Сайлауды бақылап қайтты

302
0
Бөлісу:

Сенат төрағасының орынбасары Б.Бекназаров Молдовадағы сайлау қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын­да сөз сөйледі. Кишиневте Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының халықара­лық байқаушылар миссиясы ұйымдастырған ақпарат құралдары өкілде­рімен кездесу Молдованың ХХІ шақырылған Парла­ментіне жексенбіде өткен сайлауға арналды.

Онда сондай-ақ Молдовадағы республикалық кеңесу рефе­рен­думына мониторинг жүргі­зудің қорытындылары жария етілді. Байқаушылардың байламы бо­йынша сайлау «заңға сәйкес ашық, бәсекелестік тұрғысында және айқын болды». Молдова Ор­талық сайлау комиссиясының дауыс беруге әзірлігі мен оны өткізу жөніндегі кәсіби жұмы­­сы ерекше атап өтілді. Барлығы
2143 сайлау учаскесі, оның ішінде 123-і – шетелде ұйым­дастырылды.
ТМД Парламентаралық ассамблеясының байқаушылар тобының үйлестірушісі, Қа­зақ­стан Сенаты төрағасының ор­ынбасары Бектас Бекназаровтың айтуынша, дауыс беру кезінде ТМД ПАА байқаушылары Ки­ши­невте, Бельцыде, Гагаузия автоно­миялық аумақтық құры­лымы мен елдің 6 өңіріндегі 100-ге жуық сайлау учаскесінде болды.
– Біз парламенттік сайлау Молдованың сайлау заңнамасы мен халықаралық сайлау стан­дарттарына сәйкес өтті деп са­наймыз. Дауыс берген күні Мол­дова республикасының бұқа­ралық ақпарат құралдары сайлау науқанының бар ауқымын бел­сенді түрде қамтығанына куә болдық. Сайлау учаскелеріне барған кезде байқаушыларымыз жекелеген ескертулер жасады, бірақ олар өте сирек болды. Біздің пікірімізше, олар дауыс берудің нәтижелеріне әсер етпейді, – деп түйді Бектас Бекназаров.
Үйлестірушінің мәліметінше, Қазақстан, Әзірбайжан, Арме­ния, Беларусь, Қырғызстан, Ре­сей жә­не Тәжікстан өкілдерінен тұ­ра­тын ТМД ПАА-ның барлық бай­қау­шыларынан құралған мо­ни­то­ринг тобының қорытындысы бір­ауыз­дан мақұлданып, қол қойылды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: