Мадам Тюссо музейін ашуға не кедергі? (фото, видео)

784
0
Бөлісу:

Силиконнан мүсін жасайтындар санаулы-ақ. Олай дейтін себебіміз, мүсін өнерін менсінбеу әлі де бар. Қолөнер бұйымдарының қымбаттығы жиі айтылса да, себебіне үңілетіндер сирек.

Еуропа, Азия, Америкада бар музей Қазақстанда да ашылса, музейдің төрінен орын алатын тұлғалар бізде де жетерлік. «100 жаңа есімнің» жеңімпазы, гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбеттің табанды еңбегін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Себебі, насихаты кемшін.

 

«Астана мюзикл» театрының гримері Айдостың тұңғыш туындысы – «Барак Обама». Ол Арқалықтағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың түлегі. «Бейнелеу өнері мен сызу» мамандығын тәмамдаған. Қылқалам шебері силиконнан мүсін жасауды Мадам Тюссо музейіне қарап, қолға алған. Оның болашақта «Қазақстанда силиконнан жасалған мүсіндер музейін ашсам» деген мақсаты бар.

 

Айдостың шеберханасынан бұған дейін жасаған АҚШ-тың 44-президенті Барак Обама, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін көрдік. Төрткүл дүниені мойындатқан боксшы Геннадий Головкиннің мүсінін бір-екі айда аяқтамақ.

 

 

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі тапсырыспен тарихи мүсіндер жасатқан екен. Еліміздің Тұңғыш Президентінің Қорғаныс министрін тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған сәті бейнеленген. Тәуелсіз елдің тұңғыш Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовты мүсіндеген. Әскери-тарихи музейге қойылған.

 

Қажымай, талмай еңбек етіп жүрген Айдостың арманы – Қазақстанда Мадам тюссо музейін ашу. Оны саясаткер, өнер адамдары, спортшылар секілді ең танымал адамдарды әр сала бойынша топтастырып жасақтау.

«Мұндай музей көршілес Қытайда да бар. Кино, спорт, өнер арқылы әлемге танылған атақты адамдардың мүсінін силиконнан «орнатқан». Сол арқылы өз мәдениетін, киносы мен әдебиетін насихаттап отыр. Біз де осындай музей ашсақ, біздің де әлемді мойындатқан майталмандармен мақтанар едік. Әрі атақты адамдардың силикон мүсінін тамашалауға келетіндердің қатары көбейеді. Музейді тамашалауға халықтың ықыласы артар еді. Шетелде тарихын, әдебиетін, шежіресін музейде сан түрлі әдіспен «сөйлетуге» шебер. Мүсіндер музейін ашу біздің де қолымыздан келеді», – дейді  Айдос Есмағамбет.

Мүсіншінің айтуынша, силикон мүсін жасаудың қыр-сырын меңгерген мамандар да тапшы. «Шетелде бір бейнені жасау үшін 15-20 адам бірлесіп жұмыс істейді. Тіпті, әйгілі әншілерді арнайы шақырып, жүздесіп, бітім болмысын өлшеп-пішіп алады. Бізде де сондай мүмкіндік болса екен. Мысалы, Геннадий Головкинді интернеттегі суретін планшеттен қарап сомдаймын. Видеосын мұқият қарап шықтым. Жүзбе-жүз жүздессем, мүсіндеу де оңай болар ма еді?» дейді Айдос Есмағамбет.

Бір мүсінді толық аяқтау үшін шамамен 5-6 айдан бір жылға дейін уақыт кетеді.

Мүсінге қажетті силиконды Америкадан арнайы тапсырыспен алдырады. Мұхит асып келетін шикізаттың бағасы да қымбат. Бір мүсіннің силиконына шамамен, жарты миллион теңгеге жуық қаржы кетеді екен. Одан бөлек, мүсіншінің табанды еңбегін қосқанда бір мүсіннің өзі қомақты қаржы тұрады. Е рекше өнердің насихаты аз болғандықтан, тапсырыс берушілердің қарасы көп емес. Мадам Тюссо музейі біздің елде де ашылса, силиконнан мүсін жасауды дамытуға жол ашылар еді.

Майра БАҚЫТ

Фото: 1. Айтжан Мұрзанов.  2.Айдос Есмағамбеттің жеке архивінен

 

Бөлісу: