тәртіптің жақсара түскені байқалады, – деді Н.Годунова.
Есеп комитетінің төрайымы мемле­кет­тік және салалық бағдарламалар бюджетінің тиімділігіне жүргізілген бағалау нәтижелері жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ жалпы экономикалық және қаржылық жоспарлау сапасын арттыру үшін Үкіметпен бірлесіп қабыл­даған шаралар туралы баяндады.
Кездесу соңында Мемлекет бас­шысы Есеп комитетіне Nur Otan пар­тия­сының XVIII съезінде мәлімделген әлеуметтік бағдарламалар мен баста­малардың жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.

Бөлісу: