Әлеуметтік жағдай жасау – негізгі міндет

Әли БЕКТАЕВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар
партиясының төрағасы, сенатор:
– Негізгі бастамалардың көпшілігі ауыл тұрғындарына арналған. Себебі, ең бірінші әлеуметтік қолдауға қатысты, көпбалалы аналарға көрсетілетін көмек түрлері нақтыланды. Көпшілігі ауылда тұрады. Елбасы көпбалалы аналарға арналған көмекті көбейту туралы нақты тапсырма берді. Оларға берілетін әлеуметтік көмек тағы да 30 пайызға көбейеді. Әр балаға жеке есептеледі. Атаулы әлеуметтік көмек отбасындағы бала санына қарай төленеді. Халық санын көбейту мәселесін ойланғанымыз дұрыс. Жас отбасыларға мемлекет тарапынан арнайы қолдау көрсетіледі.
Сондай-ақ ауылдың инфрақұрылымын дамыту мәселесі де айтылды. Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына сай ауылды дамыту өте маңызды. Әрі бұл – бүгінгі айтылған ең үлкен тарихи шешімдердің бірі. Сондықтан «Ауыл» партиясының төрағасы ретінде Nur Otan партиясының съезіндегі қабылданған бастамалардың барлығын қолдаймын. Себебі, мұның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға тікелей қатысты. Әсіресе, халқымыздың әлеуетін арттыруға, әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал етеді.
Ең негізгі мәселе – ауылды сақтап қалу мәселесі. Қазіргі уақытта 7 мыңнан астам ауылда инфрақұрылымды дамытып, халықты тұрақтандыру өзекті. Ауыл тұрғындары қалаға көше бермей, туған жерінде еңбек етсе екен. Әсіресе, Елбасы жастарды жұмыспен қамту мәселесін орынды көтерді. Бүгінгі таңда жастарды жұмыспен қамту үшін жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Ауылды біз, негізінен, экономиканың негізгі драйверіне айналады деп отырмыз. Ауылда атқарылар жұмыс көп. Мәселен, ауылшаруашылық өнімдерінің
29 пайызы ғана қайта өңделеді. Оны қайта өңдейтін кәсіпорындар құруға көп уақыт, қыруар қаражат керек. Егер сол кәсіпорындар ашылса, жұмыс орны көбейеді.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Мәжіліс депутаты,
генерал-лейтенант:
– Бұл съезд – ел үшін тарихи оқиға. Nur Otan-ның 20 жылда жеткен жетістіктері жетерлік. Алда атқарылатын жұмыс да көп. Елбасы съезде халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керек екенін жақсы айтты. Ел экономикасын дамыту үшін халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсаруы тиіс. Жастар жылында оларға қолдау көрсетілсе екен. Арнайы оқу гранттарының санын көбейту, жатақханамен қамтамасыз ету, тіл үйренуге мүмкіндік жасау, спорт үйірмелерінің бағасын қолжетімді ету, бұқаралық спортты дамыту арқылы жастардың денсаулығын жақсарта аламыз. Осы орайда, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу маңызды. Елдің ертеңі – жастар. Сондықтан жастарға өнер, білім, спорт, ғылымды дамытуға жағдай жасалғаны жөн.
Хангелді ӘБЖАНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Біз күрделі, жауапты сәтте жиынға келіп отырмыз. Өйткені алдағы он жылдықтағы дамудың бағыт-бағдарын айқындадық. Съезд басты мәселелерді көтеріп отыр. Әлеуметтік модернизация, жастар мәселесі, сапалы білім беру – экономикалық проблемадан да өзекті. Бұл мәселелерді бұған дейін съезд қарсаңында талқыланды. Біздің қоғамға бір серпіліс керек екені, әлеуметтік мәселелерді жылдамдатып жүйелі түрде орындау керегі айтылды. Енді соны сапалы әрі нәтижелі орындау міндет. Әйтпесе, Қазақстан «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген бағытты ұстанды. Қазір экономика да, саясат та, бәрі әлеуметтік мәселенің алдында екінші орынға ысырылуы керек. Халықтың көңіл күйі, тұрмыс жағдайы жақсы болмаса, «экономика дамиды» дегенге ешкім иланбайды. Съезде халықтың тұрмысын жақсарту туралы жан-жақты айтылды.
Біз жасампаздықпен жұмыс істейтін белеске шығып отырмыз. Барлық игі шаруа Қазақстанның келешегі үшін іске асады. Бұл жолы бұған дейінгі тәжірибемізді ескеріп, нәтижелі жұмыс істегеніміз орынды.
Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,
Олимпиада чемпионы, кәсіпкер:
– Съезде Елбасы елде болып жатқан өзгерістерге жеке-жеке тоқталды. Ел экономикасын көтеру керек екенін, әсіресе, халықтың әлеуметтік-тұрмысын арттыру керек екенін баса айтты. Біз қазіргі уақытта өркендеуге қадам басқан елміз. Егер бәріміз жұмыла жұмыс істесек біз алмайтын қамал жоқ. Елдегі өзекті мәселелер оңтайлы шешімін табады деп сенемін. Әлеуетімізді арттыру, жастарға жағдай жасау – негізгі міндетіміз. Елбасы сенім артқан, ел үміт күткен жастар, өз саласында үздік болуы керек. Мемлекеттің әлеуетін көтеру ауызбіршілігі мықты елдің ғана қолынан келеді.
Спорт саласы да өркендесе деп тілеймін. Соңымыздан ерген кейінгі толқыннан үлкен үміт күтемін. Елдің абыройын асқақтататын – жастар. Қазақстанды өркендету келешек ұрпақтың қолында. Елбасының съездегі берген тапсырмасын орындау – табысқа жеткізеді.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:
– Съезде халықтың көптен күткен мәселесі айтылды. Әсіресе, қоғамдағы кейбір жағдайларды тезірек жөнге келтірген дұрыс. Жастар, көпбалалы аналар мәселесі де ұдайы назарда болуы тиіс. Елбасы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әлеуметтік бағдарламалар аясында атқарылатын жобаларды тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Съездегі тапсырмалар орындалса, көп мәселе шешімін табады. Елбасы нәтижелі жұмыс істеу керегін айтты. Жастарға үміт артамын. Олардың болашағы жарқын болса, ел ертеңі де жақсарады. Келер күннен күтеріміз көп. Nur Otan съезінің шешімдері де жақын арада іске асады деп сенемін.
Жастардың баспанасыз жүргені мемлекетке сын. Баспанамен қамту мәселесін жедел түрде шешуіміз керек. Жер мен үйді жалға берсе де, шетелдің тәжірибесіне сүйеніп, біздің елде бұл мәселені шешуге толықтай мүмкіндік бар. Жастарды баспанасыз қалдыруға болмайды. Бұдан бұлай жетім балалардың қатарын азайтуымыз қажет. Егер елдегі өзекті мәселелер шемін тапса, қоғам да түзеледі.
Жандос ҚАЛТАЕВ,
Шымкент қалалық Отбасы, балалар, жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы:
– Көп жақсы бастама айтылды. Өңірлік дамуға ерекше назар аударылғаны ерекше қуантты. Президент 40 мың пәтер салуды тапсырды. Қазір аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналардың баспана мұқтаждығы мәселесін барын білесіздер. Бұл тұста пәтердің жалдамалы екенін, сатылмайтынын және жекеменшікке берілмейтінін ескеру қажет. Басқа қалаға қоныс аударған жағдайда, пәтерді өткізіп, оны келесі өңірден алу мүмкіндігі болады. Осы арқылы халықтың экономикалық белсенділігі мен мобильділігіне әсер етуге болады. Партияның жиырма жылдық тарихында әлеуметтік салаға бет бұруы – құптарлық әрекет. «Елдің мұң-мұқтажын тыңдау үшін әкімдер жылына бір рет емес, үнемі халықпен кездесу ұйымдастырып тұруы қажет» деген жақсы пікір айтылды. Шымкент қаласында бұл тәжірибе жақсы жұмыс істеп тұр. Қала әкімі әр жұма күні сағат 16:00-18:00 аралығында алдын ала электронды тіркеуден өткен азаматтарды кез келген мәселе бойынша қабылдайды. Шымкент қаласындағы төрт ауданның әкімі халықты күнде таңғы 9:00-10:00 аралығында қабылдайды.
Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚ,
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы:
– Nur Otan бағдарламасында шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 40 пайызға көтеру көрсетілген. Бұл бағытта партия Үкіметпен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмыс істейді. Қызылорда облысында өткен жылы шағын несиелендіруге 4,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1 млрд теңге Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы берілді. Екінші деңгейлі банктерден несие алу үшін құнды кепілзат болуы керек. Ауылдық өңірде бизнес бастағысы келетін азаматтардың көбінде ондай мүмкіндік жоқ. Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы қыштан салынған үйлерді де кепілге ала береді. Қызылорда облысы жаңа кәсіпкерлікті іске қосу және жұмыс істеп тұрған бизнестің дамуы бойынша Қазақстанда көш бастап тұр. 2018 жылдың қаңтар айы мен 2019 жылдың сәйкес уақыты аралығында өңірдегі кәсіпкерлер саны 11,3 пайызға өскен. Облыстық мәслихат, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалы бірігіп, жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылын ұйымдастыру туралы ұйғарымға келді. Жыл басынан бері жергілікті кәсіпкерлерді «Атамекен сервиске» тіркеу үшін сауалнама жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде, Қызылорда аймағында 42 342 жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектісі бар екені анықталды. Бизнес өкілдерінің жұмысымен танысып, қолдау көрсетіп, сұрақтары мен мәселелерін тыңдауды қолға алдық. Жинақталған сұрақтарды жергілікті және республикалық деңгейде шешуге атсалысамыз.
Алина СОЛОВЬЕВА,
Шымкент қаласындағы №1 мектептің биология пәнінің мұғалімі, Nur Otan партиясының мүшесі:
– Nur Otan партиясының бағдарламасы Президент Жолдауында аталған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Қазірдің өзінде өңірлерде қолға алынған істерге куә болып отырмыз. Мәселен, Шымкент қаласында коммуналдық төлем 10 пайызға төмендеді. Халықтың 30 пайызы спортпен белсенді айналысады, балалар алаңы салынып, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті. Жергілікті әкімдік 200-ге жуық кәсіпорында жалақыны көтеру туралы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп жатыр. Съезден жалпы бағдарламаның әр аймақ, әр ауылда орындалуын күтемін. Өзіме ерекше ұнағаны – Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлгісін жалпыға ортақ білім беру мектептеріне енгізу процесі аяқталғаннан кейін, білім беру жүйесін реформалау аяқталатыны туралы жаңалық. Білім беру жүйесіне өзгерту мен толықтыру енгізуді 1986 жылдан бері жалғастырып келеміз. Бұл процестің логикалық соңғы нүктесі болуы керек. Бір саланы үздіксіз қайта өңдеуден өткізе беруге болмайды. Бір нәтижеге келіп, оның жемісін көретін уақыт жетті деп ойлаймын.
Ләззат ҚАЛТАЕВА,
Алматы қалалық мәслихатының депутаты:
– Бағдарламаның ерекше назар аударуды қажет ететін тұсы – әлеуметтік саясатпен тікелей байланысты. Алматы қаласында егде жастағы азаматтарға арналған белсенді өмірді насихаттайтын бағдарлама бар. Өткен жылдан бастап жүргізілген іс-шаралар легі осындай қоғамдық істердің аса қажет екенін дәлелдеді. Алдағы уақытта «Бақытты отбасы» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының жұмысының нәтижелерімен таныс боласыздар. Ең бастысы, бұл шаралар есеп үшін жасалатын формалды жоба емес. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттік қызметке тұрып, азаматтық қоғамға етене араласа бастады. Ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында басшылық қызметтер де бар. Өзімнің жұмыс бағытым белсенді әлеуметтік саясат саласы болғандықтан, партия бағдарламасының осыған қатысты белгілеген міндеттерін жылы қабылдадым. Саяси бірлестік қоғаммен қатар жүріп, оның талап-тілегін уақытылы ескеріп отыруы қажет. Nur Otan партиясының рөлі мен салмағын түсіну үшін біздің бір отырысымызға қатысып көрген дұрыс. Онда азаматтардың жобаларды қалай талқылайтынын, оны жетілдіру барысында қызу таласқа түсетінін көрсеңіз ғой! Бұл партия мүшелерінің халықтың жағдайына немқұрайлы қарамайтын белсенді азаматтар екенін көрсетеді. Партияда бизнес, халық, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Олардың бірлесіп жұмыс істеуі партия бағдарламасын орындауға үлкен үлес қосады деп ойлаймын.
Дінмұхаммед ДІЛМҰРАТҰЛЫ,
кәсіпкер, бастауыш партия ұйымының төрағасы:
– Біздің кәсіпорындағы бастауыш партия ұйымы 700 қызметкердің басын біріктіреді. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында жеке тұрғын үй салу, пәтер сатып алу, өзге отбасылық жағдайлар бойынша 5-6 жылға пайызсыз несие береміз. Зауытқа жаңадан қабылданған жастарды тәжірибелі мамандардың жанына қосып, кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасаймыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап 10 жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Шартты жауапқа тартылған 15 азамат зауытқа жоғары жалақымен жұмысқа тұрды. Материалдық жағдайы төмен түлектерге грант тағайындауды қолға алдық. Осыған дейін жеке қордан біздің бастауыш партия ұйымы 35 млн теңгені қайырымдылық мақсатқа жұмсады. Кәсіпкер ретінде менің қоғамдық миссиям елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу екенін түсінемін. Жастар жылы деп жарияланған уақыт бастамашыл, идеясы мен ұстанымы айқын азаматтарға жетістікке жол ашатынына сенемін. Nur Otan партиясының съезі осы міндеттерді жүйелеп, болашақ бағдарымызды анықтауға жақсы мүмкіндік болды.
Алма ЕРГЕБАЙҚЫЗЫ,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты:
– Білім саласына 30 жыл өмірін арнаған азамат ретінде мені жастарға бағытталған бағдарламалар қуантады. Қазір жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы оқытудың барлық сатысына (балабақша, мектеп, орта және техникалық білім беру мекемелері, жоғары оқу орны) енгізіледі. Білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қашықтан оқыту, онлайн дәріс жобасы жолға қойылып келеді. Уақыт талабына сай маман дайындау үшін мемлекеттік бағдарламалар мен жаңашылдықтардың әр білім алушыға жетуін қадағалау керек. Жұмыссыздық мәселесімен күресте білім беру ұйымдарының жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істеуі маңызды. Президент тапсырмасымен, «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында өңірлерде бастапқы жарнаға жергілікті органдар тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Съезде осыған дейін аталған міндеттер жіктеліп, талдап түсіндірілді.
2019 жылдың қаңтар айынан бастап университеттер жаңа формадағы тіркеуден өтіп жатыр. Енді жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам болады. Білім беру мекемелері оқытумен ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен және оны өндіріспен байланыстырумен айналысатын болады. Бакалавр дәрежесінде оқу бағдарламасының 70 пайызын, магистратурада 85 пайызын оқу орны қалауы бойынша жасақтай алады. Бұл – өңірлердегі ерекшелік пен белгілі аймаққа қажет мамандарды даярлау үшін жасалып отырған шара. Бұрын мамандық классификаторы болса, қазір педагогикалық, техникалық, ауылшаруашылық деген сияқты бағыт бар. Әр университет өз өңіріндегі сұранысты ескеріп, осы бағыттар бойынша оқу бағдарламасын бекітеді. Президенттің өзі университет жұмысының нәтижесін бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу деңгейіне қарап бағалау керегін айтты.